Отбасы – қоғамның тірегі. Бүгінгі жас ұрпақ – еліміздің болашағы. Біздің алға қойған мақсатымыз – қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты, жарасымды тұлға тәрбиелеп өсіру. Өтіп жатқан іс-шараның мақсаты да жас буынға отбасы институтының қоғамдағы маңыздылығын түсіндіру, жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау. Соңғы жылдары елімізде отбасы тәрбиесі, құндылықтары мәселесіне мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлінуде. Бұл қызметте әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның алатын орны ерекше.
Жиында Назарбаев университетінің профессоры, «InterPress Ih» халықаралық тілдер орталығының директоры, комиссия төрағасының орынбасары Ардақжан Жакенова, Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева, Әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Айғаным Мұхтарқызы сөз сөйлеп, қоғамдағы орын алып жатқан келеңсіздіктер мен зорлық-зомбылық жайлы, әйелдердің құқығы, әдеп-инабат өлшемдері жайлы айтты.
«Әрбір жанұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ, ұрпақтарына құтты қоныс, жайлы болашақ қамтамасыз етілмек» деген пікір айтқан спикерлер жастардың сұрақтарына жауап берді.
– Бүгінгі іс-шараның біздің оқу ордамызда өтуі заңдылық. Өйткені университетімізде 7500 студент бар болса, оның 7000-ы қыздар. Кездесу үлкен диалог алаңы болды. Сонымен қатар, «Қазақстанның Әйелдері Күштерінің Альянсымен» бірлесіп «Аналар мектебін» құрмақшымыз. Университет білім алушыларының көпшілігі болашақ ана, педагогтар. Жаңа жоба олардың тәрбие бағытын, отбасылық құндылықтар мен ұлттық педагогика негізін қамтитын болады, – дейді университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева.
Кездесу барысында қатысушылар отбасылық мәселелердің түрлі аспектілерін талқылап, жастарға қажетті кеңестер берді. Жастар өздерінің қызықтырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты жауаптар алды. Спикерлер отбасының қоғамдағы рөліне тоқталып, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Іс-шараның қорытындысында Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Аружан Руслан отбасы құндылықтарының нығаюы мен болашақ ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие берудің маңызын айта келе, мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп тұратындықтарын жеткізді.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА