АТШАБАР АУМАҒЫНДАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БОЙЫНША ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУ ӨТТІ Избранное

Среда, 24 Февраль 2021 03:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1901 раз

Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен шаһар аумағындағы ескі ипподромның орнына заманауи тұрғын үй кешенін және променад салу мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өткізілді. Қоғамдық тыңдау Zoom платформасында бейнеконференция түрінде ұйымдастырылды. Оған сәулетшілер, экологтар, экономистер, азаматтық қоғам белсенділері мен қала тұрғындары – барлығы 280 адам қатысты.

120

 

Бейнеконференция барысында Қазақстан сәулетшілер Одағының өкілі, сәулетші Нұрбек Аужанов, Урбанистика орталығының басшысы, сәулетші Асхат Сәдуов, Қазақстанның практик-экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова, Халықаралық Бизнес Университеті жанындағы Бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық және қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Архабаев баяндама жасады.

—Қазір қаланың дамуына қатысты жаңа көзқарастар қалыптасқан. Атап айтқанда «15 минуттық қала» қағидасы бар. Яғни, тұрғындар әлеуметтік мекемелерге, білім беру, медицина мен мәдениет ұйымдарына 15 минутта жететіндей болуы керек. Ол үшін қаланың бір ғана орталығы болмауы тиіс, қалада көптеген локальді орталықтар болуы тиіс. Шымкентте жоғарыда аталған нысандар мен мекемелердің басым көпшілігі қаланың ескі орталығында орналасқан. Шаһардың солтүстік бөлігіндегі шағын аудандардың тұрғындары үшін ескі орталыққа жету қиын. Бұл Шымкенттің өмір сүру, жұмыс істеу мен демалуға ыңғайлы, жайлы қала болуына кедергі келтіреді. Ал, ипподром аймағында жүзеге асатын жоба жаңа орталықтың дамуына локоматив бола алады. Мердігер компания өз есебінен бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізбекші. Оған қоса променад та қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айнала алады. Үлкен тұрғын үй кешені салынып, ол жерге халық көп шоғырланған соң оның айналасында кәсіпкерлік және мәдени нысандар да көбейеді. Яғни, қаланың жаңа орталығы қалыптасады және тұрғындар ол орталыққа оңай жетіп бара алатын болады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жоба Шымкенттің көп орталықты қала ретінде дұрыс әрі ырғақты дамуына, жоғарыда айтылған «15 минуттық қала» қағидасының жүзеге асуына және шаһардың өмір сүруге қолайлы болуына жол ашады, — деді Урбанистика орталығының басшысы, сәулетші Асхат Сәдуов.

121


Мұнан кейін Қазақстанның практик-экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова атшабар айналасында жеке сектордағы тұрғын үйлердің көптігін және атшабардағы органикалық қалдықтардың қордаланып қалғанын, осы проблемалардың қазірдің өзінде қоршаған ортаға зиянын тигізіп отырғанын атап өтті.

122


—Ипподром мен оның айналасындағы ағаштардың жағдайын, топырақтың құрамы мен сапасын ғылыми тұрғыда зерттеу қажет. Өйткені, кейбір ағаштарда түрлі аурулар болуы және топырақтың құрамы ағаштардың өсуіне қолайсыз болуы мүмкін. Осының бәрін анықтаған соң құрылыс барысында сау, күтім жасаса әлі де жайқалып өсетін ағаштарды сақтап қалуға ұмтылған жөн. Сондай-ақ, сарапшы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мердігер құрылыс кезінде 1 ағаш кессе, орнына 5 ағаш егуі тиіс. Жергілікті билік осы норманың қатаң орындалуын қадағалап отыруы тиіс. Бұл фабрика немесе зауыт емес, егер жоғарыдағы талаптар орындалса, жобаның құрылысы қала экологиясына айтарлықтай кері әсерін тигізбейді, — деді эколог Лаура Маликова.
Сондай-ақ, Халықаралық бизнес университеті жанындағы Бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық жобаның экономикалық тұрғыда тиімді екенін айтты.

123


—Шымкентте жұмыссыздық мәселесі айтарлықтай өзекті. Тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарында 6 мың адам еңбек етеді. Ал 2022 жылдан бастап тұрғын үйлердің алғашқы бөлігі эксплуатацияға берілген соң 2500 тұрақты жұмыс орны ұсынылмақ. Осыған орай, бұл жоба Шымкенттегі жұмыссыздықтың азаюына біраз көлемде әсерін тигізеді. Екіншіден, бұл жоба Шымкент қаласының өңірлік ішкі өнімінің өсіміне айтарлықтай серпін береді. Бүгінде Шымкенттің өңірлік ішкі өнім көлемі 2 триллион теңгені құрайды. Жобаға құйылатын жалпы инвестиция 200 миллиард теңге десек, оны 2021-2026 жылдарға, яғни 5 жылға бөлгенде орта есеппен жылына 40 миллиард теңге инвестиция тартылмақ. Осыған байланысты Шымкент қаласындағы өңірлік ішкі өнімнің қосымша жылына 2 пайызға өсуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, салықтық түсімдерді 10 пайыз деп алсақ, ол жергілікті бюджетке шамамен 5 жылға 20 млрд қосымша кірісті қамтамасыз етуі мүмкін. Жоғарыдағы болжамдар толық орындалуы үшін құрылыс жұмыстары кезінде мердігер жергілікті өнімді алуы тиіс. Айтулы жобада құрылыстың өзіне 95 млрд. теңге жұмсау көзделуде. Құрылыс материалдарының 70 пайызы жергілікті кәсіпорындардан алынады деген мәлімет бар. Сонда 66,5 млрд теңге жергілікті өндірушілердің тауарын алуға жұмсалады. Үшіншіден, бұл инвестиция қала экономикасының дамуына мультипликативті әсер ете ме? Иә, сөзсіз әсер етеді. Мұны келесі көрсеткіштерден байқауға болады:
2019 жылы Шымкент қаласына 194,9 млрд теңге инвестиция құйылған. 135 млрд теңге бұл соманың 70 пайызына тең, ол тек қана құрылыс саласына ғана бағытталып отыр.
2019 жылы Шымкенттің құрылыс саласына 87,6 млрд теңге инвестиция құйылған. 135 млрд теңге Шымкент қаласының құрылыс саласына салынған 2 жылдық инвестициядан да асып түседі.
Төртіншіден, сарапшылар бұл жоба Шымкент қаласындағы баспанаға деген сұраныстың қанағаттандырылуына ықпал етеді. Мәселен, халық саны Шымкентпен шамалас Нұр-Сұлтанда жылына 3 миллион шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Ал, Шымкентте 2019 жылы 280 мың шаршы метр ғана екен. Яғни, елордадағыдан 10 есе аз үй салынған. Бұл болашақта Шымкентте баспанаға деген сұраныстың қанағаттандырылмай, бағаның шарықтап кетуіне ықпал етуі мүмкін, — деді Мақсат Халық.
Мұнан кейін конференцияға қатысушылар баяндамашыларға сауалдарын қойып, пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, ақын Ханбибі Есенқарақызы, сәулетші Бақытжан Әшірбаев, қоғам белсенділері Ғалымжан Оразымбет, Жанысбек Өтеген, Өмір Шыныбекұлы мен журналист Анар Сүлеева және өзгелер өз ойларын ортаға салды.
Айта кетейік, қоғамдық тыңдау барысында айтылған пікірлер, ұсыныстар мен сын-ескертпелер арнайы хаттамаға түсіріліп, резонансты мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылдау барысында ескеріледі.

Последнее изменение Среда, 24 Февраль 2021 04:01