– Жанатбек мырза, Мемлекет басшысы "Тарифті инвестицияға айырбастау" саясатын қолға алғаны белгілі. "Су арнасы маркетинг" компаниясы осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіп жатыр? Инвестициялық бағдарламаларыңыз, оның жүзеге асырылу барысы мен нәтижелері туралы айтып беріңізші.
– Алдымен тарихқа тоқталғым келеді. 1998 жылы "Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС ұйымдастырылды. Бұған дейін қала тұрғындары су тапшылығынан қатты қиналған еді, жаздың күндері су көпқабатты үйлерде үшінші қабаттан жоғары көтерілмей қала халқы кестемен су ішкен. Осы қиындықтарды шешу үшін мекеме басшылығы жаңа тиімді шешімдер қабылдауға мәжбүр болды. Ең алдымен, суды ысырапсыз пайдалану жолын тауып, су көздерінен көтерілген және тұтынушыларға жеткізілген судың көлемін қатаң есепке алу жолға қойылды. Бұл үшін алдымен кәсіпорындар, одан кейін пәтерлер мен жеке тұрғын үйлер есептеуіш құралдарымен 100 пайыз қамтылды. Нәтижесінде, бір адамға шаққанда тәулігіне 456 литр көлемінде пайданылған су көлемі тәулігіне 100 литрге дейін азайып, судың табиғи қоры үнемделе бастады. Осы күнге дейін біздің есебіміз бойынша халықтың отбасы бюджеті суды тиімді пайдалану арқасында 71,2 млрд.теңгеге үнемделген. Қазіргі күні қала халқы 24 сағат бойы үздіксіз таза сумен толық көлемде қамтылып отыр. Ауыз судың атақты Грундфос компаниясының Selcoperм-500 заманауи қондырғысында табиғи ас тұзынан дайындалатын ерітіндіні пайдалану жолымен зарасыздандырылатынын айта кеткен жөн. Бұл қондырғы адам денсаулығы мен қоршаған ортаға өте қауіпті хлорды пайдалануды алмастырды.
Сонымен қатар, 26 жыл ішінде су көздеріндегі судың табиғи қоры 1519,3 миллион текше метр, яғни қалаға 20 жылға жететін көлемде үнемделді. Бұған қосымша, су жүйелеріндегі су шығының көлемінің деңгейі 42,13 пайыздан 17,36 пайызға дейін төмендеді. Мұндай жетістікке су балансын жүргізуге қажетті 4918 тоқсандық, жалпыкөшелік және жалпыүйлік су есептеуіш құралдарының орнатылып, олардың көрсеткіштерін қашықтан әперетін құрылғылары бар автоматтандырылған жүйенің іске қосылуы жеткізіп отыр.
Суқабылдағыштар мен сорғы станцаларындағы энергияны көп тұтынатын сорғы-энергетикалық қондырғылар әлемдегі ең заманауи қондырғыларға алмастырылды. Нәтижесінде, бір текше метр суды көтеріп, тұтынушыларға дейін жеткізуге жұмсалатын электр энергиясының шығыны 0,87 КВттан 0,06 КВтқа дейін азайтылып, 1998 жылдан бері 86 миллион КВт электр энергиясы үнемделді, немесе қаржыға шаққанда 24,5 миллиард теңге үнемделген.
Су құбырлары мен кәріз желілерін апаттық жағдайлардан барынша сақтап, техникалық қалыпты жағдайда ұстау үшін нормативтік- техникалық талаптарға сай жүргізу жолға қойылды. Бұл бағытта, еңбек қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауда тиімді болатын 100-ден артық заманауи құрылғылар, техника мен еңбек құралдары өндіріске енгізілді. Осылайша, су құбырларындағы апаттық жағдай 1998 жылғы 1643 жағдайдан бүгінгі күнге 522 жағдайда, яғни 3,2 есеге қысқарды.
Осындай жұмыстарды атқарған мекеме бүгінде 1,2 миллионнан астам халықты ауыз сумен қамтамасыз етіп келе жатқан іргелі компанияға айналды.
Біздің жұмыстың басым бағыттарының бірі – негізгі қорларды жаңартып отыру. Барлық шаруашылығымыздағы қажетті құралдардың техникалық жағдайын қалыпты деңгейде ұстап отыру үшін оларды үнемі жаңартып тұру қажет. Өз қызметінде "Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС ең озық технологиялар мен жабдықтарды пайдаланады. Сонымен қатар цифрлық технологиялар да белсенді енгізілуде. Компания құрылғалы бері осы бағытта 46 миллиард теңге көлемінде инвестиция игерген екенбіз. 2009 жылдан бері Еуропа қайта құру және даму банкімен жұмыс істеп келеміз. Бүгінгі күнге дейін арада 6 келісім шарт жасалды. Инвестиция тартуға, жаңа техникалар алуға, жаңа технологиялар енгізуге осы келісім шарттардың көмегі зор болды. Ең төменгі пайызбен алынған ұзақ мерзімді несие қаржысын игеру барысында жаңадан ауыз су қорлары, қалалық суларды тазалау құрылғылары, су құбырлары, кәріз құбырлары ауыстырылып, қалыпты жұмыс істеуі үшін, халыққа жағдай жасау жолында жұмсалған. Осының арқасында 1100 шақырым су құбырын алмастырып, 100 шақырымға жуық кәріз желісін жаңарттық.
"Су-ресурстары Маркетинг"ЖШС инвестициялық бағдарламасы аясында басқа да атқарылған іс көп. Кеңес дәуірінде салынған қалалық шайынды суларды тазартатын кешеніміздің тазарту технологиясын жаңғырттық. Польша технологиясы бойынша құрылғыларды жаңартып, тазаланатын судың сапасын жақсартып, кешеннің қуатын тәулігіне 100 мың текше метрден 200 мың текше метрге дейін арттырдық. Ол біздің басты жетістігіміз. Тазарту құрылыстарын жаңғыртуда белсенді тұнбаны өңдеуге және одан метан алуға мүмкіндік беретін биогаз қондырғысын орнаттық. Содай-ақ, кәріз суларын, шайынды суларды тазартып, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға да жібереміз.
Тазарту кешенінің жұмысына Қазақстан Республикасының Үкіметінде екі мәрте оң баға беріліп, Қазақстан бойынша үлгі ретінде тарату жөнінде шешім қабылданған.
Мамандар тұрмыстық шайынды суларды күнделікті қабылдау қуатын арттыруды ғана емес, одан да күрделі мәселеге тап болды. Ол – ондаған жылдар бұрын жазық далада салынған тазарту кешеннің қала аумағының кеңеюіне байланысты бүгінде тұрғын үйлердің ортасында қалып қоюы. Санитарлық талаптар бойынша тазарту кешеніне бір шақырым радиуста ешқандай тұрғын үй болмауы керек. Алайда, қазір қала аумағының кеңеюіне байланысты бес метр жерде тұрғын үй орналасқан. Соған қарамастан, тазарту кешенінің маңындағы жерлерге тұрғын үй салу үшін рұқсат берілген. Халық учаскелерге тұрғын үй салып алған. Тазарту кешеннің маңында жағымсыз иіс болатыны белгілі. Осыдан тұрғындардан арыз-шағымдар, талаптар түсе бастады. Кешенді жаңа жерге көшіру уақыт пен үлкен шығынды қажет етеді. Бұл – бір күндік тірлік емес. Бірақ, кәсіпорын проблеманы шешу мүмкіндігін іздеді. Олар коммуналдық объектінің жанындағы тұрғындардың кінәсі жоқ екенін түсініп, иістен арылу жолын іздей бастады. Су арнасының мамандары инновациялық технологияларды зерттей бастады. Британдық әріптестер ydro process инновациялық биотехнологиясын ұсынды. Ол артық тұнбаның пайда болуын жою, сондай-ақ қалалық және өндірістік тазарту қондырғыларының барлық процестерін жалпы оңтайландыру үшін қолданылады. Ydro process құрамында 50 микроорганизм бар. Олар жағымсыз иіс пен тұнбаларды жояды. Британдық мамандар мәселені төрт айда шешті. Технология қазірдің өзінде сынақтан өтті. Мұның дәлелі ретінде «Достық» және «Ынтымақ» тұрғын алабы халқының жағымсыз иістің кеткенін айтатынын алға тартуға болады.
Ydro Process биотехнологиясын енгізу тұнба қалдықтарын он есе азайтуға мүмкіндік берді. 1200 текшенің орнына қазір полигонға 120 текше тұнба шығарылады. Жоба бойынша шетелдік әріптестер оларды 50 текшеге дейін қысқартуға уәде береді, яғни тағы 95%. Мегаполистегі стратегиялық нысандарының бірі ретінде бұл құрылысқа үлкен маңыз беріліп отырғаны белгілі. Одан бөлек хлорелла технологиясын қолданып жүргеніміз белгілі. Осы істердің бәрі инвестицияның арқасында істелінген.
– Осы бағыттағы жұмыс алдағы жылдары да жалғасатын шығар, келесі жылдарға қандай жоба-жоспарлар құрып отырсыздар?
– Әрине, алда атқарылар іс көп. Бүгінде Шымкент қаласындағы Самал-3 шағынауданында диаметрі 2000 миллиметрлі кәріз коллекторын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында жаңартылып жатқан құбыр ұзындығы 3 жарым шақырымға жуық. Бұл коллектор 1972 жылы салынған, яғни тозығы жеткен. Жылына бағдарлама аясында 12 шақырым жаңаланады. Момышұлы және Юсупов көшелері аралығын қамтитын ескі құбырдың тозғанынан оның су өткізу деңгей де төмендеген. Жауын-шашын бола қалса, жаңбыр мен еріген қар суы қаланың кәріз жүйесіне түсіп, салдарынан су тазарту деңгейі нашарлайды, ескі коллектор жер үйлерге қауіп төндіреді, оларды су басу қаупі басым еді. Енді проблема туындамайды. Кесте бойынша бұл нысан келесі жылдың күзінде пайдалануға беріледі.
Жоғарыда айтып кеткенімдей, қалалық шайынды су тазарту кешенінің қуатын тәулігіне 200 мың м3 дейін ұлғайту үлкен жоба. Тұтынушылардан жиналатын сарқынды суға қар, жаңбыр суын қосқанда шайынды суды тазарту, қайта өңдеу ісі күрделене береді. Оның үстіне қала халқының саны жылдан-жылға артып отыр. Биылдың өзінде қалалық кәріз жүйесіне «Самал-1», «Самал-2», «Солтүстік-Батыс», «Қайтпас-1», «Ақжайық» шағын аудандарында, Гидролизный, Ворошиловка, Чапаевка тұрғын алабындағы 41 мыңнан астам жеке үйлер қосылуға дайын отыр. Яғни, осы аумақтан кәріз жүйесіне қосылатын 265 мың тұтынушы жалпы тұтынушылар санын тағы да арттыра түседі деген сөз.
Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген инфрақұрылымның тозуын 15 пайызға төмендету міндетін іске асыру үшін қанша қаражат керектігін "Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС-інің мамандары есептеп шықты. Ол үшін Шымкент қаласында 177,3 шақырым су құбыры жаңартылуы тиіс, бұған 20 млрд. теңге керек. Сонымен қатар 131,2 шақырым кәріз құбыры да ауыстырылуы тиіс, бұл мақсатқа 13 млрд. теңге қажет болады. Яғни, 2029 жылға дейін жалпы сомасы 33 млрд. теңге қаражат қажет. Осы жұмыстар іске асырылған жағдайда сумен жабдықтау жүйесінің тозуы 60 пайыздан 45 пайызға дейін, ал, су бұру жүйесі бойынша 77 пайыздан 56 пайызға дейін төмендетілетін болады.
Осыны ескере отырып ел Президентінің «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына сәйкес, 2024-2029 жылдары 29,7 млрд. теңге мөлшерінде инвестициялар салу қажет, оның ішінде 2024-2026 жылдары 9,7 млрд. теңге салынуы тиіс болса, осы жылдарға арналған бекітілген инвестициялық бағдарламада 7,3 млрд. теңге қарастырылған.
Тұтынушыларға цифрлық технологияларды қолдану арқылы қолайлы жағдай жасау біздің алдымызға қойған үлкен мақсаттардың бірі. Алдағы жылы Телеграмм желісіндегі чат-бот арқылы тұтынушыларға онлайн қызмет көрсетуге толық көшуді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде қала тұрғындары телеграмм бот арқылы өздерінің суға төленетін ақы, қарыз мөлшерлерін біліп отырады. 218,6 мың абонент Телеграмм чат-ботын қолданады, оларға түбіртектер электронды нысанда беріледі. Сондай-ақ, тұтынушылардың 93 пайызы Каспи қосымшасы арқылы қашықтан төлем жасайды.
Алдымызда суды өндіруге және тұтынушыларға тасымалдауға жұмсалатын электр энергиясы шығысының үлестік нормасын 0,056 кВт/м3 дейін төмендету деген де міндет тұр.
– Жалпы, Шымкент қаласында тұщы ауыз судың қоры жеткілікті ме? Ауыз су көздерінің тапшылығы жоқ па?
– Жоғарыда айтқанымдай, кәсіпорын жабдықтарын түгелдей заманауи құрылғылармен толықтырды. Осының арқасында бүгінгі таңда барлық тұтынушыларымыз 24 сағат таза ауыз сумен қамтылған. Ауыз су сапасы үнемі СЭС мамандарының қадағалауында. Суды үнемдеу үшін су өлшеуіш құралдары қала бойынша 100 пайыз қондырылған. Соның арқасында бұрынғы ысырап болып жатқан сулар үнемделіп, су қоры сақталып отыр. Ысырапқа жол бермейміз. Суды өлшеуді барлық деңгейде пайдаланып отырмыз.
Біздің мекеменің оң тәжірибесі бірнеше рет Үкіметте және Мәжілісте қаралып Қазақстанның барлық су арнасы кәсіпорындарына тарату жөнінде шешіп қабылданған. Соныңан барлық су арналары біздің кәсіпорында іс тәжірибемен алмасып кетті. Қазақстаннан тыс Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Будапешт, Финляндия және т.б. шет елдерден әріптестеріміз іс-тәжірибемен алмасуға келіп кетті.
Кәсіпорын Президенттік «Парыз» конкурсының экологияға қосқан үлесі үшін номинациясы бойынша екі мәрте (2012 жылы - күміс және 2022 жылы – алтын) жүлдегері атанды. Бұл республикадағы барлық су арналары мекемелерінің арасындағы жалғыз марапат!
– Инвестициялық бағдарламаның жүзеге асуының нәтижесінде ауыз судың тарифін қаншалықты көтеруді жоспарлап отырсыздар?
– Негізі қызмет ақысын тарифтің көлемімен емес нақты төленетін қаржылық шығын мөлшерімен бағалаған абзал. Біздің тұтынушылардың 73 пайызы айына адам басына шаққанда бір ай толық суды жаратып, оның шайынды суын кәріз жүйесіне ағызғаны үшін бар-жоғы 268 теңге төлейді. Ал, енді тариф бойынша 1 литр суымыздың бағасы 10 тиынға жетпейді, магазиннің бөтелкедегі 1 литр суының бағасы 500 теңгеге дейін барады. Осыдан-ақ біздің судың қаншалықты қымбат не арзан екенін бағалай беріңіз.
Жалпы біздің мекеме түсетін қаржының 42 пайызын инвестицияға жұмсаймыз. Сондықтан тариф бізде Алматы мен Астана қалаларынан сәл қымбатырақ. Тарифтегі инвестиция көлемі Алматыда 9 пайыз, Астанада 3 пайыз. Өйткені, оларға инвестиция ретінде жұмсалатын қаржының көп бөлігін мемлекеттік бюджеттен түседі. Егер осы мәселені ескерсек, біздегі судың бағасын тым қымбат деп айтуға келмейді. Ал, егер біз 42 пайыз табысты инвестицияға жұмсамасақ біздің тариф республикадағы ең төменгі тариф болар еді (жобамен: сумен жабдықтау қызмет бойынша 44 теңге, кәріз қызметі бойынша 31 теңге).
– Компанияда қанша адам жұмыс істейді? Қызметкерлердің жалақысы, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік тұрғыда қорғау бойынша қандай жұмыс жүргізіп жатырсыздар?
– Мекемеде қала бойынша 1197 адам жұмыс істейді. Жасыратыны жоқ, айлық жалақы төмен. Енді ол мәселе Үкіметтің деңгейінде шешіліп қалар. Жұмысшылар барлық әлеуметтік тұрғыда қорғалған. Еңбек қауіпсіздігі сақталынады. Зейнетақы қорына аударымдары уақтылы түсіп тұрады. Одан бөлек «Мейірімділік» атты қорымыз бар, одан көп балалы қызметкерлерге, зейнеткерлерімізге, тұрмысы ауыр отбасыларға көмек беріп тұрамыз. Өзіміз азық-түлік бағдарламасын жасадық. Көтерме бағамен кез-келген қызметкерлерге азық-түлік алып береміз.
Арнайы «Смарт-маман» деген оқу орталығын құрдық. Онда ғылыми зерттеу зертханалары, білім беру және сынау зертханалары, гидродинамика заңдарын зерделеуге арналған құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бөлімдер бар. Назарға ұсынылған техникалардың барлығымен оқуға келген мамандар танысып, жұмыс жасайтын болады. Мұнда инженерлік мамандар кәсіби біліктілігін шыңдап, арттырады. Бұл да болса біздің қызметкерлерге жасаған жағдайымыз, көмегіміз десек болады.
– Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңызға табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Салтанат ЖАМАЛДИНОВА