Сұрмерген ару

Пятница, 06 Март 2020 04:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2760 раз

Сәрсенкүл Рысбекова... Ел үміт күткен саңлақ. Құралайды көзге атқан спортшы ару бүгінде Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындық үстінде. 21 жастағы шымкенттік шымыр спортшының мақсаты айқын. Жолдама уыста. Ендігі меже – Олимпиада жүлдесі.

1573121865

«Басты қарсыластарым – Италия, Қытай және Ресей спортшылары»

Сәрсенкүл Қанатқызы аз уақыттың ішінде керемет жетістіктерге қол жеткізді. Стенд ату спортымен 10 жылдан аса уақыттан бері шұғылданады. Жастар арасында әлем кубогының иегері (2015). Дүниежүзілік Жазғы Универсиада ойындарының қола жүлдегері (2019). Азия чемпионатының (2019 ж) күміс жүлдегері.

Былтыр қарашада Дохада өткен лицензиялық Азия чемпионатында жерлесіміздің бағы жанды: трап бағдарламасы бойынша күміс жүлдеге ие болып, ел қоржынына 22-ші лицензияны сыйға тартты. Ливандық Рэй Бассилге ғана есе жіберіп алған болатын. Бұдан бөлек, Қазақстан құрамасы командалық сында Азия чемпионы атанды.

– Басты талап – жолдама жеңіп алу керек еді. Мен оған қол жеткіздім. Дайындық ойдағыдай өтіп жатыр. Аздап қобалжу да бар. Төртжылдық додасындағы басты қарсыластарым – Италия, Қытай және Ресей спортшылары болмақ, – дейді өзі.

Иә, ол стенд атудан ең алғашқы жолдаманың иегері. Құрлықтық біріншілік алдында Кувейтте арнайы оқу-жаттығу жиыны өткен еді. Командалық жарыста ел құрамасы Азия үздігі атануы – өте жақсы нәтиже.

Стенд ату – қымбат спорт түрі

Олимпиадалық стенд атудың бірнеше жаттығу түрлері бар. Трап, скит, трап-микс, скит-микс, дубль-трап, т.б. Сәрсенкүл бүгінде трап жаттығуында топ жарып жүр.
Стенд ату – қымбат спорт түрі саналады. Өйткені спорттық құрылғылар шетелден алынады. Бағасы өте қымбат. Әйтсе де мемлекеттен бұл спортқа қолдау жеткілікті.
Бүгінде ұлттық құрамаға шетелдік мамандар тартылған. Отандық мамандардың да біліктілігі артып келеді. Содан да болар, біздің спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетуде.

Әрине, стенд ату спортында басты талаптың бірі – техника қауіпсіздігін сақтау. Әрі психологиялық дайындық өте маңызды. Қандай жарыс болса да дұрыс көңіл күймен келу керек.
Негізінен, Сәрсенкүлге бұл спорт түріне бағыт-бағдар берген өзінің әкесі. Бұл туралы өзі: «Белсенді оқушы болдым. Ән айттым, би үйірмесіне бардым. Одан кейін әкем 12 жасымда мені осы спортқа берді. Ең алғаш Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы жарысқа қатысып, жеңімпаз атандым. Ата-анам – басты жанкүйерім», – дейді.

Иә, қазір Азия құрлығында бәсекелестік қызып тұр. Мәселен, Катардағы Азия чемпионатында рекордтық көрсеткіш тіркелді. Жыл сайын рекордтар жаңарып, әлемде бұл спорттың деңгейі қарқынды дамып келеді.

«Бабым мен бағым келіссе...»

Сайыпқыран спортшының талабын ұштап, ең алғаш стенд атудың әліппесін үйреткен –
Оксана Середа. Шымкент қаласы құрамасының аға бапкері. Ол –елімізге белгілі спортшы. 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы.
– Сәрсенкүл өте елгезек және жауапкершілігі мол қыз. Өзімен өте көп жұмыс істейді. Стенд ату – техникалық жағынан өте қиын спорт.

Шәкіртім тапсырмаларды жоғары деңгейде атқаруға тырысады. Әрбір жарысқа тыңғылықты, жауапкершілікпен, сауатты дайындалады. Мақсатына жетпей, тынбайтынын үлгі етуге болады, – дейді бапкері.
Сәрсенкүл Рысбекова – Шымкент қалалық № 14 ату спорт түрлері мектебінің шәкірті. Бүгінде ОҚМУ-дың денешынықтыру және спорт мамандығының 4 курсында білім алады.

Былтыр Дүниежүзілік Универсиададан қола жүлдемен оралған еді. Ол кезде де ел қоржынына алғашқы жүлдені салған болатын. Шіліңгір шілдеде жерлестері зор қошеметпен күтіп алған.
Ендігі бағыт – Олимпиада. «Мақсат – жүлде алу. Бағым мен бабым келіссе, өз биігіме шығамын», – дейді спортшы қыз. Токио ойындарына дейін әлі алда бірқатар Әлем Кубогы бәсекелері бар. Біз құралайды көзге атқан аруға сәттілік тілейміз!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.