Бірлік – басты байлығымыз Избранное

Пятница, 23 Август 2024 06:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 312 раз

Қазақстан халқының басты байлығы – бірлік. Еліміз бүгінге дейін қандай жетістіктерге жетсе де, қандай биіктерді бағындырса да, соның барлығының негізінде халықтың ынтымақ-бірлігі жатыр. Осынау қасиетті құндылықты сақтай білсек қана байырғы қазақ жерінде тарихи тағдыр тоғыстырған жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері жарасымды өмір сүріп, жарқын болашаққа қарай қадам баса аламыз.

asssamblei

 

Қазақстанда барлық этнос өкілдерінің өз тілі мен мәдениетін сақтауына, ана тілінде білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Басқасын айтпағанда, елімізде 9 тілде ұлттық мектептердің жұмыс істеп тұрғаны осы сөзіміздің айғағы. Соның нәтижесінде еліміздегі этносаралық қарым-қатынастар өзара құрмет пен толеранттылыққа құрылған. Бірақ, тап осылай ынтымағы ұйып отырған талай қоғамдардың екіталай күн туғанда жік-жікке бөлініп, бір-бірімен жауласып кеткенін көре отырып қамданбасқа болмайды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге байланысты «Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі. Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Сондықтан, біз кейбір азаматтарға, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз. Бұл еліміздегі барша азаматтарға ортақ тілек деп санаймын» деген болатын.
Иә, ынтымағымызды ыдыратып, бірлігімізге сызат түсіргісі келетін арандатушылар елдің ішінде де, сыртында да бар, қай кезде де бола бермек. Олай болса, біз әлгіндей кикілжіңдердің орын алуына не себеп болғанын, қоғам мен мемлекет қай жерден қате жібергенін, мұндай оқиғалар ертең тағы қайталанбауы үшін не істеуіміз керектігін үнемі зерделеп, зерттеп, соған сәйкес шара қолданып отыруымыз керек.
Демек, елдегі этнос жастарына Қазақстан тарихын, әсіресе, еліміздің соңғы бір ғасырдағы тарихын қажетті деңгейде оқытып, санасына сіңіре беруіміз керек деген ой туады. Егер Құдайдың жазған тағдырымен байырғы қазақ жерінде басы қосылған сан түрлі этностардың ортақ тарихын жетік білсе, олардың қазақ ұлтына деген құрметі ерекше болары даусыз.
Шындығында ХХ ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары КСРО-да 3 миллионнан астам адам туған жерінен, елінен күштеп көшіріліп, мүлде жат аймақтарға қоныстандырылған. Қазақ жеріне сол уақытта Одақ аумағында тұрып жатқан немістердің 38 пайызы, шешен мен ингуштардың 83 пайызы, кәрістердің 59 пайызы, балқарлардың 55 пайызы, қарашайлардың 58 пайызы, гректердің 76 пайызы, күрдтердің 62 пайызы күшпен әкелінген. Қоныстанушылар Қазақстанның барлық облыстарына орналастырылған. Олардың саны кем дегенде 1 миллион 200 мыңды құрайтын-ды.
Күштеп қоныс аударылғандар туған жерінен мал-мүлкі, киім-кешегі мен ас-ауқатын да ала алмаған. Жүк таситын вагондарға тиеліп, Қазақстанға келгенде босап қалған мешіттер, мал қоралар мен жертөлелерге орналастырылған, тіпті мыңдаған адамдар ашық аспанның астында, жапан далада қалған. Аштық пен антисанитарлық жағдайда күнелткен халықтың арасында жұқпалы аурулар мен бит басу көбейгенін, мыңдаған адамдар айдалада өлім құшқанын тарихи деректер растайды.
Міне, сондай жағдайда қазақ халқы өзінің атамекеніне тағдыр тәлкегімен келген өзге ұлттарға қолынан келген бар жақсылығын жасады. Қазақтар далада қалған өзге ұлт өкілдерін жатсынбай, үйіне кіргізіп алды. Өзі мен бала-шағасы ашқұрсақ отырса да қолындағы бір үзім нанын өзге ұлт өкілдеріне бөліп берді. Ата-әжелеріне осындай қамқорлық танытқан қазақ халқының сол жақсылығын бүгінгі буын ұмытып кетсе, бұл қиянат емес пе?
Жалпы, соңғы жылдардағы әлемдегі, ішкі-сыртқы ахуалға қарап, этносаралық қатынастар мәселесінде қолда бардың бәрінен бір мезетте-ақ ажырап қалуымыз мүмкін екенін, бұрын жасырып келген жараларымыздың бәрінің бір сәтте беті ашылып, өзіміз көргіміз келмейтін дүниенің куәсі болатынымызды байқадық. Әрі бұл әлемде өзгермейтін, мәңгі тұрақты ештеңе жоқ. Біздің қоғам үнемі қозғалыста және онда архитектоникалық өзгерістер жүріп жатыр. Сондықтан, өткен жылдардың шаң басқан лозунгтарын бүркеніп отыра бермей, өз елімізді, өз қоғамымызды жаңа қырынан зерттеуіміз керек. Бірлікті сақтау жолында халықтық дипломатия құралдарын пайдаланумен шектелмей, гуманитарлық ғылымдарды – әлеуметтану, психология, конфликтологияны қолданып, болашақта қақтығыс тудыруы мүмкін әрбір аспектіні мұқият зерттеу керек. Ұлт мәселесіне, этносаралық қарым-қатынас қағидаттарына, жалпы бүкіл ішкі саясат иіріміне иненің көзінен өтердей өткірлікпен қарап, жаңаша, түбірлі шешімдер шығарған жөн. Этносаралық татулықтың деңгейін Ассамблея өткізген іс-шаралардың немесе 1 мамырда алаңға шыққан адамдардың санымен өлшеп отыра берсек, түбі бұдан оңбай опық жейтініміз анық.
Бүгінгі жарасымды бірлігімізді сақтап қалу үшін түрлі этностарды толерантты етіп қана қоймай, өзара қабыстырып, тұтастырып жіберетін іргетас, негіз керек сияқты. Негізі жоқ нәрсе үнемі солқылдақ келеді. Айтайын дегеніміз, мемлекеттік саясат көпэтносты жұртымызды азаматтық біртектілік пен бірлікке негізделген біртұтас ұлтқа айналдыруға бағытталуы керек. Себебі, қазіргі әлемде барлық дамыған мемлекеттер – біртұтас ұлттар. Олар бірыңғай экономикалық, саяси және мәдени кеңістікте өмір сүреді. Демек, тарихи қазақ жерінде өмір сүріп жатқан жүзден астам этностың ХХІ ғасырдағы басты мұраты біртұтас ұлтқа айналу болуы тиіс. Қазақстан халқы біртұтас ұлтқа айналғанда ғана бірлігіміз баянды, өміріміз бейбіт болып, келер ұрпақтарымыз дамыған, өркениетті қоғамда өмір сүре алады.
Әрине, жүз этностың тілі мен танымы ортақ, арман-аңсары мен мақсат-мұраты орайлас біртұтас ұлтқа айналуы – өте күрделі, көп қырлы және ұзақ мерзімді процесс. Бірақ, қанша жерден күрделі болғанымен, бұл – табиғи процесс. Себебі, мемлекет құрудағы мақсаттың өзі – біртұтас ұлтты қалыптастыру емес пе? Мемлекет – қоғамдық жүйенің ең жоғарғы көрінісі болса, ұлт – оның жемісі. Демек, Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап-ақ біздің атамекенімізде жаңа, біртұтас ұлттың қалыптасу үдерісі басталып кеткен десек, артық айтқандық емес.
Сонымен Қазақстанда қалыптаса бастаған біртұтас ұлт қандай ұлт? Бір нәрсені ашып айтуымыз керек, біз айтып отырған біртұтас ұлт осыдан он-он бес жыл бұрын көтеріліп, кейін қазақ ұлтшылдарының, қоғам қайраткерлерінің табандылығының арқасында тоқтатылған «қазақстандық ұлт» туралы идеямен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Себебі, ол біздің қоғамды тілі – орысша, өмір салты – батыстық үлгідегі қоғам етіп құрып, тек қазақ халқын ғана емес, елдегі барлық этностарды ұлтсыздандыруға бағытталған концепция еді. Ал, бұл әр этностың ерекшеліктерін сақтай отырып, азаматтық біртектілік пен біртұтастықты қалыптастыруға негізделген. Бұл жерде «азаматтық» деген сөздің астын сызып көрсету керек. Демек, ең маңызды принцип – біртұтас ұлтты құрайтын азаматтардың қай этностан шыққанына қарамастан, олардың заң алдындағы теңдігі.
Ұлт дегеніміз – бір тілде қалыптасып, аумақтық-әкімшілік, психологиялық, экономикалық-рухани тыныс-тіршілігі тұтас тарихи категория. Демек, ұлтты ұлт ететін тілі екені анық. Бұл жерде «болашақ біртұтас ұлттың тілі қай тіл болады» деген сұрақ туындамауы тиіс. Себебі, елдің де, жердің де иесі қазақ екеніне талас жоқ. Демек, қазақ жерінде қалыптаса бастаған біртұтас ұлттың тілі қазақ тілі болады, оның мәдениеті де қазақ халқының тарихи тамыры мыңжылдықтарға бойлайтын бай мәдениетінің негізінде дамиды.
Рас, әлі де Қазақстандағы қоғамдық қатынастарда орыс тілі үлкен басымдыққа ие. Бірақ, соңғы жылдары бұл жағдай бүйтіп жалғаса бермейтіні айқындала бастады. Өткен жылы елімізде бірінші сыныптың табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің 76 пайызының қазақ сыныбына қадам басқаны көп жайды аңғартады. Қала берді демография, көші-қон, қазақтың зияткерлік күш-қуатының жылдан-жылға артуы секілді факторлар түбі қазақ тілін тұғырына қондырары анық. Демек, өзінің өмірін, балаларының болашағын Қазақстанмен байланыстыратын кез келген азамат біртұтас ұлттың өкілі атануға іштей дайындалуы тиіс. Ол үшін қазақ тілін үйреніп, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін бойыңызға сіңіруіңіз керек. Ал, ол үшін Қазақстан тарихын тану, қазақ әдебиеті мен баспасөзін оқу керек. Бұл бәрінен бұрын болашақта өзіңіздің және балаларыңыздың өмірлік қажеттіліктерін өтеуге керек қадамдар.
Тағы бір айта кетерлігі, біртұтас ұлт қалыптастыру дегеніміз, өзбектің доппы киюіне, ұйғырдың лағман созуына, күрдтің өз тілінде сөйлеуіне, тәжіктің өз салт-дәстүрін сақтауына шек қою деген сөз емес. Қазақ өзінің тумысынан интернационалист, кең қолтық, бауырмал халық екенін тарихта талай рет дәлелдеген. Сондықтан қазаққа интернационализм дәрісін үйретуге ешкімнің моральдық құқы жоқ. Қазақтың осы болмысы барда оның өзгеге тізе батырып, теперіш көрсетуі мүмкін емес. Бұл болашақ біртұтас ұлттың бойында сақталатын ең асыл қасиеттердің бірі болмақ.