Жиналған көпшілік Әнұранды шырқап, көк Туымыз биікке көтерілді.
Еліміздің барлық өңірінде мемлекеттік Ту бір мезетте көтерілді. Қайта жаңғырған ұлттық мереке — Республика күні биыл екінші жыл қатарынан аталып өтуде. Тәуелсіздігіміздің айшықты мерекесі Шымкент қаласында да өз деңгейінде тойланды.
Кешкілік шаһардағы Астана алаңында Республика күніне арналған мерекелік гала-концерт өтті. Концерттік бағдарламаны тамашалауға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды.
Жергілікті өнерпаздардың әндерімен басталған іс-шара эстрада жұлдыздарының концертіне ұласты. Жергілікті өнерпаздар Еркін Нұржанов, Наркенже Серікбаева, Серік Гамза-задэ, «Фараб» би тобы, «Қазына» би ансамблі мерекенің сәнін кіргізді.
Сондай-ақ, концертті әрі қарай еліміздің эстарада жұлдыздары жалғады. Көпшілік іс-шарада Ғаділбек Жанай, Қайрат Түнтеков, Жанболат пен Жазира, Қуандық Рахым, Әбдіжаппар Әлқожа сынды өнер жұлдыздары танымал әндерін тарту етті.
Осылайша Республика күніне арналған гала-концерт қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.