Аманатқа адалдық немесе зауытта сақталған тастұғыр Избранное

Пятница, 19 Март 2021 04:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5058 раз

Тар заманның зауалына тап болып, қысқа ғұмырдан дәнедей қызық көрмей өткен Турағұл 1934 жылы Шымкенттегі қызы Мәкеннің қолында фәни дүниемен қош айтысты. Ащы тағдыры күрмеулі болса да, дәуірлердің өзін бас идірген тұлғалардың отын өшірмеу біздің азаматтық борышымыз емес пе?! Шындығын айтқанда Турағұл Ибраһимұлы жайлы былтырғы жылдан бері қатты ойланып, толғанып келемін. Жұмыр басты пенденің де пешенеге жазғаннан қашып құтыла алмасы ақиқат. Бақиға аттанса да Турағұлдың жыры ешқашан өшпек емес.

409

 

Мүрдесі туралы осы күнге дейін көп айтылып та, жазылып та келеді. Тіпті бір абайтанушылар тұлғаның сүйегі қорғасын зауытының астында деп жаңсақ пікір айтса, бір тобы «ХимФарм» зауытының астында қалып қойды деген тұжырымдар жылдар бойы айтылып келеді. Бұл мақаланы жазуымның да басты себебі – осы бір таласқа нүкте қою. Турағұл марқұмның дүние салар сәтінде жанында болып, өз қолымен жөнелткен қызы Мәкен апаның ауызекі естелігін хатқа түсірген едік. Сол естелігінде: «…Ағамның өзім басында отырдым, 1934 жылы 6 наурыз күні менің қолымда қайтыс болды. Бір күні мен ағамның ауыр жағдайда жатқанын көріп, үстіне құладым:
– Аға сен де кетейін деп жатсың ба? – деп егілдім.
Сол кезде жерде жатқан менің басымды көтеріп алып:
– Сен мені өлмесін дегенің қарғағаның ғой. Мен сенің қолыңда өліп алайын деп жатырмын, шырағым. Егер де сенің қолыңда өлмесем, онда мен түрмеде өлем, – деді.
– Ойбай, ағатай-ау, ол не дегенің? – деп едім.
– Оны мен саған қазір ұқтыруға халім келмейді, мұның бәрін себебін кейін білесің – деді де, басқа ештеңе айтпады». Міне, осыдан кейін перзенті Мәкен апаның қолында соқтықпалы соқпақсыз ғұмыр кешкен Тураш мәңгілік мекеніне аттанып кете барады. Осы бір мәселе ұзақ уақыттан бері қатты мазалағаннан болар, ауыр ойлардың салдарынан тіпті ұйқыдан арылған күндерім де болды. Ниетімде Турағұл туралы зерттеп, бір нәтижеге жетуден артық өзге ойдың нышаны да болмады. Бірақ не таба аламыз? Бір мәліметке қол жеткізу дегенің – аспаннан айды алумен бірдей ғой. Ең болмағанда қаламыздың бір жерінен Турағұл Ибраһимұлының еңселі ескерткіші бой көтерсе деген ой да маза бермейді. Ескерткіш дегендей былтырғы жылы қаламызға Турағұлды зерттеу мақсатымен Абай елінен арнайы экспедиция келген. Бұл экспедиция мен оның құрамы жайында журналист Мөлдір Кенжебай: «экспедицияның Шымшаһарға сапарының мақсаты – Тұрағұл Абайұлының жерленген жерін анықтап, басына ескерткіш-белгі орнатып, айналасын абаттандыру және Тұрағұлға қатысты тың деректерді табу екен. Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айдар Қадыров бастаған экспедиция құрамында тарих және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Еркін Рахметуллин де бар», – дейді. Алайда, экспедиция мүшелерінің ғылыми ізденісі бүкіләлемдік пандемияның салдарынан нәтижесіз аяқталады.

410


Осы мәселелердің бәрін жан-жақты сана сүзгісінен өткізгеннен кейін университетіміздің жанынан құрылған «Саналы ұрпақ» клубының жетекшісі Сакен Сағындық есімді жігітпен бірлесіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Турағұлға ауқымды зерттеу жүргізейік деген ниетпен арнайы жобаны қолға алдық. Бұл жобамыз БАҚ өкілдерінің қатысумен «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу» орталығында сәтті өтті. Жобамызды қолдап, өткізуге ықпал жасаған университетіміздегі Әлеуметтік жұмыс және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Сәкен Мәжінбеков ағамыздың ұйытқы болуымен Турағұлды ізерлеп, зерттеп жүрген Шымкент қалалық «Саяси қуғын-сүргін құрбандар» музейі директорының орынбасары Гүлмира Серікбаева мен тұлға туралы арнайы мақала жазған «Шымкент келбеті» газетінің журналисі Мөлдір Кенжебай сынды қаламгер-зерттеушілерді құрметті қонақ ретінде шақырып Алаш зиялысы хақында ауқымды сұхбат жасадық. Негізгі мақсат – ғылыми жұмыс жүргізе отырып, қаламыздан Турағұлға арналған бір ескерткіш бой көтерсе деген ниет болатын. Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы, абайтанушы, ұстазым Ақжол Қалшабек ғалым ретінде бұл мәселеге ат үсті қарауға болмайтынын айтып, зерттеу жұмыстарын жүргізу керектігін ескерткен болатын. «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығында өткен Турағұлға байланысты жиын «Айғақ» қоғамдық-телеарнасы арқылы халыққа жол тартты. Дәл осы мәселеден кейін «Химфарм» акционерлік қоғамының әкімшілік менеджері Бекен Жақыпбеков пен компания қызметкері Аян Тоқсанбаев есімді ағаларымыз маған қоңырау шалып, зауыттың аталмыш бөлімінде тоқсаныншы жылдардан бері Абай ұрпақтарының есімі жазылған ерекше мемориалды тақтаның сақталып тұрғанын айтып хабарласты. Иә, бұл қандай тақта, оның тарихы қандай? Ендігі әңгіменің ауанын сонда қарай бұралық.
1994-1995 жылдары «Химфарм» зауытына кірген Мәкен апа бұл туралы өзінің әңгімесінде: «Мен Абайдың немересімін дегеннен кейін әлгі байғұс балдар мені зауытқа кіргізді. Шымкентте Әубәкір (Ақылбайдың ұлы), ағам (әкесі – Т.Ибраһимұлы), Әубәкірдің әйелі (Камалия), Микайлдің әйелі (Дәмежан) жатыр. Сол төртеуіне тас қоймақшы болдым. Өткен-кеткен әлгі тасқа Абайдың ұрпағы деп қарайды ғой», - дейді. Міне, перзенттің тілегі қабыл болып, сол кездегі мекеме басшылығы қаржы бөлдіріп, Шымкентте жерленген Абай ұрпақтарының есімі жазылған арнайы мемориалды тақтаны жасап шығады. Ал бұл тақта мәселесі бізге бүгінгі күнге дейін беймәлім болып келген ерекше уақиға. Бұл тақтада хакім Абайдың:

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек,
деген өлеңімен қоса «Абай Құнанбаевтың Шымкент қаласында жерленген үрім-бұтағы:» орысша мәтінде: «Родственники Абая Кунанбаева похороненные в городе Шымкенте:» деп, оған қоса 4 адамның есімі қай жылы, қай жерде жерленгендері қазақ-орыс тілдерінде қашап жазылған. Олар:
Тұрағұл Абайұлы – Әйгерімнен туған. 1934 ж. ХФЗ аймағы.
Келіндері: Дәмежан – Микайлдің әйелі. 1960 ж. Шұқырсай.
Камалия – Әубәкірдің әйелі. 1962 ж. Қасқа зираты.
Немересі: Әубәкір – Ақылбайдың ұлы. 1933 ж. Көксай
Турагул Абайулы – сын Айгерим. 1934 г. Р-Н ХФЗ.
Жены сыновей: Дамежан – жена Микайла. 1960 г. Шукырсай.
Камалия – жена Аубакира. 1962г. К-ше Каска.
Внук: Аубакир – сын Акылбая. 1933 г. Коксай.
Міне, өздеріңіз көргендей тастұғырдағы мәтін осылай берілген. Ал Турағұлдың осы күнге дейін айтылып жүрген, сүйегі зауыт астында қалған деген деректер тізбегі де шындыққа мүлдем жанаспайды. Бұлай дейтініміз ұстазым Ақжол Батырұлымен бірге осы мәселені анықтап көріп, сол жердің тұрғылықты адамдарынан сұрап көргенімізде зауыттың орнында өткен ғасырларда ешқандай зират болмағанын алға тартты. Ал тақтада қашалып жазылған Абай ұрпақтары мен жерленген жерлері, тіпті ұлы ақынның өлеңіне дейін Мәкен Турағұлқызы берген деректер негізінде жазылған. Яғни мәрмәртастағы «зауыттың астында» емес, керісінше «аймағында» деп жазылған. Бұл деген – зират сол төңіректерде болған болуы мүмкін. Өйткені сол маңда орналасқан Әубәкірдің әйелі Камалия жерленген «Қасқа» зираты да өткен ғасырда «Химфарм» зауытының аймағы болып табылған. Зауыт орнында ешқандай зират болмағанын, керісінше ол мекеменің 1880 жылдары салынған деп Турағұл туралы мақала жазған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің журналисі Лаура Тастанбектің: «Зауыттың мұрағатындағы тарихи құжаттармен танысқанымыздай, өндіріс орнының іргесі он тоғызыншы ғасырдың соңында, 1885 жылы қаланыпты. Ал, 1925 жылы 3 маусымда Шымкент сантонин зауыты алғашқы мемлекеттік химия-фармацевтика зауыты болып қайта құрылады. Тұрағұл ағамыз 1934 жылы қайтыс болған. Демек, тұлғаның топырағы зауыт астында қалды деген сөз шындыққа жанаспайды», - деген дәлелі орынды.
Зауыт маңайындағы тұрғындар сөзі мен мекеменің салыну мерзімі дерек ретінде бір-бірмен талассыз сәйкестік табады. Бұл деген мәрмәртастағы жазылған «ХФЗ аймағы» деген сөз, «мәйіт зауыттың астында қалып қойды» дегенді білдірмейді. Керісінше, сол маңайда болуы мүмкін деген емеурін. Біз осы уақытқа дейін Турағұл – зауыт астында қалып қойды деген жалған сеніммен өмір сүріп келдік. Енді ол сенімнен арылатын уақыт жетті ғой деп ойлаймын. Асан қайғыша айтқанда, таза мінсіз асыл тас, су түбінде жатпайды. Түбінде шындықтың ашылары сөзсіз. Тураш дүниеден өтерде қызы Мәкенге: «...Қажы ағаң мен Микайылды қай жазығы үшін атыпты? Зият пен Бердеш Қытай кетті тентіреп. Ахат ағаң айдауда жүр. Жебрайыл Ташкенде өлді. Сонда бұлардың жазығы не? Сен мұны қазір түсінбегеніңмен, артынан ұғасың. Жылама, балам. Азды-көпті болсын 59 жас жасадым, жақсы-жаманды көрдім. Жалғыз тұяқ Алпашым, екеуің аман болыңдар. Дүние жолдас болмайтынына көз жетті ғой, бірақ өлмейтін қазына - өнер мен білім. Алпашты оқытыңдар. Өзіңе аманатым - әкеңнің, Абайдың бүкіл әндерін, жалғыз ол кісінікін ғана емес, атылып кеткен қажы ағаңның, Мұхаметжан ағаңның, Ағашаяқтың әндерін, бүкіл Сарыарқа – Шыңғыс өңірінің өз құлағыңа сіңген өнерін сақтап қал. Нағыз өнер заманға бағынбайды, түптің түбінде қазаққа қазына болып қайта оралады. Сол күн туа қалғанда іздеп таппай қалмасын мына қалың елің... Мұхтарға да осыны айтқайсың. Енді мен армансыз өлемін. Мен десең – жылама, қайта «әкемді қолымнан жөнелттірген Аллаға ризамын» де», – деп өсиет қалдырыпты. Сөздің астарына үңілсеңіз Турағұл тек Мәкенге ғана емес, Мұхтарға да аманат қалдырып бара жатқандай. «Химфарм» компаниясы сол Мәкен апамызға және де күллі Алаш жұртының аманатына қиянат жасамай заңғар жазушының есімін иеленіп отырған, қазақ ғылымының қара шаңырағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне сол мемориалды тақтаны өткізуі дәп бір Турағұл аманатының орындалып тұрғанындай бізге ерекше әсер қалдырды. Турағұл атамыз манағы айтқандай: «нағыз өнер заманға бағынбайды, түптің түбінде қазаққа қазына болып қайта оралады», - деген ұлы арманы бүгінде жүзеге асуда.
Алаштың келешегін ойлап, Мұхтарға да демеу бола білген Тұраш туралы Т. Жұртбай: «...жиырма жасар Мұхтар «Еңлік-Кебек» арқылы әдебиет тарихына енді. Мұны сол күні Ойқұдықта спектакльді қызыға көргендер де, «аруақты аталарына» тіл тигізгеніне намыстанып, дау-жанжал шығарып, қамшымен жер сабап кеткендер де толық сезіне қойған жоқ. Тек Тұрағұл ғана: «Мұхтар, жолыңды енді таптың. Тізгініңді қатты ұста. Айрылма», – деп Мұхаңның руханият сапарынан оң нәтиже күтетінін аңғарған да нақ осы Турағұл болатын. Сөз соңында Ахаңша (А. Байтұрсынов) айтар болсақ:

Мен өлсем де өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа немді алар өлім менен?!
Өлген күні апарып тығары – көр,
Мен жоқ болман көміліп тәнімменен.
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындай мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін.

Қош, бақиға аттанған біртуар жандардың мүрдесін бай-байға салынып іздеп кету де мұсылмандығымызға сын болар. Абай атқандай, «Тағдырға тәбділ жоқ, Сабыр қылсақ керек-ті». Әлбетте, табылып жатса құба-құп. Алайда олар мәңгіге кетсе де, оларды танып, зерттеп, зерделейтін біздер бар да, Қазақ бар да марқұмдардың аты ешқашан өшпек емес.
Болар ұлын – батырым, өткірін – өжетім деп биікке көтерген асқар таудан биік, жұлдыздан жарық болған бабалардың топырағы торқа, жатқан жерлері жайлы, ләйім алдары пейіш болғай!

Әзімхан ИСАБЕК,
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Мұхтартану» ғылыми орталығының жоғары білікті маманы, гуманитарлық ғылым магистрі

(Жалғасы келесі санда)

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.