Форумның басты мақсаты – қазақ тілінің тек бір ұлттың емес, Қазақстанда өмір сүріп жатқан бүкіл халықтың ортақ қарым-қатынас тіліне айналуына үлес қосу. Қазақ тілін үйренуге, дамытуға және оны қоғамдағы барлық салада кеңінен қолдануға бағыттау, мемлекеттік тілдің қоғамдағы ролін арттыру, сондай-ақ, көптілділікті насихаттау болды.
Форумды Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Убайдуллақызы Оңдасынова құттықтау сөзімен ашып, тіл жанашырлары мен қоғам белсенділеріне алғыс хаттарын табыс етті.
Іс-шара барысында «Тіл – қоғамның айнасы» тақырыбында шағын бейнеролик ұсынылып, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Гүлмира Қалыбайқызының баяндамасымен жалғасын тапты. Сондай-ақ, «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Құрманжанқызының «Қазақ тілі және жасанды интеллект» тақырыбы аясында дайындаған баяндамасы ұсынылды. Ал, қалалық «Талант» жалпы білім беру мектебінің директоры Рахат Арғынбай тіл мәртебесін көтеру жайында келелі ойларымен бөлісіп, тұжырымды ұсыныстарын ортаға салды.
Жиынның соңында форум қатысушыларына үндеу жарияланып, көрермендердің ой-пікірлері тыңдалды.
Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ