КӘСІБИЛІГІ МЕН ДАРЫНЫ ҚАТАР ЖҮРЕТІН ТҰЛҒА Избранное

Пятница, 06 Сентябрь 2024 05:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 529 раз

Мемлекеттік қызметші болу – абыройлы міндет. Себебі мемлекеттік қызметші халық пен бұқара арасындағы алтын көпір, байланыстырушы буын болып табылады. Сондықтан, мемлекеттік қызметтің әрбір саласының қарқынды ілгерілеуі ол тікелей мемлекеттік қызметшінің кәсібіне адалдығымен, жауапкершілігімен тығыз байланысты. Мемлекеттік қызметкер мемлекеттің атынан жұмысын атқарғандықтан мемлекет мүддесін қорғайтын қызметкердің өзін-өзі ұстауы мен адамдармен қарым-қатынасы және шеберлігі аса маңызды. Қызметкердің осындай мінез-құлықтарына қарап қарапайым халықтың да мемлекеттік қызметке сенімдері нығая түспек.

joldaU-1

 

Осы орайда, біздің қаламыздағы мемлекеттік мекемелерде өз функционалдық міндеттерін жоғары деңгейде атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілер қатары аз емес. Сондай мемлекеттік қызметшілердің бірі әрі бірегейі – Сансызбай Айнұр Қуатжанқызы.
Айнұр Қуатжанқызы қазіргі уақытта Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппараты мәдени даму, спорт және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы қызметін атқаруда. Қызмет барысында жауапкершілікті терең сезінуі, мемлекеттік қызметтің әдебіне сай мінез-құлқы, 14 жылға жуық еңбек тәжірибесінде жинай білген кәсібилігі әрі өзінің дарынды табиғаты оның дәл осы салаға жетекшілік етуіне лайықтығының басты көрінісі болып отыр.
Айнұр Қуатжанқызы еңбек жолын 2010 жылы ОҚО Ішкі саясат басқармасының «Жастар орталығы» КММ нұсқаушы, мәдени ұйымдастырушы болып бастап, 2011жылы ОҚО Құқық колледжі «Жастар ісі жөніндегі комитет» төрайымы, 2012 жылы ОҚО Әділет Департаменті баспасөз-хатшысы, 2013 жылы «АИ-Құрылыс
и КО»ЖШС кадр жөніндегі инспекторы, 2014 жылы ОҚО Жастар саясат мәселелері басқармасы «Жастар орталығы» МКМ «Талантты жастарды қолдау» бөлімінің әдіскері, инспекторы, 2015-2017ж.ж. Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппараты халықты әлеуметтік қорғауға қолдау көрсету және мәдениет бөлімінің бас маманы, 2017-2019ж.ж. Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппараты мәдени-ағарту жұмысы бөлімінің басшысы, 2019-2020ж.ж. Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының «Отбасы, рухани даму» жөніндегі бөлімінің басшысы, 2020-2021ж.ж. Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппараты мәдени-ағарту жұмысы бөлімінің басшысы, 2021-2023ж.ж. Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппараты әлеуметтік қорғау, мәден даму және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің бас инспекторы, 2024 жылы Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппараты мәдени даму, спорт және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы лауазымдарында абыройлы қызмет атқарып келеді.
Жоғарыда баяндалған лауазымдарда қызмет жасау барысында аталған мекемелердегі әріптестері Айнұр Қуатжанқызының қалыптасқан адамгершілік қасиетін, тәрбиесін, жоғары мен мәдениеттілігі мен талғампаздығын, қызметтегі кәсібилігін ерекше атап өтіп келеді. Меніңше бұл қасиеттер Айнұр Қуатжанқызының отбасында алған озық тәрбиесі мен еңбек жолында мемлекеттік қызмет мектебінің білікті маман даярлаудағы мемлекеттік қызметшіге дарыта білген дәрісінің жемісі.
Өз басым Айнұр Қуатжанқызымен 2016-2019ж.ж. Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппаратында бірге әріптес болып қызмет ету барысында басты байқағаным оның өзі қызмет атқаратын саласын зерделеуі әрі қызығушылық таныта еңбектенуі, барлық идеологиялық бастамаларда көшбасшылық таныта білуі қызметкер ретінде біліктілігін арттыруға, кәсібилігін шыңдауға ұмтылуы болды. Сонымен бірге, Айнұр Қуатжанқызының қызметтен бөлек ақындық дарыны, дәстүрлі және классикалық музыкалық аспаптарда ойнай білуі, спортпен тұрақты шұғылдануы оның мемлекеттік қызметтегі мәдени-ағарту саласын басқаруға бірден-бір негіз бола білді дер едім. Сондай-ақ, тігін машинасымен киім тігу, құрақ құрау секілді қолөнерді де жетік меңгеруі оның қыз баласына қатысты халқымыздың әдет-ғұрпын ұстана білген текті отбасында өсіп, ата-ана тәрбиесін бойына сіңіргендігінің белгісі екендігін көрсетіп тұр.
Ең бастысы Айнұр Қуатжанқызы мемлекеттік қызмет саласында қаншама уақыт еңбек етсе де ол өзінің қазақ қызына тән болмысын, табиғатын ұмытпаған. Меніңше мемлекеттік қызметтегі әрбір азаматша дәл осындай қасиеттерге ие болса ол мемлекеттік қызметті атқару барысында халық алдында мемлекеттік қызметшінің ұстамдылығын, биязылығын, мәдениеттілігін көрсете білуге өз үлесін қоспақ. Себебі «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден»-деп, Алаш арысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлық, білім мен кәсібилік керек әрі әрбір мемлекеттік қызметші өзінің халықтың қызметшісі екенін ұмытпауы тиіс.
Біз сонда кәсіби дағдыларымен бірге адамгершілік қасиеттері биік қызметшілерден тұратын кәсіби мемлекеттік аппарат құра аламыз. Ал, кәсіби мемлекеттік аппарат құру - біздің мемлекетіміздің алдындағы басты меже.

О.Мейрманов

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.