Версия для печати

Қатерге басын тіккен құтқарушылар Избранное

Пятница, 15 Январь 2021 04:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4587 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

жайлы мәлім де беймәлім тарих

 

Газетіміздің «Бір ескерткіштің сыры» атты тұрақты айдары бойынша жарияланған мақалалардың өз оқырмандары бар. Кей мақаламызға оқырмандардың өтініші, сұрағы негіз болатыны да жасырын емес. Мысалы, «ГАИ-дің алдына ескерткіш не үшін қойылған?!» деп кейіген бір оқырманымыз үшін «Дядя Сережа деген кім болған?» деп те қалам тербедік. Мақала газетіміздің ресми сайтында жариялана салысымен әлгі оқырманымыз хабарласып, «сіз өткенде мен сынаған ескерткіш туралы жазыпсыз ғой. Мен оның сондай тағлымды тарихы барын білмеппін. Енді біліп жүретін болдым. Рақмет» дегені де бар. Мұның бәрін не үшін айтып отырмыз?

505

 

Жақында аты-жөнін құпия қалдырғысы келген бейтаныс оқырман хабарласты. «Ескерткіштердің тарихы туралы жазғаныңызды үзбей оқып жүрмін. Расында да кейінгі жастарға, Шымкентке жаңадан қоныс аударған азаматтар үшін қай ескерткіш қашан қойылғаны, не үшін орнатылғаны туралы мол мағлұмат беретін танымдық мақалалар керек-ақ...» дей келе "Абай саябағындағы өртсөндірушілерге қойылған ескерткішті білесіз бе?» деп тосын сұрақты көлдеңең тартты. Тосылып қалдым. Шынын айтсам, шекарашыларға қойылған ескерткішті білсем де, өртсөндірушілерге арнап қойылған ескерткіштен хабарсыз екенмін. «Ол біздің Бақытқа арнап қойылған...»
Бақыт деген кім? Оған не үшін ескерткіш қойылды? Санамды мазалаған сұраққа жауап іздеу өзіме де қызық болды. Бейтаныс оқырман бұл сұрақтардың құпиясын «өзің ашып ал» дегендей хабарсыз кетті.

509

 

Жалын ішінде мәңгілікке қалғандар

Ескерткішті барып көрдім.
Төтенше жағдайда, қызмет бабында қайтыс болған бірнеше азаматтың есімі жазылған. Тасқа қашалған тізім басын Бақыт Алтынбекұлы Алпысбаев бастап тұрғанымен, ескерткіш бейбіт күннің бірнеше батырына арналған. Жиынтық бейне. Ал, бұл батырлар туралы біз не білеміз? Ел тынышта өз міндетін атқарып жүріп неге қаза болды? Баяндағалы отырған мағлұмат бүгінгі оқырманға әрі қызық, әрі керек дүние дер едім. Бұл орайда Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі мемлекеттік мекемесінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Қуаныш Жораұлы Арсланов бізге көп көмегін берді. Саланың ардагерлерін тауып, тілдесуімізге мүмкіндік жасады.
–Негізі бұл ескерткіш Бақытқа ғана емес, жалпы төтенше жағдайда өз міндетіне адал болған, өзгені ажалдан құтқару үшін, өз өмірін қиюға дайын тұратын біздің саланың нағыз сайыпқыран жігіттерінің бәріне ортақ құрмет. Қызмет бабында ажал құшқан әрбір әріптесіміздің есімі жадымызда. Олардың ерлік істерін кейінгі ұрпақ ұмытпасы үшін ардагерлер кеңесі ұсыныс жасап, қаламыздың көрнекті жеріне ескерткіш орнату туралы мәселе көтергенде департамент басшыларынан бастап, қатардағы қызметкерлердің бәрі де бір ауыздан қолдады.
Ал Бақытқа келетін болсақ... жалындап тұрған жігіт еді. Айналасындағыларға өте жанашыр болатын. Өз ісіне адал, өте жауапкершілікпен қарайтын. Бір үйдің жалғыз ұлы еді. Бес әпкесі бар. Ол күнгі алапат өртті ұмыту мүмкін емес..., – дейді ҚР Төтенше жағдайлар саласының Құрметті ардагері Бауыржан Маханов. Бауыржан аға үшін сол бір күнді еске алу өте ауыр.

508


...Бұл 1988 жылдың 25 ақпаны болатын. Шымкент мұнай өңдеу зауытынан өрт шықты. Тілсіз жау әп-сәтте айналаны шарпып ала жөнеледі.
–Мұнай өнімдері төгілсе, бүкіл аумақ қара күлге айналары сөзсіз еді. Өрттің ауқымды болғаны соншалық, өрт сөндіруші мамандар қызыл жалынмен 20 сағат арпалысты. Әрине, біз үшін әрбір қызметкердің өмірі қымбат. Олардың қауіпсіздік шараларын сақтауына да басты назар бөлетініміз сондықтан. Дегенмен, сол оқиғаға куәгер ардагерлеріміздің айтуынша барлық шара қолданғанымен арада 18 сағат өткенде табиғат тосын мінез танытып, құйынды қатты жел соғуының салдарынан мұнай өнімі сақталған қазандықты от шарпып өтеді де үлкен жарылыс болады. Қызыл жалын әп-сәтте өрт сөндірушілер тобын жауып қалған, – дейді азаматтық қорғау подполковнигі Қуаныш Арсланов.

506


Жалын ішінде жеті жан қалған. Әріптестерін құтқаруға жанталасқандар бет қаратпайтын от ішіндегі жігіттердің аман қалуына барын салады. Б.Алпысбаев, Р.Анарбаев, Б.Махановтың денелері тұтас күйді. Дәрігерлер кейін олардың жарақаттары өте ауыр деп бағалады. В.Елеусізов, К. Есімбаев, Ф.Хадиханов және Д.Битановтардың жарақаты жеңілдеу болғанымен, күйіктің аты күйік. Ұзақ ем-дом алуды қажет ететін, тән жарасы жазылғанмен жан жарасы жүректі қарып қалып қоятыны тағы бар. Оның үстіне дәрігерлер әріптестері Бақыт Алпысбаевты ажалдан арашалап қала алмады. Небәрі 25 жасында қызыл жалынмен арпалыста алған жарақатынан ауруханада бірнеше күн жатып қайтыс болды. Артында екі қызы қалды.
– Елгезектігімен ерекшеленген Бақыт бауырымыздан айрылып қалғанымыз бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Равхат Анарбаев ауыр жарақаттан мүгедек болып қалды. Бауыржан Маханов та аз зардап шеккен жоқ. Бақыт, Равхат, Бауыржанға жанқиярлық ерлік көрсеткені үшін сол кездегі Кеңес Одағының "Қызыл Жұлдыз" ордені берілді. Бақыт Алпысбаевтың мемлекеттік наградасы анасына табыс етілді, – дейді Төтенше жағдайлар саласының Құрметті ардагері Қуан Ибрагимов.

507

 

Жұлдызбек те...

Өртке қарсы қызмет аға сержанты Жұлдызбек Тұрарұлы Есенәлиев те жұлдыздай жарқ етті де ойда жоқта сөнді. Оны да қызыл жалын «жұтып» қойды. Шымкенттегі Байтулы баба көшесінде орналасқан фармацевтикалық заттар қоймасынан өрт шықты деген хабарды естігенде әріптестерімен әдеттегідей қызыл жалынмен күресуге шұғыл аттанған Жұлдызбекте «қайтып оралмаймын-ау» деген ойдың болмағаны анық.
Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі мемлекеттік мекемесінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Қуаныш Жораұлы былай дейді:
–Әрбір өрттің ауқымдылығына қарай әрекет ететініміз анық. Дәрі-дәрмектер қоймасындағы өрт бойынша №3 рангті шақырту түскен. Жалпы көлемі 1000 шаршы метрді құраған өртті сөндіру барысында қоймадағы заттарды да жалыннан сақтап қалу мәселесіне үлкен көңіл бөлінді. Алайда, тілсіз жау қойманың қабырға плитасы бекітілген тұсты балқытып-ақ жіберген екен. Жақтауынан ажыраған қабырға плита Жұлдызбектің үстіне құлап, басып қалған...

Нұрғали...

Арыс қаласындағы Б.Оңтаев көшесі бойында мал қора жанып жатыр деген хабар жетісімен, өртсөндірушілер тобы оқиға орнына жедел жетті. Мал қорадағы дестеленіп жиналған шөпті шарпыған жалын адамды жақындатар емес. Өрт алаңын анықтау, тексеріп бақылау жұмыстары жүргізілген соң барып, жалынның бетін қайтаратын су-көбік үлкен қысыммен шашыла бастады. Осы сәтте...
Өрт сөндіруші Нұрғали Қарабаевты жоғары кернеулі электр тоғы соғып қайтыс болады. Бұл 2005 жылдың 12 маусымы болатын. Ол небәрі 30-ға жаңа толған еді.

Өзгені құтқарып, өзі опат болды

–Былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін. Бірақ, құтқарушылар мен өртсөндірушілердің әрбір ісі ерлікпен пара-пар. Өзгені құтқару үшін басын бәйгеге тігетін жігіттеріміз аз емес. Олар мұны міндетіміз деп біледі, – дейді Қуаныш Жораұлы.
Расында да «Ақмешіт» шатқалында биіктіктен бір ер азамат құлап кетіпті деген хабар жеткенде көмекке аттанған шұғыл топ құрамындағы Жомарт Орынбасарұлы Сәрсенбековтің бар ойлағаны қиындыққа тап болған жігітті аман-есен құтқару болатын. Оның үстіне мұндай операциялардың талайына қатысып жүрген, тәжірибелі, «Жедел-құтқару жасағы» мекемесінің бас құтқарушысы, 1-сыныпты құтқарушы үшін басты міндет адам өміріне араша болу. Шатқалға жеткенде Жомарт құлаған жігітті іздейді. Шатқалдың жарқабағында тұрып, төменде жатқан ер азаматты көреді де, көмекке әріптестерін шақырып, өзі әлгі жігітті алып шығуға төменге қарай бет алады. Оны жоғары көтеріп шыққаны сол...
Әріптестері келгенде Жомарт төменде жатты. «Мені жоғарыға алып шыққан соң, өзі абайсызда құлап кетті». Құтқарылған жігіттің айтқаны осы болды.
Жомарт Орынбасарұлы Сәрсенбеков те бұл кезде 30-ға жаңа толған-ды. Бұл 2016 жылдың 30 мамыры болатын. Артында бес баласы қалды. Олар бүгінде әкесіне қаза тапқан соң берілген «Ерлігі үшін» медаліне қарап ерлік деген ұғымның қаншалықты қымбат екенін ұғынып, ержетіп келеді.

Түйін:

Күн сайын тілсіз жаумен бетпе бет келетін құтқарушылар мен өртсөндірушілердің ерлік істері жайлы айтылар әңгіме көп. Ал өз қызметіне адал бола жүріп, өзгені ажалдан арашалап, өзі опат болғандардың есімдері ел есінен ешқашан шықпауы керек. Абай саябағындағы ескерткіш те сол үшін қойылған.

Последнее изменение Пятница, 15 Январь 2021 05:17