Осы орайда Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы «Зерттеушілердің әлеуетін тарту арқылы Шымкент қаласының қоғамдық-саяси ахуалын және өзекті мәселелерін анықтауға арналған әлеуметтік жоба» басым бағыты бойынша «Қолданбалы зерттеулер мектебі» әлеуметтік жобасын іске қосқан болатын. Жоба Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша қолға алынған, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан басқарылады.
Бұл жөнінде маусым айында Альянстың ақпараттық ресурстарында хабарланған еді. Конкурс талаптары жарияланып, қолданбалы зерттеулер мектебіне қатысуға қала тұрғындары арасынан зерттеу тәжірибесі, әлеуметтану және саясаттану салалары бойынша білімі бар азаматтар мен ҮЕҰ саласынан өкілдер шақырылған болатын.
Осылайша, Шымкенттің белсенді азаматтарына қаланың тиімді даму үдерісін жүзеге асыруға өзіндік ықпалын тигізуге мүмкіндік берілді. Аталған жобаға қатысуға қаладағы бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам белсенділері ниет білдіріп, онлайн-режимде өтінімдер берді. Олардың арасынан 20 адам іріктеліп алынды. Іріктеуді тренерлер мен сарапшылар жүргізді.
Осы іріктелген 20 азаматқа Алматыдан арнайы шақыртылған тренер 5 күн бойы интерактивті тренинг өткізді. Офлайн-сабаққа қатысушылар әлеуметтік зерттеу жүргізудің әдіс-тәсілдерімен танысты, біліктіліктерін арттырып, дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік алды. Олар зерттеу методологиясы, мәліметтерді талдау, инновациялық тұжырымдамалар жасау бойынша алған білімді жобаларға іс жүзінде қолдана отырып нақты тапсырмалармен жұмыс істеді. Қаржылық есептілік, іс-әрекет бойынша есеп беру, қаржының мақсатты жұмсалуы туралы есеп беру және тағы басқа да қажетті жайлар бойынша молынан түсінік алды.
Офлайн-сабақтар аяқталғасын қатысушылар арасынан Шымкент қаласындағы қоғамдық-саяси ахуалды зерттеу тақырыптары бойынша өз тұжырымдамаларын сәтті таныстырып, сарапшылар алдында қорғап шыққан 6 адам іріктеліп алынды. Олар енді Шымкенттегі қоғамдық-саяси ахуал, әлеуметтік жағдай, халыққа көрсетілетін қызметтер сапасы бойынша өз зерттеулерін жүргізетін болады. Зерттеулер сараптама, талдау, сұхбаттар мен сауалнамалар жасау сияқты тәсілдер арқылы жүргізіледі. Осы зерттеулер аясында бірқатар маңызды мәселелердің беті ашылады деуге болады.
Өзінің әлеуметтанулық зерттеулерін жүргізу үшін конкурс жеңімпаздарының әрқайсысына шағын гранттар беріледі. Зерттеушілерге тренерлер мен сарапшылар қажетті кеңестер беріп отыратын болады.
Тәуелсіз зерттеушілердің жұмысы нәтижесінде жұртшылықтың қаладағы қоғамдық-саяси ахуал туралы сапалы ақпарат алуына жол ашылады. Өйткені зерттеулердің ішінде неғұрлым сәтті шыққандары арнайы гугл-дискіге жазылып, сақталады. Қала тұрғындары мен басқа да мүдделі топтар үшін бұл арнайы жинақ қолжетімді болады. Ол сондай-ақ қала әкімдігі қызметкерлеріне де тиімді құрал болмақ. Яғни, қала басшылары да алдағы уақытта бұл тәуелсіз зерттеу нәтижелерімен танысып, оны өз жұмыстарында пайдалана алатын болады.
Қысқасы, алдағы уақытта Шымкентте тәуелсіз зерттеуші-сарапшылар институты пайда болмақ. «Қолданбалы зерттеулер мектебінің» зерттеушілері көп ұзамай-ақ іске кірісуге дайын.
Д. ОРАЗ.