Версия для печати

Түркі әлемі ынтымақтастығының болашағы жарқын Избранное

Пятница, 02 Апрель 2021 04:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3652 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті, бүгінгі саммит «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болды.

560

 

Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің онлайн режимде өткен бейресми саммитінде ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев осылай деді. Мемлекет басшысы ашып, жүргізіп отырған басқосуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан Президенттері мен Венгрия премьер-министрі және Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы қатысты.
Саммитте сөз алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесуді барша түркі халықтарының киелі мекені – Түркістан қаласында өткізу жоспарланғанын, алайда соңғы уақытта көптеген халықаралық іс-шаралар эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн режимде өтіп жатқанын айтты.

– Бүгінгі басқосуымыз «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбымен өтеді. 2018 жылы облыс орталығы Шымкент қаласынан Түркістанға көшіріліп, сол уақыттан тұтас өлкенің жаңа тарихы басталды.
Екі жыл ішінде қала түбегейлі өзгерді, бұл жұмыс әлі де жалғаса береді. Қаланың келешек архитектуралық келбетін қалыптастырғанда, әлбетте, тарихи сабақтастық сақталады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті бейресми саммит Түркі кеңесіне мүше бауырлас елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев пандемия кезеңіндегі қиындықтарға қарамай түркі елдері бірлігін сақтап қалғанын атап өтті.

562


– Менің ұсынысым бойынша «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты дер кезінде әзірленді деп есептеймін. Бұл құжатты биыл күзде Түркияда өтетін кезекті саммитте қабылдаймыз. Бакудегі саммитте Кеңесті Ұйым деңгейіне көтеруді ұсынған болатынмын. Сол маңызды ұсынысты қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін, – деді Елбасы.
Соңында Елбасы түркі елдерінің көшбасшыларын ортақ мейрам Наурызбен құттықтап, бауырлас халықтарға тыныштық пен игілік тіледі.
Саммиттте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырдан бері бүкіл әлем теңдессіз сын-қатерлермен күресіп келе жатқанына тоқталып, осындай күрделі кезеңде түркі әлемі елдері бірлесіп атқарылуы тиіс жұмыстарды атап көрсетті.
– Індетті тоқтатудың бірден-бір жолы – азаматтарымызды вакцинамен жаппай қамтамасыз ету екені айдан анық. Біздің елдеріміз де екпе шығаруды қолға алды. Ортақ мүддеге сай тәжірибе бөлісіп, бір-бірімізді қолдауымыз қажет деп санаймын. Өкінішке қарай, халықаралық қауымдастық пандемияға қарсы күрес кезінде тұтасып әрекет ете алмады. Осы күрделі кезеңде денсаулық сақтау және биоқауіпсіздік мәселесінің маңызы арта түсті. Бұл ретте, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында Қазақстан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтергені белгілі. Сіздер осы тың идеяны қолдайсыздар деп сенемін. Агенттік болашақта биологиялық қатердің алдын алуға және қауіпті дерт бойынша мәлімет алмасуға мүмкіндік берері сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы пандемия бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа әкеп соқтырғанын, індеттің салдарынан өзара сауда айналымы азайып кеткенін жеткізді. Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр 11,2 пайызға төмендеген.
– Сондықтан, біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты міндеттің бірі. Осы орайда, тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.
Қ.Тоқаев трансшекаралық өзендерді тиімді әрі әділ пайдалану – өңірдегі тұрақтылық кепілі екенін айтып, көршілес елдермен бірлесе гидроқұрылымдар салу жобаларына атсалысуға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру, білім беру саласындағы ынтымақтастық пен гуманитарлық-академиялық ықпалдастықты нығайту және Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық Кеңесін Ұйым деңгейіне көтеру мәселелерін сөз етті.
Айта кетейік, саммит қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.