МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ЖЕҢІЛДІГІ БАР

Пятница, 12 Февраль 2021 05:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2274 раз

2021 жылға мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде банк несиелерін ішінара кепілдендіру бойынша 600,0 млн теңге бөлінген. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына – 400 млн теңге, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына – 200 млн теңге қарастырылған.

mem-bagdarlama

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен мәжілісте кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен ондағы өзгерістер барысы талқыланды. Жиынға үшінші мегаполис кәсіпкерлері мен екінші деңгейлі банк басшылары да қатысты.

«Қала тұрғындары мемлекеттен, банктен берілетін жеңілдіктер жайын білуі тиіс» деген шаһар басшысы қаланың экономикалық және әлеуметтік дамуының драйвері ретінде шағын және орта бизнес үлкен септігін тигізіп жатқанын айтты.

– Қала бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың негізгі жолы – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуды, салық түсімдерін ұлғайтуды және қоғамдық, саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы 5 жылдықта Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өңірлік өнімдегі үлесін 50%-ға жеткізуіміз керек. Сол себепті, кәсіпкерліктің кез келген өзекті проблемалық мәселелерін шешу және оның алдын алу тікелей өзімнің бақылауымда болады. Барлық дамыған мемлекеттер сияқты шағын және орта бизнесті қала экономикасының локомотивіне айналдыруымыз қажет. Яғни, қала өз-өзін қамтамасыз етуі керек», - деді М.Дүйсенбекұлы.

Күн тәртібіне сәйкес қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Береке Дүйсебеков баяндама жасады.

Басқарма басшысының айтуынша, жаңа шарттар кәсіпкерлер үшін несие мөлшерлемесін 6%-ға дейін төмендетуге, субсидиялауға жататын несие көлемін 7 млрд. теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берген. Сонымен бірге, бағдарламаның бірінші бағыты – кәсіпкерлерге (микро және шағын бизнес) сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін портфельдік субсидиялау және кредиттер мен микрокредиттер бойынша ішінара кепілдік беру түрінде қаржылық қолдау шараларын көрсету болып өзгертілген.

Мемлекеттік бағдарламаның Шымкент қаласында жүзеге асырылу барысы жөнінде қала әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының Шымкент филиалының басшысы Алмас Тастанов мәлімдеді.

–Өткен жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 29,1 млрд.теңгеге 30 жобаға қолдау көрсетілді. 2019 жылмен салыстырғанда жобалардың өсу серпіні 3 еседен асады. Биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2 396,0 млн. теңгеге 418 жобаға қолдау көрсету жоспарлануда. Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 3 576,0 млн. теңгеге 100 жаңа жобаға қолдау көрсету көзделіп отыр, - деді А.Тастанов.

Айта өтсек, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының мақсаты – халықтың мұқтажын қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру мақсатында бәсекеге қабілетті өндірістер құру.

Бағдарлама аясында банк алдында мемлекеттің кепілдігі қарастырылған. Кепілдік несиелеудің барлық мерзіміне беріледі. Несие мөлшеріне ешқандай шектеулер жоқ. Субсидиялау номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 15%-дан аспайтын несиелер бойынша жүзеге асырылады, оның 6%-ын кәсіпкер төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды. Инвестициялық мақсаттарға субсидиялау мерзімі – 10 жыл, айналым қаражатын толықтыруға – үш жыл.

Субсидиялауға және кепілдендіруге өтінімдер Egov, онлайн Даму порталы арқылы онлайн режимінде және субсидиялау мен кепілдендіру шарттарына қол қою электрондық тәсілмен де қабылданады.
Жиын барысында Шымкент қаласының әкімі атқарылған жұмыстарға баға беріп, кәсіпкерлердің негізгі мәселелерін тыңдады.

Кездесу соңында Мұрат Әйтенов мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда белсенділік танытқан бірқатар банк басшылары мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қаласы филиалының төрағасын марапаттады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.