Абай болыңыз: интернет алаяқтар Избранное

Пятница, 09 Апрель 2021 03:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2144 раз

Цифрлы дәуір, заманауи технология. Соны жетістіктер адамзатқа қызмет етіп келе жатқаны қашан. Әсіресе, 2020 жылғы пандемия кезіндегі шектеулер кезінде қашықтан тауар алып, онлайн сауда жасау көлемі еселеп артты. Дегенмен, таяқтың екі ұшы болатынын ұдайы есте сақтап жүруіміз керек.

604

 


Бұл ой неден шықты? Әлеуметтік желідегі таныстар чатында бір жігіт алаяқпен хат алмасуының скринімен бөлісті. Жиі қолданылатын сайттағы телефон сату хабарландыруы бойынша хабарласқан әлдебіреу ары-бері алдаусыратып көріпті. Сондағысы ақшасын алдын ала төлеп, телефонды жеткізу қызметімен алдырмақ. Ол үшін сілтеме жіберіп, соған өтуді сұраныпты. Бірақ, интернет алаяқтықтан хабары бар жерлесіміз сыр бермеген. Сол-ақ екен, чаттағы бірнеше қатысушы да жақын күндері осындай жағдайға тап болғандарын жеткізген. Бір қызығы, екі адамға бір нөмірден жазылған. Яғни, алаяқ нөмірін ауыстыруды ойлап та жатпай, құнды заттар сатып отырған адамдармен шетінен хабарласып келе жатыр деген сөз.
Қазіргі таңда жалпы алаяқтық, оның ішінде интернет алаяқтық қылмысы өршіп тұр. Телефонның арғы жағында отырып-ақ опық жегізіп кеткісі келетіндер көбейді. Және әдістері де күн сайын құбылып отырады. Соның негізгілеріне тоқталып өтсек.
Ең көп тарағаны – сату-сатып алу сайтына қойған дүниеңізді алыстан ақшасын төлеп, жеткізу қызметімен аламын деушілер. Олар майда тілмен сенімге кіріп, басқа қаладан хабарласып тұрғанын, тауарды келіп көрмей-ақ, ақшасын төлеп, сатып алатынын айтады. Келіспей жатып ақшаны аударып жібергенін, енді оны өзіңізге алу үшін сілтемеге кіру керегін айтып, сілтеме жібереді. Міне, осы тұста әңгімені шорт кесу керек. Себебі, аударылған ақша бірден шотымызға түсетіні белгілі. Ал оны алу үшін күмәнді сілтемеге өтсек, карточканың 12 нөмірімен қоса жарамды мерзімі, аты-жөніңіз бен сыртындағы cvv кодты енгізуді сұрайды. Ақша сол кезде түседі-міс. Ешуақытта олай істеуге болмайды!
Соңғы кезде жиілеп кеткен алдау әдісінің бірі – телефонға банк қызметкерінің атынан
қоңырау шалушылар. Олар бастырмалата, өзіне сенімді сөйлеп, белгілі бір банктің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырады. Сол сәтте сіздің атыңыздан басқа біреу несие ірі сомаға рәсімдеп жатқанын, алдын алу мақсатында ақшаны резерв шотқа аудару керек екенін айтады. Ол үшін «Телефоныңызға смс-код барады, соны маған қазір айтыңыз» дейді. Тағы да stop! Дәл осы сәтке жеткенде телефон тұтқасын тастай салыңыз. Ары қарайғы әңгіме бос әрі сіздің қаржыңыз үшін қауіпті болуы мүмкін. Себебі, банктің нағыз қызметкерлері ЕШҚАШАН смс-кодты сұратпайды. Айта кету керек, расында, біреудің атынан біреу білдірмей несие алып, тақырға отырғызып кету жағдайлары кездесіп тұратыны да таңсық емес. Одан сақтанам десеңіз, әр банктің көпшілікке белгілі call-орталығына қоңырау шалған жөн.
Алаяқтар неліктен смс-код сұрайды? Негізінен, мобильді банкинг жүйесіндегі сіздің жеке кабинетіңізге кіру үшін. Мобильді қосымшаға кіретін құпия сөзді кейде ұмытып қалатынымыз бар. Сол кезде не істейміз? Қосымшаға кіріп, телефон нөмірімізді теріп,
«Парольді ұмыттым» батырмасын басамыз. Сізге хабарласып тұрған алаяқтар да дәл осы функцияны қолданбақ болады. Оларға сіздің телефон нөміріңіз белгілі, ендігі қалғаны – парольді ұмытқан кезде жаңалау үшін қажет смс-код. Сіз пароліңізді ұмытпадыңыз, жайбарақат отырған сәтте сырттан біреу сол қызметті пайдаланып, сізді алдаусыратып отырып, смс-кодты біліп алғысы келеді. Себебі, смс-код келетін нөмір тек сізде. Ол смс-ті бердім дегенше алаяқтар бірден жеке кабинетіңізге кіріп, бар ақшаны өздеріне аударып алады.
Жалпы, мобильді банкинге қатысты мәліметтер алаяқтардың қолына қалай түседі? Ол енді өз алдына бөлек әңгіме. Цифрлы заманда адамдар туралы цифрлы мәліметтер сатылатын немесе ұрланатын құнды ақпаратқа айналғаны қашан. Суық қолдылар адамдардың ЖСН, телефон нөмірін, аты-жөнін, аккаунттары мен басқа да мәліметтерін іздеп жүріп жинайды, сатып алады, ұрлайды. Түрлі әлеуметтік желі, платформалар, сайттар мен мобильді қосымшаларға кіреміз, қолданамыз. Сол кезде қалдырған мәліметтеріміз бен парольдерімізге аса мұқият болып, екінші біреуге білдіруге болмайды. Осының барлығын мұқият жинастырған алаяқтарға «құрбаны» туралы басқа мәліметтер белгілі болып, енді телефонына келетін смс-код қана қажет болады. Осыдан келіп сізге телефон шалады...
Кейде өзіміздің жеке мәліметімізді өзіміз байқамай жариялап қоятынымыз да бар. Мысалы, әлеуметтік желіде қайырымдылық мақсатта қаржы жинамақ болып, жеке картамыздың суретін саламыз. Киберқауіпсіздік мамандарының айтуынша, бұл – өрескел қате. Себебі, банк карточкасынан ақша ұрлау үшін алаяққа бірнеше мәлімет қажет. Олар – карточканың 12 цифры, жарамдылық мерзімі мен иесінің аты-жөні және, ең бастысы – картаның сыртындағы cvv-код. Ал картаның суретін салғанда бетіндегі 12 цифр, аты-жөні мен мен жарамдылық мерзімі бірден жария болады. Енді сыртындағы cvv-код белгілі болса, түрлі интернет-дүкендер мен сайттарға картаның мәліметтерін толтырып, ақша жарата беруге болады. Ол үшін картаның өзі қажет те емес.
Телефон арқылы ақша ұрлағысы келетіндер кейде қоңырау шалмай, тек смс-хабарлама жіберуі мүмкін. Ол күнде қолданып жүрген банктің атынан келетін смс-ке өте ұқсас. Тек мұқият қарасаңыз, банктің немесе сайттың атының бір ғана символы немесе әрпі өзгерген. Яғни, жалған. Асығыс кезде оны көбіміз аңғармай, смс-тегі сілтемені басып кеп жібереміз. Бұл – фишинг шабуылдың бір түрі. Сілтемеге өту арқылы смартфондағы барлық жеке мәліметтер екінші біреудің қолына түседі.
Сілтеме дегеннен шығады, ондай қауіпті сілтемелер уотсап арқылы да өте көп тарауда. Түрлі топтарда отырғанда сол жерге біреуден сілтеме келетіні есіңізде ме? Оны сол адам жіберді екен демеңіз. Күмәнді сілтемеге өткен соң вирус сол адамның контактілерінің барлығына автоматты түрде тарайды. Бұрын осы арқылы вирус жұқтырып алудан қауіптенсек, енді ол жайына қалып, ақшамыздан айрылып қалмауды ойлау қажет. Сондықтан, қай жақтан келсе де кез келген сілтемеге өте беруге болмайтынын есте сақтаңыз.
Сонымен, алаяқтар кімдер?
Бұрынғыдай үй-үйді аралап, алдайтындар азайғандай болғанымен, енді телефонмен-ақ жер сипатып кететіндер көбейіп тұр. Олар, жоғарыда айтқандай, әр адамның жеке мәліметтеріне түрлі жолмен қол жеткізіп, соны өз мақсатына пайдаланатындар. Ең қиыны – мұндай алаяқтардың түрін көріп, түстемегеннен кейін, қолға түсіру қиын болып тұр. Соны сезсе керек, былтырдан бері алаяқтар айылын жимай, көбейіп кетті. Мұны құзырлы орган өкілдері де нақтылап отыр.
– 2015-2018 жылдар аралығында Шымкент қаласында тіркелген алаяқтық қылмыс саны төмендеп келіп, ал 2019 жылдан бүгінгі таңға дейін көбеюде. Мысалы, 2020 жылы жалпы 3446 алаяқтық қылмыс тіркелсе, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 29 пайызға артық. Биылғы үш айдағы тіркелген алаяқтық қылмыс саны да 2020 жылдың тиісті мерзіміне қарағанда 29 пайызға көп. Олардың басым көпшілігі ішкі істер органдарында тіркелген, – дейді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Шымкент қаласы бойынша басқармасының аға прокуроры Ақтоты Айменова.
Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, алаяқтарға көбінесе егде кісілер кісілер алдануда. Әсіресе, құқықтық сауаты төмен азаматтарға қиын. Сондықтан, тәртіп сақшылары әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде жиі-жиі алаяқтықтан сақтану хабарландыруларын жариялап, ескерту роликтерін таратуда. Ал тұрғындар өзінің жеке мәліметтеріне мұқият болып, ешкімге айтпағаны дұрыс.

Последнее изменение Пятница, 09 Апрель 2021 03:46
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.