«АНАШЫМ, МЕНІ ТАСТАМАШЫ... » Избранное

Пятница, 05 Февраль 2021 05:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3389 раз

немесе

меценат Айдын Рахымбаев негізін қалаған «Ана үйі» қоғамдық қоры 4 500 сәбидің тірі жетім
атануына жол бермеді

Құдайдың өз пендесіне деген шексіз рақымы мен мейірімінің бір ұшқыны тек Ананың жүрегіне ұялайды. Бұ дүнияда ананың орнын ешкім баса алмайтыны содан. Жұмыр басты пенденің мына жалғанда көруі мүмкін ең зор бақыты – ананың ыстық алқанын сезініп, оның көзінен төгілген мейірімге шомылып өсуі.

59

 

Түрлі өмірлік жағдайларға байланысты адамдар перзентін басқаның қамқорлығына бергенімен, оған аналық махаббатын қосып беруі мүмкін емес. Осыны ойлағанда дүниенің жарығын енді ғана көрген нәрестенің анасынан ажырап қалмауына жағдай жасау – ұлы сауап екенін ұғынасыз...
Бүгінде Қазақстандағы балалар үйлерінде 10 мыңға жуық бүлдіршін бар. Бұл статистиканың ең жүрек сыздатар тұсы сол, бұлардың тең жартысының ата-анасы немесе олардың ең болмағанда біреуі жер басып, тірі жүр. Яғни, еліміздегі ата-ана қамқорлығынсыз қалған әрбір екінші бала – әлеуметтік жетім.
2013 жылға дейін сол тірі жетімдердің қатары жыл сайын 1 500 жәутеңкөзбен толығып отыратын еді. Бәлкім, бұл көрсеткіш жыл өткен сайын көбейе түсер ме еді, кім білсін?!
Тек республикаға белгілі кәсіпкер Айдын
Рахымбаев мырза мен оның жұбайы Анар Рахымбаева ханым негізін қалаған «BI-Жұлдызай» корпоративтік қоры 2013 жылы мамыр айында елордада «Ана үйін» ашып, жаңа жобаны пилоттық режимде жүзеге асыра бастады. Сол уақытта «баласынан бас тартқалы тұрған аналарға қолдау көрсететін орталық ашу» идеясы қоғамның қызу қолдауына ие болды. Нәтижесінде сол жылдың желтоқсан айында «Ана үйі» қоғамдық қоры құрылып, оның қамқоршылық кеңесіне өзге де қазақстандық кәсіпкерлер мүше болды.

Бүгінде Қазақстанның 18 ірі қаласында осындай 21 орталық жұмыс істейді. Соның бірі – Шымкенттегі «Ана үйінде» бүгінде 10 әйел тұрып жатыр. Олардың екеуі жүкті екен. Сондай-ақ, мұнда қазір 9 сәби бар.
— «Ана үйі» — түрлі өмірлік қиындықтарға тап болып, шарасыздықтан бауыр етінен бас тартып, оны балалар үйіне өткізуге ниеттенген жас аналарға қолдау көрсететін орталық. Мұнда жүктіліктің үшінші триместріндегі және 1,5 жасқа толмаған баласы бар жалғызбасты жас аналар қабылданады. Орталық 13 пен 30 жас арасындағы аналарға қолдау көрсетуге дайын, —дейді Шымкенттегі «Ана үйінің» үйлестірушісі Қалдар Тонтекова. Оның айтуынша, «Ана үйі» қоғамдық қоры елдегі барлық колледждер, жоғары оқу орындары және перзентханалармен байланыс орнатқан. Егер жүкті немесе босанған әйел сәбиінен бас тартқалы жатса, онда жобаны үйлестірушілеріне хабар беріледі. Олар жас ананы асығыс шешім қабылдамай, арнайы орталықта баласымен уақытша бірге тұруға көндіреді.
—Біздің орталықты аналар 6 ай паналай алады. Сол уақытта олар тегін баспанамен, күніне 4 мезгіл тамақпен және сәбиіне керекті заттармен толықтай тегін қамтамасыз етіледі. Мұнда әйелдерге моральдық-психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіледі. Өзінің немесе баласының құжаттары жоқ болса, біздің мамандар олардың құжаттарын рәсімдеуге көмектеседі. Сондай-ақ, олардың жүктілік пен бала күтіміне байланысты мемлекеттен берілетін жәрдемақыларын рәсімдеп, уақтылы алуына жағдай жасаймыз. Мұнда тұрып жатқанда барлық шығындары орталық тарапынан өтелетін болғандықтан, аналарға депозит ашып, қаржысын жинақтауға кеңес береміз. Бұл қаржы аналардың орталықтан шыққан соң аяққа тұруына жәрдем болады, — дейді Қалдар Жұмабайқызы.
Қалдар ханымның айтуынша, мұнда көбіне жігітіне алданған, яғни, әкесі нәрестеден бас тартқан жас қыздар мен күйеуінен адам төзгісіз зорлық-зомбылық көрген келіншектер келеді екен.
—Көбіне өмірде ет жақыны жоқ әйелдер келеді. Бірақ, арасында ата-анасы бар қыздар да кездеседі. Біздің елдің өзіндік менталитеті бар ғой. Әсіресе, оңтүстік өңірде қызының тұрмысқа шықпай тұрып жүкті болғанын көп ата-ана қабылдай алмайды. Перзентінің тағдыры мен болашағын емес, өзінің атына кір келмеуін ойлап құшағында жаңа туған сәбиі бар қызын үйінен қуып жібереді. Шарасыз қалған жас ана баласынан бас тартуға мәжбүр болады, — дейді ол.
«Ана үйін» паналаған өрімдей қыз-келіншектердің қай-қайсысы туралы да жүрегің қан жыламай жазу мүмкін емес. Сондай тағдыр тауқыметін жастайынан тартқан жандардың бірі — Мадина (кейіпкердің есімі өзгертіп алынды — авт.). Ол төрт жасар кезінде әке-шешесі ажырасқан. Араға бір жыл салып анасы өмірден өткен соң Мадина нағашы әжесінің қолында қалған. Кейіннен интернатта оқып, 9-сыныпты тәмамдаған соң колледжге оқуға түсіпті. Бірінші курста оқып жүргенде балдырған дерлік 16 жасар қызды өзінен 11 жас үлкен жігіт еркінен тыс алып қашыпты. Күйеуінің бұған дейін 2 рет ажырасқанын Мадина кейіннен білген. Оның үстіне күйеуі күн сайын арақ ішіп, себепсіз ұрып-соға бастаған соң ажырасуға мәжбүр болыпты. Мадинаның тұрақты баспанасы мен балаға күтім жасайтындай табысы жоқтығын алға тартқан сот арадағы жалғыз баланы әкесінің қарауына қалдырған.
—Осыдан кейін депрессияға ұшырадым. Жұмыс істесем еңсем тіктелер деген оймен Нұр-Сұлтан қаласына бардым. Сол жерде жүріп екінші баламның әкесімен таныстым. Кездесіп жүріп, аяғым ауырлап қалды. Сөйтіп жүргенде карантин басталып, ол жақтағы жұмысым тоқтады. Пәтер ақысын төлей алмаған соң Леңгір қаласына келіп, науқас әжейдің күтушісі болдым. Тек жүктіліктің 32-аптасына келгенде емханаға тіркелуге бардым. Сол жердегі мамандар мені Шымкенттегі «Ана үйіне» жолдады. Осында келген соң босанып, дүниеге ұл перзентімді әкелдім. Қыркүйек айынан бері қарай осы үйде тұрып жатырмын, — дейді кейіпкеріміз.
Мадина баласының фотосуретін әкесіне жіберіп, отбасы болып, нәрестені бірге өсіргісі келетінін айтқан. Бірақ, ол бас тартыпты.
—Мұнда барлық жағдайымыз жасалған. Тамақ, киім, баланың жөргегі мен басқа қажетінің бәрі дайын. Сондықтан «Ана үйі» қоғамдық қоры мен оның құрылтайшысы, демеушісі болып жүрген кәсіпкер азаматтарға алғыс айтамын. Бірақ, бұл жерден шыққан соң күніміз не болмақ? Ертеңіміз бұлыңғыр. Баламды балабақша қабылдайтын жасқа жетсе, жұмыс істеп, күн көріп кетер едік, бірақ... — деген кейіпкеріміз мұңайып, ойға шомып кетті.
Әр қиындықтың артынан бір жеңілдік, жақсылық келерін, сондықтан үмітсіздікке салынбау керектігін айтып жұбатқандай болдық.
Иә, бұл — біздің қоғамның ең қиын әрі жүрек сыздатар проблемасы, шемен шері. Бұл — еркектік намыс пен адами қасиеттен жұрдай жігіттердің көбейгенінің көрсеткіші.
Бұл — ата-аналардың қыз баланың тәрбиесінде жіберген кемшіліктермен бетпе-бет келгісі келмейтінінің, оның салдарын мойнымен көтеруге құлықсыз екенінің дәлелі. Бұл — біздің қоғамның рухани кеселі меңдеп тұрғанының айғағы. Қоғамның осынау шемен шеріне дәру болуға 8 жылдан бері ұмтылып келе жатқан «BI-Group» холдингінің басшысы Айдын
Рахымбаев сынды азаматтарға еліміздің алғыстан басқа айтары жоқ.
Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген өсиетін іс жүзінде орындап жүрген атпал азаматтардың әрекеті нәтижесіз де емес. Нәтижесі қандай десеңіз, айтайық:
— 8 жылға жуық уақытта 4500 әйел «Ана үйі» қоғамдық қорынан нақты көмек пен қолдау алды. Соның 254-і Шымкенттегі «Ана үйі» орталығын паналағандар екен;
— осының арқасында 4 500 нәресте балалар үйіне өткізілуден, тірі жетім атанудан аман қалып, анасының ыстық құшағында өсіп келеді;
— 2020 жылы Қазақстанда сәбиін балалар үйіне өткізуге ниеттенген аналардың 68 пайызы «Ана үйін» паналаудың арқасында райынан қайтып, баласын өзінде алып қалыпты;
— Қазақстанда балалар үйіне нәрестелер саны 3 есеге азайды.
— бұрындары үнемі толып тұратын Шымкенттегі 80 бүлдіршінге арналған нәрестелер үйіндегі орындардың тең жартысы қазір бос тұр.
— мамандар баланың әкесімен байланысып, олармен де жұмыс істейді. Соның арқасында «Ана үйін» паналағандардың 69 пайызы баласының әкесімен табысып, отбасылы болып кетіп жатыр.
«Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған халық едік» деп жатамыз ғой. «Ана үйі» қоғамдық қоры мен оның кәсіпкер, меценат Айдын
Рахымбаев бастаған құрылтайшылары бабаларымыздың сол игі дәстүрін заман ағымына лайықтап, қайта жаңғыртып жатқанын көріп қуанышқа бөлендік.