«Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр», – деді Президент.
Біз ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін әлі толық пайдалана алмай отырмыз. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жерлер бар. Мемлекет басшысы пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс екенін атап өтті. Жерді заңсыз иеленіп алғандар не өздері жұмыс істемейді, не өзгеге жұмыс істетпейді. Мен көп жәрде айтып жүрмін. Құдайдың қазаққа берген табиғи ресурсы өте көп. Ауыл шаруашылығын дамытуға қаншама субсидия беріліп жатыр. Бірақ, әлгіндей мәселелер бар. Сол себептен де ауыл шаруашылығын қолдаудың жаңаша бағыттары ұсынылып отыр.
Саланы дамытудың маңызы өте зор. Өйткені қазақтың жаны, өзегі ауылда. Ауылда баспана да жетеді, жағдай да бар. Қаражаттың тиімді жұмсалуына назар аударып, айтылған мәселелерді кешенді түрде шеше алсақ, агросекторды одан әрі дамытар едік. Қазір ауылда жұмыс таппай жүрген жастарға тетіктер керек. Жерді пайдалануға инвестиция салып, адал еңбек етіп жүрген азаматтар да бар. Біз оларды қолдауымыз керек. Жалпы ауылдың әлеуметтік жағдайын талапты жастардың өзі шеше алады деп ойлаймын.
Сәкен МӘЖІНБЕКОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ саясаттану
кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент.