ПИЛОТТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САНАҒЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Среда, 28 Август 2024 04:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 262 раз

20 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін еліміздің барлық өңірінде пилоттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу жоспарланған. Бүгінде Шымкент қаласының Тұран ауданы Ақжар тұрғын алабында пилоттық санақ басталып кетті. Республикалық іс-шараның маңызы зор. Аталған елді мекенде санақты жүргізу екі мемлекеттік қызметкерге жүктелген. Санақтың нәтижесінде ауыл шаруашылығының жай-күйі, саланы дамытудың мәселелері айқын көрінбек.

 

2025 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Біріккен Ұлттар Ұйымының ұсынымдарына сәйкес, аграрлық сектордың жай-күйі туралы статистикалық ақпараттың сапалы және объективті болуы үшін елдерде әр 5-10 жыл сайын ауыл шаруашылығы санақтары өтеді. Қазақстанда 2006-2007 жылдары алғашқы ұлттық ауыл шаруашылығы санағы ұйымдастырылды.
Осы санақтың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласының жай-күйінің егжей-тегжейлі және обьективті жағдайы көрінеді, елдің азық-түлік ресурстарын қалыптастырудағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, әрбір санатының рөлі туралы толық деректер алынады. Санақта жер және егіс алаңдары, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстардың саны, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары, мал шаруашылығы кешендері мен құс фабрикалары, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарын ұстауға арналған өндірістік ғимараттар мен үй-жайлар, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған құрылыстар мен құрылыс жайлар туралы ақпараттарды нақтылау көзделген.
Ұлттық санаққа дайындық жұмыстары ретінде 2024 жылдың 20 тамызынан бастап, 30 қыркүйекке дейін елімізде пилоттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Оның басты мақсаты – әдіснаманың санақ парақтарындағы сауалнамаларының сапасын, далалық жұмыстардың ұйымдастырылуын, бағдарламалық қамтамасыз етуді, интернетпен қамтудың сапасын сынақтан өткізу.
Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қоршаған орта статистикасы бөлімінің басшысы Ержан Төлбасиевтің айтуынша, пилоттық ауыл шаруашылығы санағы екі әдіспен жүргізіледі. Яғни ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер WEB портал (sanaq.gov.kz) онлайн режимде сауалнаманы өздері толтыру арқылы және сұхбатшылардың планшетті пайдаланып, сауалнама жүргізу арқылы өтеді. Пилоттық санақтың дәстүрлі әдісі бойынша мемлекеттік қызметкерлер (интервьюерлер) әр үйге жеке-жеке барып сұхбат алады. Оларда мемлекеттік қызметшінің аты-жөні, фотосуреті, мемлекеттік мөрі, нөмірі көрсетілген куәлігі және қолында планшеті болуы керек.
Шымкент қаласы бойынша пилоттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу үшін Тұран ауданында орналасқан Ақжар тұрғын алабы таңдалған. Тұрғын алапта орналасқан ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, шаруа немесе фермер қожалықтарының және жеке қосалқы шаруашылықтарының тізімдері және көшелердің атаулары, үйлердің нөмірленуін өзектендіру және нақтылау бойынша жұмыстар жүргізілген. Сондай-ақ, статистика департаментінің «бір терезе» қызметінде ауылшаруашылық кәсіпорындары және шаруа немесе фермер қожалықтары үшін онлайн түрде пилоттық санақтан өту бұрышы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, санақ жүргізетін сұхбатшылар үшін арнайы планшеттер дайындалды.
– Пилоттық санақ ақпараттық жүйелердің, әдіснаманың, планшетегі сауалдардың дайындығы, интернетпен қамтудың жағдайы, тұрғын алаптағы интернеттің сапасын сынақтан өткізу мақсатында өткізілуде. Сол себептен тұрғындарды іс-шараға түсіністікпен қарауға шақырамыз. Біздің қызметкерлер әр үйге сұқбатшы ретінде барады. Қолдарында планшет, жеке куәліктері және мөрі болады. Олардың қауіпсіздігі Полиция департаменті тарапынан қамтылады. Ауыл шаруашылығы санағының маңызы – азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығының қазіргі деңгейі туралы, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің азық-түлік қауіпсіздігіне қосып жатқан үлесінің рөлі туралы толыққанды ақпарат беру. Ауыл шаруашылығы саласының дамуын бағдарлау, болашақта ауыл шаруашылығының салаларын дамыту мәселелері бойынша нақты мәліметтерді анықтау, – дейді Ержан Тоқтарханұлы.
Ендігі ретте пилоттық санақтың жүргізілу тәртібін айта кетсек. Жоспар бойынша Ақжар елді мекені орталық көше бойынша екі аумаққа бөлінеді. Онда 750-ге жуық үй бар. Екі қызметкер әр күні 16 үйден, жалпы барлық үйге кіріп шығады.
Санақты жүргізуге 2 мемлекеттік қызметкер, бір нұсқаушы бекітілген. Аталған елді мекенде санақ жұмыстарын жүргізіп жатқан – департаменттің жетекші маманы Асқар Әбдіғаппаров пен бас маман Нұржан Әбдіразақов.
Сондай-ақ, бүгінде статистика департаментінің «Бір терезе» қызметінде ойлайн түрде санақтан өту бұрышы ашылған. Онда ауылшаруашылық кәсіпорындары, шаруа, фермер қожалықтары мен тауар өндіруші жеке кәсіпкерлер санақтан өтуге мүмкіндігі бар.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.