Тұрағұлдың жерленген жері неге жұмбақ?

Понедельник, 22 Февраль 2021 11:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3809 раз

WhatsApp Image 2021-02-22 at 12.32.19

Абайдың ұлы Тұрағұлдың Шымкентте қайтыс болғаны жайлы дерек болғанымен, қабірінің қайда екендігін дәлелдейтін нақты дәйек жоқ. 86 жылдан бері іздеусіз, сұраусыз жатқан тұлғаға қатысты деректер там-тұмдап кездеседі. Әйткенмен, Тұрағұл Абайұлының сүйегінің қай жерде қалғанын анықтау оңайға соқпай тұр. Тағдырлы тұлғаның жерленген жерінің жұмбақ болып тұрғаны неліктен?

WhatsApp Image 2021-02-22 at 12.32.18 1«Тұраш ағам 1934 жылы 6 наурыз күні, 59 жасында қайтыс болды. Шымкент қаласының орталығындағы мұсылман зиратына жерленді. Кейін сол зираттың үстінен химзавод салыныпты. Завод салынар алдында Тұраш ағаның сүйегін алатын жанашыр жақыны болмай, қабірі завод астында қалды. Ол кезде біз Шымкенттен ауысып, басқа жаққа кеткен болатынбыз».

Тұрағұлдың зираты жайында қызы Мәкеннің осы бір ауыз естелігі бізді Химфарм зауытына қарай жетеледі. Шымкент қалалық қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Гүлмира Серікбаева және музей қызметкерлерімен бірлесіп, «Тұрағұлдың бейіті Химфарм зауытының айналасында» деген болжаммен сол маңға бет түзедік. Бардық. Бірақ, мекеме территориясына кіре алмадық. Зауыт әкімшілігі рұқсат етпейді екен. Бір білгеніміз, қазіргі «Химфарм» АҚ негізі 1882 жылы қаланыпты. Яғни, оның бой көтергеніне биыл 138 жыл толып отыр. Ал Тұрағұл Абайұлы 1934 жылы қайтыс болған. Яғни, зауыт оның қайтқанынан 52 жыл бұрын салынған. Демек, «Тұрағұлдың қабірі Химфарм зауытының астында қалды» деген сөз шындыққа келіңкіремейді.

WhatsApp Image 2021-02-22 at 12.32.19 1

Осы орайда «тарихтың тірі куәсі» абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы жоғарыдағы Мәкен Тұрағұлқызының естелігін өз аузынан естігенін айтады. «Ташкенттен келе жатқан жолда, Бадам өзенінің үстіндегі көпірден өткен соң, оң қол жақтағы Химфарм зауытының төрт қабатты ескі ғимаратының астында жатыр», - дейді ғалым. М. Мырзахметұлы да сол бір ауыз естеліктен осындай байлам жасап отыр.

Демек, ары қарай іздене түсу керек. Біз музей басшылығымен біріге отырып ізденісімізді тоқтатпадық. Музей директорының орынбасары Гүлмира Алдоңғарқызы Шымкент қалалық Полиция департаменті ААО арнайы мемлекеттік мұрағатындағы «Қуғын-сүргінге ұшыраған, сот органдары ақтаған тұлғаларға қатысты мұрағаттық қылмыстық істер» қорында Тұрағұл туралы қандай да бір дерек бар ма деген сұраумен қызметтік хат жолдапты. Өкінішке қарай, ешқандай мәлімет жоқ деген жауап алыпты.

Түркістан облысының мемлекеттік архивінен де Тұрағұлға қатысты бірде-бір мәлімет таба алмадық.

Белгілі әдебиет зерттеушісі Әсілхан Оспановтың қос ұлы Бердалы және Ералы Оспановтар Шымкенттің тарихына қатысты көп жәйттен хабардар екенін білетінбіз. Бәлкім, қандай да бір дәйек келтірер деген оймен Ерағамен байланысқа шықтық. Сол кісіден сұрастыра келе біршама тың мәліметтерге қанықтық.

–Тұрағұлдың қабірін іздемес бұрын алдымен Шымкенттің тарихын біліп алған ләзім. Қаланың Қошқар ата, Баба дәруіш деген екі пірі болған, - деп бастады әңгімесін ол.

 

Бұл туралы қазақтың халық ақыны Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармаларынан кездестіруге болады:

–Болғай ма біздің асан мүшкіліміз?

Ел көрер болар ма екен хош күніміз?

Қолдай гөр, Қошқар ата, Баба дәруіш,

Шымкенттегі үлкен сен ең ұстынымыз.

Мәдениеттанушы һәм есімтанушы Бердалы Оспанның «Қазақ қандай пірлерге сыйынған?» деген мақаласында «бүгінге дейін Шымкент қаласының пірі Дәруіш атаның және басқа пірлердің басына зиярат етушілер баршылық» деген дәйек келтіреді. Ал Ералы Оспанов бүгінгі қазақ зерттеушілерінің Дәруіш бабаны Қошқар Атамен шатастырып жүргенін алға тартады.

–Ізденушілер Шымкенттің пірі болғанБаба Дәруіш әулие жайлы естіп,білмеген соң Қошқар Ата өзені бастауының сағасындағы әулиенің кішігірім кесенесін Қошқар Ата (оның үстіне қаланың ортасында осы аттасөзен де ағып жатыр) әулиенің мазары деп солай таңбалауды дұрыс көрген, - деп бұрын-соңды айтылмаған тың мәліметті жайып салды.

Қош! Біздің мақсатымыз Тұрағұл Абайұлының қабірінің қайда қалғандығын анықтау болғандықтан, Ералы Әсілханұлынан соған қатысты мәліметтерін сұрай түстік.

Ералы Оспановтың сөзіне қарағанда қазіргі Ескі қалашық, Химфарм( аялдамасынан бастап Колос, Рахат, Акация маңайы мен Б.Момышұлы көшесі, №7 мектептің маңы өткен ғасырларда үлкен қорым болған. Бұл жер Дәруіш баба қорымы аталып кетіпті. Бала Ералы Баба Дәруіш жайлы алғаш әкесінен естіпті.

WhatsApp Image 2021-02-22 at 12.32.18

Оңтүстік өңірінің абызы Әдіһам Шілтерхановтың әкесі Сарманқожа Баба Дәруіш қорымында жерленген деседі. Оның әкесі Қошқар атаның соңғы шырақшысы болған екен. Бірақ, әкесі қуғын-сүргінге ұшырап, оның қабірінің қай жерде қалғанын бертінге дейін білмей келіпті. Шаянда тұратын бір ақсақал «әкеңнің сүйегіне қатысқанмын, қабірін білемін» деген соң, әлгі ақсақалмен бірге әкесінің сүйегін іздейді ғой. Сөйтсе, әкесінің жерленген жерінде қазіргі Орыс драма театрының ғимараты тұр дейді. Әлгі ата соғыстан кейін қалаға ат ізін салмаған көрінеді. Сөйтіп, Ә.Шілтерханов әкесінің сүйегі шамамен драма театрдың астында қалған деген қорытынды жасапты. Біз мұның бәрін Ералы Оспановтың «Химфарм мен Бейбітшілік көшесінің аралығында үлкен ауқымды зират болған» деген байламына көз жеткізе түсу үшін азғантай болса да тамызық болар деген оймен жазып отырмыз.

Бұл маңда қорымның болғанын Шымкент қаласының ардагер құрылысшысы Әбдуғани Ташқараев та растайды. «Қазіргі көпқабатты үйлер салына бастағанда қазылып алынған сүйектерді Қасқа қорымына апарып жерледік», - дейді. Қасқа қорымы дегені Ташкентке шығар жолдағы ескі қорым. Кейіннен Дәруіш баба Қасқа зиратына қайта жерленген. Бұдан шығатын қорытынды: «Баба Дәруіш қай жерге жерленсе, Тұрағұл Абайұлының да сүйегі сол жерде жатуы ықтимал. Бірақ, жоғарыда қызы Мәкеннің естелігінде айтылғандай, сүйегін алып кететін жанашыр жақыны болмағандықтан, Химфарм аялдамасына жақын маңда, яғни, Жангелдин көшесінің бойында қалуы мүмкін-ау» деген болжал ой түйіп отырмыз. Ал бірақ, нақты орнын ешкім тап басып айта алмайды.

Мысалы, бір жердің атауын айтқанда сол маңға жақын орналасқан ғимаратпен немесе елеулі ескерткішпен байланыстырып айтып жатамыз. Сол сияқты «Химфарм» зауытына жақын Химфарм аялдамасы жақ болуы мүмкін.

–Негізі Тұрағұл атамыздың табу мүмкін емес. Себебі, қаншама сүйектер қазылып алынып, бір шұңғырға апарып тасталынды. Алланың өзі жұмбақ қылып тұрған нәрсені адамдардың табуы мүмкін емес, - деді сөзінің соңында Е.Әсілханұлы.

Өткенде Семейдегі Шәкәрім университеті қазақ филологиясы факультетінің деканы, профессор Айбар Қадыров бастаған арнайы ғылыми экспедицияның келгенін айтқан болатынбыз. Олар да осындай байламға тоқтапты. Туған жеріне барған соң, арнайы ас беріп, құрбандық шалыпты. Енді Ә.Жангелдин көшесінің бойындағы «Отбасы» аллеясынан Тұрағұл Абайұлына арналған тұғырлы ескерткіш орнату және көше атауын беру мәселесін көтеріп жатыр екен.

–Бұл бағытта Шымкент қалалық әкімдігімен біздің әкімдік өзара байланысты жұмыс істеп жатыр. Мүсіншілерге тапсырма берілді. Олардың түрлі нұсқасының ішінен таңдап аламыз. Абай әулетінің әйгілі ұлына ескерткіш орнатып, Құран-хатым түсіреміз. Шымкенттегі үлкен бір көшенің атын Тұрағұлдың есімімен атау туралы ұсынымыз да жерде қалмас деген үміттеміз, - дейді А.Қадыров.

Шымкент қалалық қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Гүлмира Серікбаеваның да өзіндік ұсыныстары бар.

–Ескерткішті Абай саябағындағы Абай музейінің алдына, қазіргі Тұрағұлға арнап Роллан Сейсенбаев қойған тас-тұғырдың қасына қойса нұр үстіне нұр болар еді. Абай саябағында Абайды зерттеген, шығармаларын ұрпаққа жеткізген ұлы Тұрағұлдың ескерткіші тұрса, тіпті, жарасымды болар еді. Сол жерде Тұрағұлдың өлеңдері Абай өлеңдерімен қатар оқылып жатса, байқаулар, фестивальдер өткізілсе, Абаймен бірге Тұрағұл есімін де жаңғыртар едік және бұл саябақ Абай-Тұрағұл саябағы болар еді. Ал көше атауына келер болсақ, қазіргі Жангелдин көшесін Тұрағұлдың атына ауыстыру керек. Сонда рухани жаңғырудың ерен үлгісін танытқан болар едік, - дейді.

Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан мерейлі жылы Абайдың Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұлға еңселі ескерткіш орнатылып, көше атауы беріліп жатса, бұл да тарихымыз бен қастерлі тұлғаларымызға көрсетілген құрмет болар еді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.