Қазақстан тарихында Ата заңымыз қабылданғалы бері бірнеше рет өзгертіліп, толықтырылды. Өйткені Конституцияның нормалары қатып қалған дүние емес, керісінше негізгі өзегі сақтала отырып, заман ағымына байланысты өзгерістердің болуы – обьективті құбылыс. Жыл өте экономиканың қарқындап, елдің өркендеуімен қатар, қоғамдағы қатынас та өзгереді. Ал, сол қоғамда орын алып жатқан жаңа қатынастарды реттеп отыратын Заң нормалары да өзгеріп отыруы қажет. Өйткені ескі Заң нормалары жаңа қоғамдық қатынастардың талабына сәйкес болмауы мүмкін. Яғни бұл екеуі бір-бірімен қатар жүруі міндетті қағида. Бұл қағида Конституциямыздың өміршең болуын қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның мазмұны уақыт талабына сәйкес жетіліп, жаңартылып отыратынын, бүгінде бүкіл әлемнің кескін-келбеті өзгеріп жатқанын, осындай кезеңде Қазақстан да көштен қалмай, қарқынды дамып, қалыптасқан жаңа ахуалға сай Ата заңның мәтініне қосымша құқықтық тетіктер мен нормалар енгізіп отырады, дегенді айтты.
Қолданыстағы Ата заңымыздың 1-ші бабында, «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады», делінген, ол құқықтық әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды қағидаты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында мемлекетіміздің дамуының алғы шарты ретінде, елімізде заң үстемдігінің ролін күшейту, құқықтық мәдениетті қоғамда, әсіресе жасөспірімдердің арасында қалыптастыру қажет екендігін айта келе ата-бабадан қалған мәдени-мұраны заман талабына сай жаңғыртып, әлемге насихаттау қажет деп ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақыра отырып, ұрпақ тәрбиесіне де тоқталды. Президенттің айтуынша, адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Бұл жерде Шығыс Азия (Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур) елдерінің мықты дамуы, экономикалық жетістіктері, халықтарының тұрмыс-тіршіліктерінің жоғарғы деңгейге жеткендігінің негізгі себебі, олар заң талаптарын жастайынан жақсы меңгеретіндіктері және құқықтық мәдениеттерінің жоғарғы деңгейде болуы, бізге ұтымды үлгі болуы тиіс. Сондықтан қоғамда заң үстемдігінің ролін арттыру маңызды. Себебі мемлекетте заң қатаң сақталмаса, заң алдында барлық азаматтардың құқығы тең болмаса, ол қоғамның дамуына тежеу болады. Сондықтан Қазақ елінде де заңға құрметпен қарау, оны жақсы меңгеру, білу, заң алдында адамдардың құқықтарының тең болуы барша азаматтарға шарт болуы тиіс! Осы қағидаларды мектеп қабырғасынан (барлық сыныптарда жас ерекшіліктеріне байланысты) бастап жасөспірімнің санасына тереңдетіп енгізу қажеттігі туындап тұр.
Бұл ретте заңдылықты сақтай отырып өмір сүру, заң үстемдігін құрметтеуді жасөспірімнің санасына алғашқы қадамнан бастап бейімдей беру ата-анасының, мектептің парызы. Біздің ұлттық құндылықтарымыз – салт-дәстүр, ана тілі, ұлттық тарих пен мәдениетімізде құқықтық тәрбиенің элементтері тұнып тұр. Ұят, ар-намыс, біреудің ала жібін аттамау, өтірік айтпау, ұрламау т.б. көптеген тәрбиелік мәні бар қарапайым әдет-ғұрыптар құқықтық сананы жасөспірімдерге қалыптастырудың алғы шарттары деуге болады.
Сонымен қатар мектеп қабырғасында қазақ халқының тарихындағы «билер институты», Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы, «Жеті Жарғы» сияқты құқықтық маңызы бар деректерді жатқа білуді қамтамасыз ету керек сияқты. Әрине, ең негізгісі – жастарымыздың мектеп қабырғасынан ұшқан кезде әрқайсысының Ата заңымызды, өз құқықтарын жақсы меңгерген азамат болуы. Баланы бастан деп бабаларымыз тәрбие мәселесіне аса көңіл бөліп отырған.
Сондықтан мемлекеттің бас құжаты болып есептелетін Ата заңымызды баршамыз қастерлей, құрметпен қарайтын мемлекеттік құндылық деп қабылдау – азаматтық парызымыз.
Қанатбек ДОСАЛИЕВ,
«Ауыл» партиясы Шымкент қаласы бойынша өңірлік
филиалының төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор