Қонақтар Шымкент қаласының «Достық үйінде» қалалық этномәдени бірлестіктер мен этнос көшбасшыларымен кездесіп, «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Жиынды қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова жүргізді. Сапар аясында елордадан келген қонақтар Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сесиясы мен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында айтылған тұжырымдар мен берілген тапсырмалардың барысын талқылады және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайын пысықтады.
Сондай-ақ, Ғалымжан Махан Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпы республикада жасалып жатқан істері үкімет назарында екендігін айты. Қоғамдық келісім мен жалпыұлтық бірлікті нығайту жолында сарапшылардың жұмыстарына тоқтап, алдағы жоспарлармен таныстырды.
– Қазір еліміздегі этностарды ұйыстырып отырған Ассамблея отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде дамып келеді. Былтыр Ақсақалдар кеңесі мен этномедиация институты құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға Президентіміздің өзі оң баға беріп, одан әрі жандандыруды тапсырды. Қазір елімізде этносаралық алауыздықтың алдын алу жұмыстары тиімді жүріп жатыр. Ассамблеяның басты миссиясы барлық этностарды қазақ халқының қасына ұйыстырып, бір шаңырақ астына жинау. Қазақстан – бейбітшілікті ту еткен, 100-ден астам этнос өкілін бауырына басқан киелі мекен. Біз демократияға ден қойған құқықтық елміз. Бұл ретте еліміз 100-ден аса халықаралық конвенцияға, келісімге, декларацияға қол қойған. Бұл орайда, бүгінгі кездесудің бәріміз үшін маңызы жоғары деп есептеймін. Толеранттылық қағидасын ұстанып, біртұтастыққа сына қағушыларға иммунитет қалыптастыруымыз керек. Әрине бұл тұста Ассамблеяға артылар жүк ауыр. Сондықтан бұл институтты жан-жақты жаңғырту жұмыстары жалғаса бермек, — деді Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.
Мұнан кейін қала әкімдігінде «Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдармен, мәслихатпен байланысын нығайту» тақырыбында жиын өтті. Ғ.Махан мен Ғ.Шойкин бастаған жұмысшы топ жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары өкілдері, мәслихат депутаттарымен кездесті.
Кездесуде ҚХА-ның мемлекеттік органдармен, мәслихаттармен өзара іс-қимылын күшейту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету, қоғамдағы сенім мәдениетін нығайту, қоғамның әлеуметтік кеселдеріне қарсы тұру мәселелері талқыланды.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қазіргі таңда этносаралық жағдай ерекше назар аударуды қажет ететінін айтты. Осындай күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау баршамызға жүктелген басты міндет, қасиетті борыш.
Сондай-ақ, жиында қоғамдық келісімді нығайту жолындағы бірлескен тиімді іс-шаралар мен құқықтық мәселелер туралы қалалық мәслихат депутаты Мұратәлі Қалмұратов баяндама жасады. Этносаралық қатынастарды нығайту мәселелері талқыланған жиында бірқатар ұсыныстар айтылды.
С.ЖАМАЛДИНОВА,
Т.ҚАСЫМОВ