«Рухани құндылықтарды жаңғыртуда ақпарат құралдарының рөлі». Осындай тақырыпта «Шымкент» қонақүйінің мәжіліс залында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті.
Оған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков, Қазақстанның Журналистер одағы ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова, «Асыл Сөз Медиа» шығармашылық бірлестігінің төрағасы Асылбек Ноғаев және бірқатар журналистер мен әлеуметтік желі белсенділері қатысты.
Шара барысында жастарды ғаламтордағы теріс ақпараттардан қорғау, ақпарат ағынын сүзгіден өткізу және құндылықтарымызды насихаттаудағы БАҚ-тың рөлі жайлы әңгіме өрбіді. Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан түрлі пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Жиын соңында сауалнама жүргізіліп, сертификаттар табысталды.
– Қазір телеарналар мен ғаламтор жастардың басты тәрбие құралына айналып барады. Сондықтан жақсы мен жаманды ажыратып, саралауда БАҚ-тың рөлі ерекше. Мұндай тақырыптағы семинарлар БАҚ өкілдері үшін өте маңызды деп есептеймін. Алдағы уақытта бұл іс-шаралар жалғасады, – деді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков.