Балабақша қауіпсіздігі – ересектер назарында Избранное

Пятница, 22 Февраль 2019 04:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5432 раз

Елімізде балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Себебі соңғы уақытта мектепке дейінгі тәрбие беретін бұл ұйымдарда балаларға жәбір көрсету оқиғалары әлеуметтік желілерде тарап, тәрбиешілердің құқық бұзған фактілері тіркелуде.

DSC 3714

Елбасы соңғы Жолдауында балалар қауіпсіздігін ескере отырып, балабақша мен мектептерді 100 пайыз бейнебақылау камерасымен жабдықтауды нақты тапсырған болатын.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 489 мектепке дейінгі ұйымда 70 мыңға жуық бүлдіршін тәрбиеленуде. Миллионды қалада қоғам үшін өзекті мәселенің алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарына тоқталсақ.

Адами фактор орын алмайды

Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, қалада 79 мемлекеттік, 13 шағын орталық, 397 жекеменшік балабақша бар. Мектепке дейігі ұйымдарда 1-6 жасар 69 838 бүлдіршін тәрбиеленуде.

Республикада алғаш болып Шымкентте білім саласы толыққанды цифрландыру жүйесіне көшіп, балабақша мен бірінші сыныпқа оқушыларды қабылдау, күнделік және мұғалімдерді жұмысқа қабылдау электронды жүйесі енгізілді. Соның нәтижесінде 10 мыңға жуық адам сыртқы портал, 30 мыңға жуығы egov, 1500-тен астамы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы балаларын балабақшаға қабылдауға өтініш қалдырған.

DSC 3698

– Осымен үшінші жыл білім саласында garden автоматтандырылған жүйесі іске қосылып, мектепке дейінгі ұйымдарда кезекке қою, құжат қабылдау және жолдама беру электронды түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңда 487 балабақша электронды жүйеге қосылған.

Жаңа жүйенің тиімділігі сол – ата-аналар garden.shymkent.edu.kz. порталы арқылы балаларын мекемеге өздері кезекке қояды, жалпы балабақшалар туралы толық мәлімет алады, электронды веб-портал арқылы кезекті анықтайды, ата-аналар өзара келісе отырып балаларын бір балабақшадан екінші балабақшаға алмастыра алады.

Тіпті электронды жолдаманы ата-ананың өзіне алу мүмкіндігі берілген, – дейді Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Перизат Бектайқызы.

Цифрландырудағы қызмет көрсетудің жаңа форматының нәтижесінде білім саласында қағазбастылықтан арылып, адами фактор орын алмайды, дейді сала мамандары.

Мемлекеттік балабақша 100% қамтылған

Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың өміріне қауіп төндіретін, денсаулығына нұқсан келтіретін жағдайларды болдырмау мақсатында қаладағы 79 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымға 1506 бейне-бақылау камерасы топ бөлмелерінде, жатын бөлмелерде, дәліздерге орнатылған.

DSC 3746

Ал жекеменшік балабақшаларда бұл көрсеткіш әзірге 21,6 пайызды ғана құрап отыр. Сала мамандары бүгінде жекеменшік балабақшаларды арнайы құрылғымен қамтылуы бойынша жұмыстарды жандандырамыз дегенді алға тартуда.
Перзентінің жағдайына алаңдайтын аналардың бірі – шымкенттік үш жасар баланың анасы Толқын Тәжібаева. Балабақшада бұған дейін екі қызы тәлім-тәрбие алған.

– Заман тыныш болды ма, ол кезде уайымдамайтын едік. Қазір әлеуметтік желілерде кішкентай балаларды ұрып-соғып жатқан жағдайларды көріп қаламыз. Балаларымыз күні бойы балабақшада болатындықтан, іштей қорқып отырасың.

Дегенмен, біздің баламыз баратын №39 балабақшаның сыртында, ішінде бейне-бақылау камерасы орнатылған. Енді мекеме басшысына жатын, сабақ оқитын кабинеттерге де қойса деген өтінішімізді жеткіздік, - дейді көп балалы ана.

Тәрбиешілердің біліктілігі арттырылуда

Балабақшаларда қауіпсіздіктен бөлек тәрбиешілердің біліктілігі мен біліміне де баса назар аударады. Самал шағынауданындағы №55 «Самал» бөбекжай-балабақшасы осы бағытта жұмысты жандандырып отырған мекеменің бірі.

– Жұмысымызды 2015 жылдан бастадық. Бүгінде 18 топта 500 бала тәрбиеленуде. Осыншама баланың қауіпсіздігіне баса назар аудармыз, әрине. Себебі, ата-анасы бізге тапсырған балалардың өмірі, денсаулығы маңызды. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ғимараттың іші-сыртына, жалпы, 31 жерге камера қойылды.

Оның 17-і мемлекет, 14-і демеушілер есебінен қаржыландырылған. Сыртта, дәліз, жатын, киінетін бөлме және ән-би залы да замануи құрылғымен жабдықталған.

Бақылау мониторының бірі – менің, екіншісі әдіскердің кабинетіне қойылған, сол арқылы барлық жағдай жіті назарда ұсталады. Әзірге ата-аналар тарапынан ешқандай шағым болған емес, - дейді бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі Зүбайра Өнерова.

Балабақша басшысы мекемедегі мамандардың педагогикалық-психологиялық тұрғыда біліктілігін арттыруда жүйелі іс-шаралар өткізілетінін айтты.

– Білікті педагогтармен тәжірибе алмасу сабақтары ұйымдастырылады. Арнайы мамандар шақырып, шеберлік-сабақтар өткізіп тұрамыз. Бүгінгі тәрбиешілерге үздіксіз ізденіс қажет. Өйткені, кішкентай бүлдіршіндермен жұмыс істеу педагогикалық тәжірибемен қатар адами қасиеттер – мейірімділік, бауырмалдылық, шыдамдылық пен сабырлықты қажет етеді, - дейді З.Өнерова.

Қауіпсіздікке кепіл беретін пилоттық жоба

Жуырда Шымкенттегі балабақшаларда бүлдіршіндердің қауіпсіздігіне кепіл беретін тағы бір пилоттық жоба қолға алынды. Онда тәрбиеленушілердің саусақ іздері «SANA» автоматтандырылған биометриялық жүйесінің деректер қорына тікелей ата-аналарының келісімімен ендіріледі. Қондырғы балабақшалардың кіреберісіне қойылып, саусақ ізі арқылы ішке кіруге мүмкіндік алады. Ол бөбекжайға бүлдіршіннің келген-келмегенін және уақытын да көрсетіп тұрады.

– Бұл жүйе мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшалардағы тәрбиеленушілердің қатысуын қадағалайды. Аталған озық жүйені «Smart Texno Systems» ЖШС орнатуда. Жүйенің мақсаты - бюджет қаражатын үнемдеу, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының нақты балабақшада мақсатты жұмсалуын қадағалау.

Жаңа технология арқылы мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың нақты қатысуы бақыланып, қағаз құжат айналымы қысқарады, адами факторға және сыбайластыққа жол берілмейді, - дейді Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Перизат Бектайқызы.

Бұл жүйеде әр саусақ ізі үшін бірегей цифрлық код беріледі. Егер саусақ ізі сол сандық кодқа сәйкес келмесе, балабақша есігі бөгде адамға ашылмайды. Әзірге биометриялық кесте қаладағы «Күмісай» және «Сабыр Рахымов» балабақшаларына кәсіпкерлердің өз қаржысы есебінен қойылған. Пилоттық жоба ретінде қойылған қондырғының нәтижесі оң болса, қаладағы барлық балабақшаларға қою жоспарлануда.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.