Жастар мәслихаты құрылады Избранное

Пятница, 19 Апрель 2019 04:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3704 раз

Шымкент қаласының Қоғамдық кеңес отырысында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жастар мәслихатының құрылуы уақыт талабы екенін айтты. Себебі, қала тұрғындарының 30 пайызы – жастар. Жиында, сондай-ақ, Қоғамдық кеңестің ережесі мен жұмыс жоспарын бекіту, қоғамдық кеңестің тұрақты комиссия мүшелерін бекіту туралы мәселелер қаралды.

Жастар мәслихаты 2

Қалада жастар мәслихатын құру мәселесі бойынша Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев баяндама жасады. Жастарды қолдау ел болашағына салынған инвестиция екенін айтқан қала әкімі жастар мәслихаттатығына депутаттарды сайлау ашық, әрі әділ өту үшін онлайн режимде өткізуді ұсынды.

– Биыл Жастар жылы. Жастар мәслихаты жергілікті атқарушы органдар мен жастар арасында алтын көпір бола алады. Жастар – біздің болашағымыз. Қаланың белсенді жастарын осы жастар мәслихатына қатысуға шақырамын.

Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу де маңызды жобаның бірі. Электронды билет жүйесі қалада көлік қозғалысын реттейді. Сонымен қоса «көлеңкелі» экономиканы жояды, – деді Ғ.Әбдірахымов.

Жиында қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Ж.Қалтаев жастар мәслихатына сайлауға түсетін үміткерлердің кімдер бола алатынын атап өтті. Оның айтуынша, жастар мәслихатына Шымкент қаласының аумағында тұратын, 14-29 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мүше бола алады. Жалпы мәслихат 29 жас депутаттан құралып, өкілеттілігі екі жылға созылады.

– Әрбір сайлауға қатысушы кандидат қоғаммен етене қарым-қатынас жасап, тұрғындардың қалай өмір сүріп жатқанынан хабардар болуы шарт. Жастар мәселесінде шешілмей жатқан түйіндерді анықтап, оларды шешу жолдарымен ұсынатын сайлауалды бағдарламалары да болуы қажет.

Себебі олар билік басында қала жастарына тұрғын үй беру, жұмыссыздық деңгейін төмендету жалпы жастарды әлеуметтендіру мәселелеріне қатысты шешім қабылдайды, – деді басқарма басшысы.
Қоғамдық кеңестің мүшелері алдағы уақытта қаланың дамуы бойынша мәселелерді бақылауда ұстау жөнінде ұсыныс білдірді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.