Генерал болғысы келетіндер көп Избранное

Среда, 24 Февраль 2021 03:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1245 раз

Бүгінде қоғамда «жастар әскери мамандыққа қызықпайды» деген сыңаржақ пікір қалыптасқан. Сыңаржақ дейтініміз, әскери мамандықтың «майын ішкен» майталмандардың айтуынша керісінше әскери мамандықты қалайтындар әскери қызметке ұмтылатындар көп. Тек оларға қойылатын қатаң талаптың салдарынан бәрі бірдей әскери машықты меңгеріп кетпейтіндігі рас.

125

 

Дәл осы тұжырымды дәлелдегендей жуырда Шымкент қаласындағы №129 жалпы орта мектебінде әсерлі кездесу кеші өтті. С.Нұрмағанбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының курсанттары мектепке арнайы келіп, оқушыларға әскери қызметтің қиындығы мен қызығы жайында сыр шертті.
Курсанттар өздерінің алғашқы демалыс күндерін өздері үшін де, басқалар үшін де осылайша пайдалы өткізді. Курсант Сейділдә Арман мен Мұхан Ербол болашақ артиллерияшы, ал курсант Жолшыбек Нұрбол инженерлік қамтамасыз ету мамандығы бойынша білім алуда. Кездесу барысында оқушыларды әскери маман атану үшін қандай оқу орнына бару керектігін, қандай құжаттар дайындауды сұрап жатты. Осының өзі-ақ жоғары сынып оқушылары арасында әскери мамандыққа қызығушылар көп екенін аңғартқандай.
Кездесу барысында курсанттар институттың өмірі туралы айтып, әскери мамандықтың жігіттерді болашақта өзін-өзі тәрбиелеуіне, белгілі бір мақсатқа ұмтылуына жол ашатынына оқушылардың назарын аударды. Әскери институтта оқу – бұл болашақтағы материалдық тұрақтылық, мансаптық өсу мен әлеуметтік мәртебені арттыру мүмкіндіктері. Өйткені, Отан қорғаушылар мамандығының мәртебесі әрқашан жоғары.
Орайы келгенде оқырманға айта кетейік, әскери мамандықты меңгергісі келетін бозбаланың жалпы орта білімі болуы, жасы 17-22 жастан аспауы керек.
«Мерзімді қызметтегі 24 жасқа дейінгі сарбаздар және 25 жасқа дейінгі келісімшарт бойынша әскери қызметшілер әскери оқу орындарына үміткер бола алады. Оқуға түсу үшін олар 30 сәуірге дейін жеке куәлігі мен әскери тіркеу куәлігін алып жергілікті әскери басқару органына өтініш жазуы керек», – дейді Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі.