БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ ТАБАЛДЫРЫҚТА ТҰР Избранное

Пятница, 06 Сентябрь 2024 05:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 342 раз

Жаңа оқу жылы тағы да есік қақты. Шешілмеген мәселелер шаш етектен. Ырымға бір орысы жоқ кейбір ауылдарда белсенділер бас көтеріп «орыс кластарын ашып беріңдер» деп жатыр. Астанада да жағдай мәз емес. Жаңадан соғылып жатқан мектептердің орыс тілінде білім беруін қалайтындар көп. Кәдімгідей қоғамдық талқылаулар жүріп тұрады. Неге біздің кейбір қандастарымыз қағынан безінген құландай өз ана тілін менсінбейді?!

AmanaT

 

Қазақ тіліндегі оқулықтар тым әлсіз. Оқушылар ұғымына ауыр. Шындық бар. Бір кепті тарқатайық.
«Аманат» партиясы жақсы жобаны қолға алды. «Аманат-кітап». Партияның Шымкенттегі бас ғимаратында кітапхана ашылған. Бүгінде жастар кітап оқымайды деген пікір белең алып тұр ғой. Өтірік. Саяси кеңестің мүшесі болған соң жолымыз жиі түседі. Шұқшиып кітап оқып отырған жастарды байқаймыз да, іштей разы болып қаламыз.
Мұндағы кітапханадан оқудан бөлек, кітаптар сатылады. Баспа нарқымен. Кітап сататын дүкендегідей қоспа қаржы жоқ. «Аманаттың» амалы.
«Аманат-кітаптың» жаңа кітаптарымен таныстырылымы өтіп тұрады. Басқа басқа, бұл «Аманат» партиясы қолға алса, жетеріне жеткізетін мемлекеттік іс, болашағымыз балалар үшін игілік.
Бүгінде балалар әдебиеті дегенімізбен, осы сала атала көже болып кетті. Үлкен жазушылардың қатарынан орын ала алмаған, үйіріне қосыла алмағандар тіске жұмсақ көріп, түйесін осында шөгеретін болды. Жазушысы да, ақыны да...
Қазақ мектептеріндегі оқулық біткеннің тілін қойыңыз. Бастауыш класқа енді барған бүлдіршіндерге «Ақ киімді денелі ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды. ...Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды» деп келетін Хәкім Абай ақынның, барлық классиктердің шығармашылығынан үзінділер беруге тырысады. Ой дұрыс. Бірақ, жеңіл жазатын Бейімбет Майлиннің «Түйебайы» сияқты болмаса, кейбір сөйлемдері жарты бетті алатын заңғар Мұхтар Әуезов сияқты жазушылардың шығармаларына осы балалар түсініп оқи алмайтынына кепілмін.
Мұны неге айттық? Ертеректе «Қазақстан мектебі» журналының бір бөлігі «Бастауыш мектепте» қызмет еттік. Бөлім редакторы болғаннан кейін оқулықтар да, балалар әдебиеті туралы шығармалар да қолыңнан өтеді.
Өзім жақсы танитын, сыйлас екі ғалым бастауыш класқа еңбек және дене шынықтырудан жазған оқулық жобаларының нұсқаларын басуға ұсынды. Ғалымдығына шәк жоқ, бірақ ондағы түсіндірме сөздерді түсіндіру үшін көп ойлану керек болатын. Бастауыш кластың баласы түгілі ересектердің өзі жағын айырып ала жаздайды.
Екі мұғалім жазушы келетін. Шағын әңгімелер әкеледі. Бейімбет Майлиннің стилінде мысал жазғанымен, сөйлемдері орашолақ, ойы бұлдырлау.
Бұрын балалар басылымы «Қазақстан Пионері» газетінде корректор, тілші болғанымыз бар. «Балдырғанға» шағын әңгімелер жазып тұрдық. «Ақжелкенге» мақалаларымыз шығып жүрді. Мамандығымыз – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қай кластың баласының қандай шығармаларды түйсініп оқи алатынын бір кісідей білеміз. Ал, бірақ, ана жабысқақ «балалар жазушыларынан» құтылу мүмкін емес еді. Күн құрғатпай телефон шалып, аптасына екі мәрте келіп кетеді. Амал жоқ, бар өнеріңді салып қырнайсың, жонасың. Өзіңнің білгеніңді қосасың. Сөйлемдерін бала ұғымына сай жұмсартасың.
Бес-алты жылдан кейін «Балалар әдебиеті» жайлы құрастырылған таңдамалыны көріп шалқамыздан түсе жаздадық. Біздің толыспаған Толстой, шекесінен шеруен атқан қос «классигіміз» таңдамалыдан ойып тұрып орын алыпты. Бұл жағдай бүгінде бар. Өлермендер есіктен кіргізбесең, терезеден кіреді. Терезені жапсаң, тесік тауып алады.
Кезінде Құлбек Ергөбек сынды сыншылар бұларды наркескенмен тураушы еді. Академиктің шаруасы көп, балалар әдебиетіне қолы тимей кетті, білем. «Бастауыш мектепте» балаларға бала тілімен жазатын Өтепберген Ақыпбеков, Байбота Серікбаев (Бейбота Қошым Ноғай) сияқты мықты ақындардың шығармаларын көп пайдаланатын едім. Балалар әдебиеті ешқандай ілтипатқа ілінбегеннен кейін бе, қазір жақсы өлеңдер азайып кетті.
«Аманатқа» күніміз түсіп тұр. Бүгінде Ерлан Қошанов бастаған, кешегі қазақтың алтын жағасы болған Ақаң, Жақаңдардың сарқыты Аманжол Әлтаев, Жанарбек Әшімжан қостаған мықтылар «Аманатты» халыққа сүйкімді етіп, пайдалы іс жасап жүр.
Енді тағы бір ширығатын кез келді. Ол – балалар әдебиеті. Әлемде жапон, неміс, еврей сияқты елдердің балалар педагогикасы үлгі ретінде айтылады. Өйткені, олар ұрпағын ұлт қайнарына салып, жасына қарай білім беріп, деңгейіне қарай көтеріп отырады. Атақты академик Асқар Жұмаділдаевтың «бізге технократтар көп керек» дейтіні сондықтан.
«Аманат» қолға алатын іс мынау: балалар мен жасөспірімдерді жасына қарай бөліп, соған сай шығармаларды іріктеу керек. Бұған мұғалім, психологтар да қатысса болады.
Біріншіден, үш-төрт жасар балалар мен бастауыш класс оқушыларының сөздік қоры зерттеліп, оларға ұсынылатын әдебиет сол шеңберден шықпауы керек.
Екіншіден, бесінші сынып пен жетінші сынып аралығында балалардың сөздік қорына сай шығармалар іріктелген жөн еді. Бұған, классик Бердібек Соқпақбаевтың «Он бес жасар чемпион» сияқты тағлымды әңгімесі әбден келеді. «Менің атым Қожа» да осы сынып оқушыларына шабыт береді. Ұлттық менталитет, мәдениет, салт-дәстүрге негізделген осындай шығармалар қазақ әдебиетінде жетерлік. Тек, іріктей біл.
Әрі қарай белгілі. Жасөспірімдерге тағы бір классигіміз Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» сияқты шедеврін ұсына беріңіз.
Біреулер «орыстың бүлдіршіндері пысық, тақпақ айтқанда тақылдап тұрады» дейді. Әрине, Маршак, Барто, Михалков сияқты балалар әдебиетінің алыптары оларға көр-жер ұсынбайды. Жастарына, сөздік қорына лайықтап, іс-әрекетпен береді.Біздің де сақал сипайтындай жағдайымыз жоқ.
«Аманат» қолға алар болса, қазақта балаларға арнап жаза алатын ақын, жазушылар жетерлік. Мәселен, Сәбит Дүйсенбиев. Мәскеуде өткен балалар жазушыларының форумында мойындалды. Әттеңі, мойын жар бермей жазбай қойды.
Бағана біз айтқан Өтепберген Ақыпбеков, Байбота Қошым Ноғай, оған Дүйсенбек Қанатбаев, Серік Қалиев сияқты ақындарды қосыңыз.
Жазушыларда да балалар дүниесін жақсы білетін, солардың тілінде жаза алатындар көп. Мәселен, Нұрғали Оразов, Көсемәлі Сәттібайұлы сияқты қаламгерлер бүгінгі күнмен үндестіріп жаза алады.
Сөз реті келгенде айта кетейік, мен де жазғам. Әрине, көмек керек болып жатса жаман шобырымызбен шоқалақтатып бір керегіне жарармыз.
Бұл ой көптен көкейде жүр еді. Кейінге шегере беруге болмайтын мемлекеттік қызметіңіздің үлкені осы, «Аманаттың» қолынан көп дүние келетіндігін ел ұғып болды.
Балаларды жас ерекшеліктеріне орай топқа бөліп, ақын, жазушылар арасынан конкурстар өткізсеңіздер тасада қалып жүрген әдебиетіміз молығып қалар еді.
Бердібек Соқпақбаевтай талантты дүниеге әкелген қазақта дарындар жетеді. Ал, «Аманатқа» айтарымыз, балалар әдебиеті өздеріңізге аманат.

Бақтияр ТАЙЖАН

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.