САПАҒА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ

Среда, 07 Июнь 2023 04:46 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 642 раз

Шымкентте тұрғын үй құрылысы екі пайызға артқан. Бұл туралы құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Сансызбайұлы баспасөз турында мәлімдеді. Журналистер алдымен Әкімшілік-іскерлік орталығы, содан кейін Тұран – 2 және Бозарық шағынауданындағы 74 гектар жер теліміне салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы барысымен танысып, сапасына көз жеткізді.

304

 

— Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы саласында Шымкентте өте ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Оның бірден-бір дәлелі 2020 жылы тұрғын үй құрылысын жүргізу бұдан екі есеге дейін төмен болатын. Биылғы жылы 1 млн 73 мың шаршы метр үйді тапсыруды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 2 млн шаршы метрге дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін бекітілген арнайы жоспар бар. Басқарма тарапынан уақытылы, кезең-кезеңімен жұмыстар атқарылуда, – деді басқарма басшысы Мадияр Сансызбайұлы.
Басқарма басшысы құрылыс саласындағы жайсыз жағдайларды ескере отырып, құрылыс материалдарының сапасы да жоғары талаппен тексеріліп жатқандығын атап өтті. Құрылыс нысандары пайдалануға берілгеннен кейін мердігер тарапынан кеткен ақаулықтар үшін 5 жылға дейін кепілдік беріледі. Тұрғын үйлердің сапасы мен апаттық жағдайларға тұрақтылығы арнайы мамандармен тексеруден өтеді. Қазіргі таңда Бозарық шағынауданында Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынан 54 тұрғын үйдің, яғни 2198 пәтердің құрылысы жүргізілуде. 2023 жылдың қорытындысымен 49 тұрғын үйді толығымен пайдалануға тапсыру жоспарланған, қалған 5 тұрғын үй келесі жылға өтпелі. Одан бөлек, биылғы жылы 9 инженерлік магистралды нысанның 5-еуі толығымен пайдалануға беріледі, дейді жауаптылар.

302


Бұған дейінгі мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген үйлердің сапасына тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымдар аз болмады. Бүгінде бұл мәселе басқарама тарапынан бақылауға алынып, бірініші кезекке қойылғандықтан шағымданушылар саны азайған.
–Мердігер компаниялары құрылыс жұмыстарын аяқтаған соң, тұрғын үйлерді қабылдамас бұрын мамандардың тексеруінен өтеді. Әр үйге, әр пәтерге талдау жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, ақпан айында тапсырылған 1500 пәтердің 778-нен кемшілік анықталды. Бірінде сыртқы әрлеу жұмыстарында, бірінде жертөлеге су кіру мәселесі туындады. Бұл бойынша тұрғындармен арнайы акт түзіліп, жұмыс жүргізілді. Бір айта кетерлігі, бұл жағдайлар үйлердің барлығының сапасыз салынып жатқандығын білдірмейді. Көбінесе кінә тұрғындар тарапынан болады. Тұрмыстық қалдықтарды кәрізге тастау, үйдегі крандарды дұрыс пайдаланбаудың салдарынан 80 пайыз кемшілікке жол беру тұрғындар тарапынан болып жатады. Үй сапасына шағым түскен жағдайда арнайы акт түзіліп, қателік мердігер тарапынан болса, олар түзету жүргізеді, – деді М. Сансызбайұлы.

303


Табиғи апаттарға келетін болсақ, үйлерді жобалау барысында 8 балдық жер сілкінісін қолдан жасап сейсмикалық тексеруден өткізеді екен. Сейсмикалық тексеру барысына басқа елдерден де эксперт мамандар қатыстырылады дейді құрылыс басқармасының өкілдері. Осындай қатаң тексерулерден өтетіндіктен құрылыс компаниялары да бұрынғыдай олқылықтарға жол бермеуге тырысады. Айталық, «Отау құрылыс» компаниясының бас инженері Әбжат Әкімов сертификатталған өнімдерді пайдаланып жатқандығын алға тартты.
–Бозарық шағынауданында салынып жатқан бес қабатты үйлерді мемлекеттік конкурстан жеңіп алғанбыз. Наурыз айында құрылыс басталды. Өткізу уақыты 2023 жылдың қазан айы. Қазіргі таңда үйдің үшінші қабатының кірпіші қаланып жатыр. Құрылыс материалдар отандық әрі стандарттық талаптарға сай жобада көрсетілгендей сертификатталған өнімдерді пайдаланамыз. Сондықтан да сапа жағынан мәселе туындамайды деп ойлаймын, – дейді Ә.Әкімов.
Бозарық шағынауданында 74 гектар аймаққа 183 көпқабатты үй, 1 мектеп, 1 емхана, 1 спорт кешені,1 сауда орталығы салынады. Бүгінде 49 үйдің құрылысы басталған. Жыл соңына дейін құрылысты аяқтау жоспарланған.
Айта кетейік, Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынан Әкімшілік-іскерлік орталығында 2020-2022 жылдары жалпы 16 тұрғын үй пайдалануға тапсырылған. Ал, жыл соңына дейін 3040 пәтер ел игілігіне берілмек.

Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.