Версия для печати

Иесіз арыстан қайдан жүр? Избранное

Среда, 27 Январь 2021 04:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2705 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттегі арыстанның абданы туралы видео «Instagram» әлеуметтік желісінде  тарап кетті. Қағанат көшесіндегі қонақүйде түсірілген бейнежазба қала тұрғындарын бейжай қалдырмады.

572

 

Жыртқыш аңды қамауда ұстаған белгісіз азаматтың әрекеті және ондағы қонақтардың жыртқыш аңмен ұйымдастырған фотосессиялары көпшіліктің наразылығын туғызды. Шынжырланған абданның жайы қалалық полиция департаменті Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасы қызметкерлерінің назарына жетті. Тәулік ішінде тәртіп сақшылары оны аяғынан тік тұрып іздеді. Жедел іздестіру жұмыстарына қала тұрғындары да белсене атсалысты. Нәтижесінде жыртқыш аң тез табылды.
Бір қызығы, тергеуші Әлібек Кемелбекұлының сөзінше мысық тұқымдас ең ірі жыртқыш арыстанның баласын қамауда ұстаған қала тұрғыны айыбын мойындамады. Заңға қайшы әрекетін жуып-шайып, Жетісайдан тауып алғанын айтудан танбаған. Ал қала ішінде жыртқыштың жүруі бекер емес. Полицейлерден үрікпегеніне қарағанда қолға үйретілгені көрініп тұр. Адамдарға ешқандай айбат шекпеген. Алайда аңызға бергісіз жауап берген күдікті бейтарап қалған жоқ. Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің қызметкері Ержан Пайзбековтің хабарлауынша, ҚР Қылмыстық Кодексінің 339-бабымен (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) тергеу амалдары жүріп жатыр. Кінәсі дәлелденген жағдайда шешім қабылданып, сотқа жолданады.
Ал полицейлер арыстанның 5 айлық баласын зообаққа тапсырды. Ветеринария бөлімінің меңгерушісі Елена Бударагинаның айтуынша, абданның салмағы 40-50 келі тартады. Жағдайы қанағаттанарлық. Бөтен жерге келгендіктен тәбеті нашар көрінеді. Мұнан бөлек, артқы аяғында кінәрат бар. Сондықтан қозғалуы қиын. Жыртқыш карантинде. Оған ветеринар мамандар күтім жасауда. Болашақта абдан зообақта өмір сүрмек.
Мұндай жағдай тек Шымкентте ғана тіркеліп отырған жоқ. Былтыр Ақтауда да жыртқыш аңды далаға тастап кеткендер кездесті. Олар айыппұл төлеп, арыстан кәмпескеленген болатын. Жануарларды қорғау ұйымының өкілдері аң-құсқа қоғам боп қорған болу керек деп есептейді. Өйткені оларды қорлау жағдайлары елімізде жиілеген.

Последнее изменение Среда, 27 Январь 2021 10:47
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.