АССАМБЛЕЯНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ ЖИЫНЫ ӨТТІ

Среда, 30 Декабрь 2020 04:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1683 раз

a065ee16-9ada-4c38-95ef-ef550e517d24

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы қорытынды жиыны өтті. Басқосуға этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты.

Үшінші мегаполистегі мемлекеттік этносаясаттың жүргізілу барысымен танысып, қатысушылардың ұсыныс, пікірлерін тыңдаған шаһар басшысы алдағы кезеңдерде қаланың өсіп-өркендеуі жолындағы жұмыстарды бірлесе жүзеге асыратынын жеткізді.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы ел тәуелсіздігін алған соң Елбасының бастамасымен құрылған болатын. Осы уақытқа дейін ұлтаралық татулықтың ұйытқысы болып келді. Елде қандай жағдай орын алмасын, этнос өкілдері бірге атсалысып келеді. Алдағы уақытта да ұрпақтар сабақтастығы, мемлекеттік тілді дамыту жолында бірлесе жұмыс атқарамыз, - деді қала әкімі.
Кездесуде қаладағы этносаралық ахуал және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ербол Байқонақов баяндады.
– Пандемия ахуалындағы шектеулерді ескере отырып, жұмыс ауқымын онлайн-форматта жүргізуге басымдық берілді. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында қоғамдық диалог алаңдары құрылды. Сонымен қатар, карантин кезеңінде этнос өкілдерінің қатысуымен «Абай оқулары» эстафетасы, «Әл-Фараби тағылымы» танымдық акциясы, «Мен Туыммен мақтанамын» челленджі, «Қаламның тарихи орындары» онлайн-саяхаты, «Мемлекеттік тіл – тұғырым» вебинары, «Елбасы жолымен» танымдық экспедициясы, «Тәуелсіздік табыстары» лекциялары ұйымдастырылды, - деді Е.Байқонақов.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 100-ден астам түрлі этнос өкілдері өмір сүреді. Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қарамағында 16 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

 
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.