Версия для печати

Байдулла ҚОНЫСБЕК, Қазақстанның Құрметті журналисі: «Шымкент келбеті» оқырманын тапқан газет Избранное

Пятница, 26 Июнь 2020 03:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3008 раз
Оцените материал
(0 голосов)

0e957b95242d14ad6e15ce0c153698a2

Газет өміршеңдігімен құнды. Бағалы. Өз оқырманын тапқан басылым ғана өз сүрлеуінен жаңыла қоймасы анық. Ширек ғасырдан астам уақыт оқырмандармен қауышып келе жатқан «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің өз даму жолы, тарихы бар. Бүгінгі күнге оп-оңай жете қоймағаны тағы рас. Мегаполистің бас басылымы қандай соқпақтардан өтті? Бастауы қалай қалыптасты? Тарихты тұлғалар жасайтыны әмбеге аян.

Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбектің осы тұрғыда бір ауыз пікірін білген едік.
– 1990 жылдары Шымкент қаласының халқы 600 мыңға жетіп қалған-тұғын. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы. Дүрілдеп тұрған қала. Міне, сол кезде Шымкент қаласында газет ашу мәселесі күн тәртібінде тұрды. Мұншама халыққа бір газет керек. Қаланың өмірін, экономикасы мен мәдениетін, оның өсіп-өркендеуін оқырмандарға жеткізу қажет. Міне, қалалық партия комитеті осы мәселені көтерді.
Жаңадан ашылған газеттің бас редакторлығына білікті журналист, абзал азамат Жұмамұрат Тұяқбаевты шақырды. Ол кезде Жұмекең «Оңтүстік Қазақстан» газетінде редактордың бірінші орынбасары болып жұмыс істейтін. Ең әуелі әдеби қызметкер болып жұмысты бастаған ол өнеркәсіп және транспорт бөлімінің басшысы, одан әрі редактордың бірінші орынбасарлығына дейін өсті. Мен ол кездерде «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы едім. Екеуміз тонның ішкі бауындай араласып, қызметтес болдық. Біз өте тығыз байланыста жұмыс істедік. Іскерлігін, жазуының көркемдігін байқағанмын.
Жұмекең тәжірибелі журналист. Өмірден көрген -түйгені мол. Тәртіпті жақсы көретін. Кадр мәселесіне өте үлкен жауапкершілікпен қарайтын.
Бас редактор болып барғаннан газеттің аты дүрілдеді. Осындай жаңа басылым барын жұрт біле бастады. Жұмамұрат Тұяқбаев «Келбетті» құлпыртты. Аз ғана уақыт ішінде оқырман іздеп жүріп оқитын газетке айналды. Алдында жазылымы жоқ-тұғын. Дүңгіршектерде сатылатын. Кейін жазылым жүрді. Каталогқа енді. Сөйтіп газетті оқитын адамдар көбейді.
«Шымкент келбеті» газетінде өткір сын материалдар шығатын. Газет көтерген мәселелер бойынша қалалық әкімдік тиісті дәрежеде көңіл бөліп, одан қорытынды шығару мәселелерін қозғады. Міне, бұл – газеттің абырой-беделін көрсетсе керек. Сондай-ақ, ол кездерде қызметкерлерге үй беру мәселесіне, газетті шығару процесіне әкімдік тарапынан үлкен қамқорлықтар жасалды. Тіпті, өзінің жеке баспаханасы бар газетке айналды. Бұл да бір жас басылым үшін зор мәртебе болғаны анық.
Әрине, «Шымкент келбеті» газеті оқырманын тапқан басылым. Соңғы жылдары таралымы көбейді. Газетті жаздырып алып оқимын. Басылым бетінде жарық көріп жатқан көлемді мақалалар, сын материалдар, бәрі-бәрі орынды. Қаланың тарихына қатысты материалдар көңілден шығады.
Міне, қала өз алдына мегаполис болғалы шаһардың бас басылымының де абыройы одан сайын жоғарылай түсуде. Бүгінде ұжымның алдында үлкен міндет тұр. Мегаполис атанған қаланың көркеюіне, экономикасының дамуына, халқының тыныс-тіршілігі жақсы болуына бірден-бір жауапты ұйымдардың қатарында.
Отыз жыл деген аз уақыт емес. Абырой-беделдерің одан әрі асып, оқырманға қажетті мазмұнды мақалаларың көбейе берсін.
Бұл орайда, ардагер-журналист ретінде мынадай ұсынысымды айтар едім. Ендігі кезекте әкімдік «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің редакциясын қамқорлығына алып, сын материалдарға тиісті дәрежеде баға беріп отыруы керек. Одан кейін қаланың орталығынан ұжымға жеке ғимарат беретін уақыт келді деп ойлаймын.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.