ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ ЖЕҢІЛДІК: ҚҰЖАТТАРҒА ҚАТЫСТЫ ЖАҢА ЗАҢ ШЫҚТЫ Избранное

Среда, 24 Февраль 2021 03:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2876 раз

Қазақстандық жүргізушілер үшін жағымды жаңалық – көлік тізгіндегендер енді жолға шыққанда жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлікті, яғни, техпаспортты алып жүрмесе де болады. 2021 жылдың 1 ақпаны күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл Заң 2 ақпан күні ресми БАҚ беттерінде жарияланған соң 10 күннен кейін заңды күшіне енді.

128

 

Әрине, алақандай екі қағаздың ауырлығы да жоқ. Дегенмен, кейде сол куәлікті қойған жерінде ұмытып кететініміз бар. Әсіресе, кейде екі немесе үш көлікті айдайтын азаматтарға бұл жаңалық қолайлы тиіп отыр. Себебі, «права» жүргізушінің қалтасында емес, көліктің жүксалғышында жататыны рас.
Дегенмен, енді басқа құжатты ұмытпау керек болады, ол – жеке бас куәлігі немесе төлқұжат. Тәртіп сақшылары осылай деп ескертеді. Жуырда Шымкент қалалық полиция департаментінде осы өзгеріске қатысты баспасөз брифингі өтіп, мамандар заңға қатысты өзгерістерді толығырақ түсіндіріп берді.
– Ресми күшіне енген өзгерістерге байланысты көлік жүргізушілері жүргізуші куәлігі мен техқұжатын өзімен алып жүру міндетінен босатылды. Ол үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталды. Енді бұл құжаттардың бар-жоғын полиция қызметкерлері планшеттер арқылы тексереді. Қазақстанда берілген көлік құжаттары мен жүргізуші куәліктеріне қатысты мәліметтер ішкі істер органының базасында бар. Тек жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс. Инспекторлар жеке куәлікте көрсетілген мәліметтерді ақпараттық базаға енгізіп, жүргізуші куәлігі, көлікті тіркеу куәлігі, сақтандыру полисі, сондай-ақ, техникалық байқау туралы құжаттардың электронды нұсқасын көре алады, - деді Шымкент қалалық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ерғали Сүлейменов.

129


Айта кетейік, бұл Заңның кері күші бар. Егер осы заң қабылдағанға дейін көлік иесіне қатысты жүргізуші куәлігін қалдырып кеткені үшін әкімшілік хаттама рәсімделсе, ал айыппұл әлі төленбеген болса, хаттаманың күші жойылып, айыппұл кешіріледі. Тек бұл үшін ол азамат өтініш жазуы тиіс. Соған байланысты тексеру жүргізіледі. Айта кетейік, бұған дейін жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару әрекеті үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (2021 жылы – 14 585 теңге) көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалатын еді.
Полиция полковнигі
Ерғали Сыбанқұлұлының айтуынша, көлік басқаратын азаматтардың тиісті құжаттарын тексеруде мәселе туындамайды. Егер шалғай елдімекендерде немесе тасжолдарда интернет болмаған жағдайда, полиция инспекторлары көлік жүргізушінің құжаттары туралы мәліметті орталықтағы базадан рация арқылы ала алады.
Бірден айту керек, бұл жаңалық Қазақстан азаматтарына қатысты. Ал елімізде жүрген шетел азаматтары қандай көліктерді басқарса да барлық құжатын өзімен бірге алып жүруі тиіс.
Полицейлердің айтуынша, қазіргі таңда цифрлы құжаттар айналымы дамып келе жатқанымен, тәртіп сақшылары тексергенде жеке бас құжатының көшірмесін немесе фотосын көрсетуге болмайды. Құжаттың өзі қажет.
Жаңа заңға байланысты көпшілік арасында бірнеше сауал туындады. Әлеуметтік желі қолданушылары, мысалы, «Бұдан былай жүргізуші куәлігі мен көлік құжаттарының қағаз нұсқасын беру тоқтатыла ма?» деп сұрауда. Сонымен қатар, жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі бітпеген, бірақ оны жоғалтқан адам жаңасын алмай-ақ жүруіне бола ма деген мәселе қызықтырады. Себебі, құжаттың түпнұсқасы қолда жоқ екенін ешкім білмейді емес пе деп пікір жазғандар болды. Полицейлердің бұл сұрақтарға да жауабы бар.
– Біріншіден, жүргізуші куәлігі мен техникалық төлқұжаттың қағаз нұсқасын беру тоқтатылмайды. Бұлар әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызмет болып саналады. Мысалы, отандастарымыз көлігімен шетелге шықса, жүргізуші куәлігі мен техникалық төлқұжатты алып жүруі керек. Сондықтан осы құжаттар шығарыла береді. Ал екінші сұраққа келсек, егер жүргізуші куәлігіңізді жоғалтып алған болсаңыз, тиісті орындарға хабар беріп, оның жаңасын алуыңыз керек. Құжаттың түпнұсқасын ешкім талап етпейді екен деп жүре беруге болмайды.
Себебі, куәліктің мерзімі аяқталып, жаңасын алуға барғанда бәрібір ескі құжатты өткізуіңіз қажет, - дейді Ерғали Сүлейменов.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.