СЫНАҚҚА ТОЛЫ БІР ЖЫЛ Избранное

Пятница, 12 Март 2021 04:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4522 раз

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында коронавирус пандемиясының басталғанына бір жыл толғанын еске салған жазбасын жариялады.

240

 

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бір жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның басталғанын жариялады. Содан бері Қазақстан бүкіл әлеммен бірге көптеген қиындықты бастан өткерді. Мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін пәрменді шаралар қабылдады. Төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған тұрғындарға қаржылай және басқа да көмек берілді. Біз береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында өршіген індетті еңсердік» деп жазды.
Расында, наурыздан наурызға дейінгі бір жыл еліміз үшін күрделі сынақтарға толы болды. Қатерлі індеттің кесірінен қаншама азаматтарымыздан мезгілсіз айырылып қалдық. Пандемия ұлттық экономикаға орасан зор зиянын тигізді. Өндіріс пен кәсіпкерлік жұмысын тоқтатып, жұмыссыздық көбейді. Мектептер мен оқу орындары қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Карантин отандық денсаулық сақтау жүйесі үшін де үлкен сынақ болды. Осындай күрделі ахуалға қарамастан еліміз бұл қиындықтарды ынтымақ-бірліктің арқасында еңсеріп келеді.

Мәселен, карантин кезінде «Біз біргеміз» қоғамдық қоры құрылып, Қазақстанда 655 мың аз қамтылған отбасы көмек алды. Оның 41 мыңы Шымкент қаласының тұрғындары еді. Президенттің тапсырмасы бойынша, мемлекет төтенше жағдай кезінде кірісін уақытша жоғалтқан азаматтарға қолдау көрсетті. Бір ғана Шымкент қаласының өзінде бірінші кезеңде 285 мыңнан астам адамға, екінші кезеңде 143 мыңнан астам азаматқа ең төменгі жалақы мөлшерінде (42 500 теңге) көмек берілді. Қысылтаяң шақта 28 мыңнан астам азаматтың коммуналдық шығыны мемлекеттік бюджеттен өтелді. Шымкент қаласы бойынша 26 мыңнан астам кәсіпкер мүлік және табыс салықтарынан босатылды. Тағы 1 482 кәсіпкердің 13 млрд.теңге несие төлемдері кейінге шегерілді. Осының бәрі отандық бизнесті біржола тұралап қалудан аман алып қалғаны сөзсіз.
Әлемді жайлаған вируспен күрестің алғы шебінде дәрігерлер мен медбикелер жүргеніне ел куә. Оған қоса полиция, төтенше жағдайлар қызметкерлері мен әскерилер де уақытпен санаспай жұмыс істеді. Осы азаматтардың белсенділігінің, өз кәсібіне адалдығы мен отаншылдығының арқасында індет уақтылы ауыздықталып, қаншама адамдардың өмірі мен денсаулығы қорғалды. Мемлекет өз тарапынан індетпен күрескен медицина қызметкерлеріне түрлі өтемдер мен төлем-ақылар төленді.
Қысқа мерзімде короновирус жұқтырған науқастарға арналған 200 орынды заманауи инфекциялық аурухананың салынуы, «Қазмедприбор» компаниясымен бірлесіп жасанды тыныс алу аппараттарының өндіріле бастауы, мұның бәрі пандемия кезінде атқарылған ауқымды істердің бір парасы ғана.
Бүгінде вирустың таралуы азайып, індеттің беті біршама қайтты. Адамдар біртіндеп қалыпты өмір салтына орала бастады. Бір жағынан қауіпті дертке қарсы вакцияналау жұмыстары тұрақты әрі қарқынды түрде жүргізілуде. Дегенмен, әлі де сақтық шараларын ұмыт қалдыруға болмайтыны белгілі.
Қ.Тоқаев өз жазбасын «Дерттің қатері әлі де сейілген жоқ. Вирусты вакцинация арқылы ғана түбегейлі ауыздықтай аламыз. Барша отандастарымызды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырамын» деп қорытындылаған. Шындығында, азаматтардың ерікті түрде вакцина қабылдауы – олардың өз денсаулықтарына ғана емес, айналасындағыларға да жасаған қамқорлығы. Қазіргідей қиын-қыстау шақта осы бір шындықты жадымыздан шығармаған жөн.