Белсенді ана Қазақстанда инклюзивті қоғам құрғысы келеді

Пятница, 21 Август 2020 06:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1161 раз

7788

Шымкент қаласының тұрғыны, Nur Otan партиясының мүшесі, ерікті әрі мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына арналған сайттың авторы Жанель Жұмалинова партия ішіндегі праймеризге қатысуға бел буып отыр. Жерлесіміз сайлауалды бағдарламасын «Инклюзивті еріктілік арқылы инклюзивті қоғам құруға» деп атаған.

Ұлы ерекше білімді қажет ететін ана өзі секілді ата-аналарға қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту мен жұмысқа орналастыру секілді өмір салаларын қамтуды көздейді.
– Біздің мақсатымыз – дені сау сәби өмірге келуі үшін ана мен бала денсаулығын нығайту, дерттің алдын алу механизмін қалыптастыру, жүктіліктің ерте мерзімінде диагностика жасау, емдеу және балаларды оңалтудың жаңа механизмдерін қалыптастыру. Мүмкіндігі шектеулі балаларға аса қажет, елімізде тіркелмеген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. «Ерекше бала ата-анасының саулығы» арнайы бағдарламасы аясында осындай жандарды психологиялық қолдау, созылмалы дерттерінің алдын алу қарастырылмақ, – дейді үміткер.
Кандидаттың пікірінше, мектепке дейінгі және мектепте білім беруді толық инклюзивті ету керек. Сонда аналары өз балаларына тьютор болып, өздеріне сенімді болар еді. Сонымен қатар, инклюзивті бағыттағы спорт-сауықтыру кешендері мүмкіндігі шектеулі балаларға аса қажет дейді жерлесіміз.
– Ерекше күтімді қажет ететін жандардың өмірін жария етуді маңызды санаймын. Мүмкін болса, олардың дерті туралы видео-роликтер түсіріп, оларға ата-аналары, қамқоршылары қандай көмек көрсететінін, оңалту процесін, осындай жандардың өмір қиындығын жеңіп, жетістікке жету жолын көпшілікке таныстырсақ, тағдыр тәлкегіне ұшыраған өзге жандарға да үлгі болар еді, – дейді Жанель Жұмалинова.
Үміткер кедергісіз орта қалыптыстыруды да алдына мақсат етіп қойған. Мысалы, ерекше балалардың ата-аналарына қоғамдық өмірге белсене қатысуға, бизнесте өзін-өзі дамытуына кедергілер болмауы тиіс. Қоғамның көзқарасын өзгертіп, мүмкіндігі шектеулі жан немесе ерекше күтімді қажет ететін баланың да басқа азаматтармен тең құқылы екеніне назар аударту керек. Егер осындай жандарға тиісті жағдай жасалса, олар да өз ісін жүргізіп, салығын да төлер еді.
– Праймеризге тіркелуге мен ұлыммен бардым. Себебі, оны үйде қалдыратын жағдай жоқ, балабақшалар жабық. Бұл да біздің ұстанымға тікелей қатысты – осындай ерекше балалар мен олардың ата-аналарының өмірін жақсарту үшін жаңа механизмдерді қолға алу қажет. Біз сияқты ата-ана да жұмыс істеуге құқылы, ал ол үшін бірқатар өзгерісті енгізу қажет. Осылайша менің сайлауалды бағдарламама біз секілді ата-ананың тәжірибесі, пандемия мен карантин кезінде көрген кедергілер еніп отыр. Бұл жағдайдың барлығын сайлаушылармен талқылауды жөн санадым. Мұндай балалардың ата-аналарының үнін де қоғам естуі тиіс! – дейді ерекше баланың анасы Жанель Жұмалинова.

 

Последнее изменение Пятница, 21 Август 2020 12:18
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.