Сен жақсы журналист болуға тиіссің...

Понедельник, 15 Июль 2024 10:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1177 раз

jaksi-jurnalist

Бүгін – Қазақстандағы БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі. Журналистер билік пен бұқараның арасындағы «алтын көпір» десек те, жолдан қосылған жолбикелердің кесірінен осы қастерлі мамандықтың қадірі қашып барады. Жасымыз алпыстан асты. Соның қырық жылында журналистика саласына шиырлап із салыппыз. Басшы да болдық, қосшы да болдық. Алдымыздан талай жас буын өтті. Білгенімізді үйреттік. Ұстаз деп сыртымыздан жақсы лебіздерін айтып жатады. Рахмет.

Өткенде журналистер даярлайтын факультеттің ұстаздарымен әңгімелесіп қалдық. Бүгінгі жастардың қатты өзгеріп кеткендігін айтты. Журналистика мамандығын таңдаған студенттерінің дені телеарнада жұмыс істеуді қалайды екен.

Олардың ойынша, жазба журналистикадан телевидениенің артықшылығы: жұртқа тез танылады екенсің. Мүмкін, рас шығар.

Бірақ, өз басым қандай жағдайда да Жанболат Аупбаев, Қали Сәрсенбай сияқты журналист болуды қалаған болар ем. Талайына айттым.

– Аға, мықты журналист болу үшін не істеу керек? Не кеңес бересіз?

Оның жазылып қойған формуласы жоқ. Ең бірінші отаншылдық, өткір мінез бен мол білім керек. Онсыз алысқа ұзай алмайсың. Бір мысал. Қазақтың көрнекті ақындарының бірі Байбота Қошым Ноғайды (ол кезде Серікбаев) газет басшылығы ұйғырдың мықты компазиторы Құддыс Қожамжаровтан сұхбат алуға жібереді.

– Сен менің қандай шығармаларымды білесің?

Қожамжаров төтеден сұрақ қояды. Байекең көшедегі көптің біреуі емес, дайындалып-ақ барған. Капелемде аузына ештеңе түспей, Қожамжаров «сұхбат бермеймін» деп қайтарып жіберіпті. Композитордікі дұрыс.

Тура осындай жағдай Шымкентте де көз алдымызда болды. Көрнекті театр сыншысы марқұм Әшірбек Сығай облыста өткен мәдениет күндері бір байқаудың қазылар алқасының төрағасы болған.

Фестиваль жөнінде сұхбат беріп тұр. Толымды жауап берді. Өзіміздің танымал болып-ақ қалған тележурналист бүлдірді.

– Аға, аты-жөніңізді айтыңызшы? Кім боласыз, қайда қызмет істейсіз?

Әшекеңнің ақшыл жүзі қаракүрең тартып, әлгіге бақырайып қарап тұрды да, бұрылып кетіп қалды.

Әлгі жазғаннан сұрадым. «Шынымен Әшірбек Сығайдың кім екенін білмейсің бе?». «Аға, шынымды айтайын. Білмейді екем. Бірінші рет көріп тұрмын. Неге ренжиді?».

Жас журналист осы екі мысалдан не қортынды шығарар еді?! Білімсіздік, біліп сөйлемеу қас жауыңнан бөлек, қазақ журналистикасының абыройын түсіреді.

Бірақ, бұл дегеніңіз қазақ журналистикасы өзге ұлттар мен ұлыстардың қалам ұстаған ағайындарынан кем дегенді білдірмейді.

Бірқатар басылымдарда басшы болдық. Жас журналистермен көп жұмыс жасадық. Екі нәрсені қадап айтар едім.

Қысқа хабар, шағын репортаждар болса да, тақырыбыңды біліп жаз. Жұрт оқитындай, алған деректерінің бойына қан жүргізетіндей ойнатып жазуға тырыс. Бұл сенің журналистикадағы жолыңды ашып, ешкімге ұқсамайтын өз стиліңді қалыптастырады.

Екінші, бар тақырыпты жаза алу керек. Бірақ, осы салалардың ішінен өзіңнің жаныңа жақынын бір бөлектеп қой. Сол саланы жазғанда ешкім алдыңа түсе алмайтындай зерттеп-зерделеп жаз. Бір мысал айтайын. «Лениншіл жастың» жас журналисі Жанболат Аупбаевты Алматыдан Мәскеудегі «Комсомольская правда» газетіне тәжірибе алмасуға жібереді. Сол кезде осындай жақсы үрдіс болған. Бір апта өтеді. Қазақстандық жас журналист шағын репортаждарды жазып жүр.

Бір күні редакциядан дүр ете қалады. «Василий Михайлович Песков келді. Песков келді» Атақты журналисті көруге біздің де жас журналист барады. Можантопай орыс мұжығы. Үстінде қаудыр тон, аяғында салабасы шыққан ескі етік. Бұл құдай көріп жүрген мәскеулік журналистер сақал-мұрты бастырылмаған әлгі мұжықтың қасында бал арасындай үйіріліп жүр.

Атақты Песков түр-сойы бөлек бұған қайырылады. Жетелеп шетке шығарады. Жөнін сұрайды. Жазған-сызғанымен танысады. Сосын ақылын айтады.

– Сенің мына жазып жүргендерің күндік дүниелер. Жас жігіт, менің ақылымды тыңдасаң өлмейтін дүниелер жаз. Жаныңа жақын тақырыбыңды тап.Сол сенің атыңды шығарады. Журналистикадағы бақытың да болады.

Күн сәл жылт етсе, қаудыр тоны қаудырап түпсіз тайгаға сіңіп кететін, ешкім аяқ баспаған жерлерге барып, ешкім әлі жаза алмай жүрген тақырыптардан жауһар дүниелер тауып келетін В.Песковыңыздың ақылы жас журналиске, ақылды азаматқа майдай жағады.

Бүгінде Жанболат Аупбаевсыз қазақ журналистикасын көзге елестету қиын. Оның «Ашылмаған аралдар» сериясы қазақ журналистикасының «Оқжетпестей биігі», бәсі бөлек дүниелер. Ағамыздың тосын тақырыптағы жазбалары арада жүз ғасыр өтсе де классика болып қала береді.

Қали Сәрсенбай. Эстет қаламгер. Қазақ мәдениетінің мәйегіне қанған, ұмытылуға айналған талай алыптарымызды өз биігіне шығарған тұлға. Өзі көркем мінезді жігіт ағасының жазбаларынан қазақ мәдениетінің жұпар исі аңқып тұрады.

Қыдырбек Рысбек. Қырық жыл іреміз бірге жан досым, қазақ спорт журналистикасының энцоклопедиясы. Кешегі аңыз Сейдахмет Бердіқұлов, беріде Несіп Жүнісбаевтың шәкірті қазақ спорт журналистикасының бар жыртық-жамауын бүтіндеп жүр. Мына әулие көріп жүрген ормандай орысыңыздың спорт журналистикасында оңдай біліп-талдап жазатын журналист жоқ.

Тізімді соза беруге болар еді, осымен тоқтайық.

Қазақ елінің, журналистикасының шоқтығы биік болып, өзге мықты мемлекеттермен иық тіресіп қатар тұруды Алаш ардақтылары қатты армандады.

Қазақ мемлекетінің негізін салған, Ресей империясының ізін жалғастырған пролетариат көсемі В.И.Ленинге аса білімді, аса зиялы Әлімхан Ермековті салып, қазақ жерінің шекарасын бекітіп алған Әлихан Бөкейхановтың үлкен арманы болды.

- «...Қазақтың байырғы жерін қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді. Оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек... Ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру. Бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек...» Қай елдің журналистикасы мықты болса сол мемлекет мықты дегенді де айтқан осы ардақтыларымыз.

Міне, біз осы мақсатқа қызмет етуіміз керек. Крыловтың мысалындағыдай аққу көкке, шортан көлге, шаян жерге тартпай, Қазақстанның егемендігіне бір үйдің баласы, бір қолдың саласындай қызмет етсек, Туымыз ешқашан жығылмайды.

Жас журналистер сұрады, біз айттық. Біліп ал, өз Отаның, өз ұлтыңнан жақының жоқ. Бірлік, ынтымақ қана елді тұтастандырады.