«Қызыңды қырық үйден, қала берсе күңнен тый» Избранное

Пятница, 24 Март 2023 04:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 337 раз

немесе ерте жүктіліктің қаупі қандай?

Әлемде жыл сайын кәмелетке толмаған 16 миллионнан астам қыз жүкті болады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі. Алайда, бұл жағымсыз хабар елімізді де шет айналмапты. ДДСҰ жариялаған мәліметтегі көш бастаушылар қатарында Қазақстан да бар. Бүгінде ата дәстүріне берік, тегі асыл қазақтың «Қызыңды қырық үйден, қала берсе күңнен тый» деген мәтелінің де маңызы қалмағандай. Себебі, дәрігерлер ерте жүктіліктің жиілегенін айтып, дабыл қағып отыр.

801

 

Түсік жасату мәселені шешпейді, шиеленістіреді

Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент те бұл проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Ол жайында ресми дерек айтылмағанымен, кәмелетке толмаған мектеп оқушылары, колледж студенттері арасында ерте жүктілік мәселесімен дәрігерге жүгінетіндердің қарасы көбейген. Мәселенің мәнін біліп, себебі мен салдарын анықтау мақсатында мамандарға жүгіндік.
— Бүгінде жасөспірім қыздардың кейбірі кәмелет жасқа толмай жыныстық қатынасқа түсіп, көбіне жүкті болып жатады. Алайда, ол жастағы шалыс қадамның бәрі оң шешімін тауып кетеді дегенге сену қиын. Мүмкін ұнатып, мүмкін шынайы махаббатпен сол әрекетті жасаса да, олар салдарын, денсаулығына келетін зиянын ескермейді. Яғни, жүктілік анықталған жағдайда салдарын ойламастан, оңай әрі тез жолы ретінде түсік жасатуға шешім қабылдайды. Алайда, ерте жүктіліктен соң түсік жасату емі жоқ бедеулікке әкелетінін немесе түрлі созылмалы ауруға шалдығуы мүмкін екенін ескермейді, - дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс балалар гинекологы, перинаталдық орталықтың дәрігері Жансая Амангелдіқызы.
Мамандар медицинада фертильді жастағы, яғни, 15-49 жас аралығындағы әйелдердің бала тууға мүмкіндігі бар екенін алға тартып отыр. «Ерте жүктілікке 13-19 жас аралығындағы жағдай жатады. Қыз баланың ағзасы 18 жасқа дейін қалыптасады, өседі. Толық жетілмей тұрып жыныстық қатынасқа түсу де, жүкті болу да дамып келе жатқан ағзаға, денсаулығына зиян келтіреді. Ал, босану процесі өте ауыр болады» дейді дәрігерлер.

802


— Ескеретін жәйт, қыз 18 жастан асқаннан кейін ғана оның ағзасы бала тууға толық дайын болып, дүниеге дені сау ұрпақ әкелу мүмкіндігі артады. Ал, ерте жүктілік кезінде жасөспірімнің аяғы күп болып ісіп, онда қан қысымының көтерілуі, ашушаңдық, жүйке күйзелісі мен ұйқысыздық жиі кездеседі. Яғни, жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді, салдарынан жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе мен ішкі органдардың жұмысына үлкен салмақ түседі. Бұл кезең фертильді жастағы аяғы ауыр әйелдерде қалыпты өтуі мүмкін. Бірақ, өсіп келе жатқан организм үшін үлкен ауыртпалық тудырады. Мұндай күрделі проблемалар туындағанда мәселені түсік жасату жолымен шешкісі келетіндер де аз емес. Алайда, түсік жасату, шарананы операция арқылы алдыру — денсаулыққа зиян. Түрлі себептермен ол қыз мүлде бала көтере алмауы, яғни бедеу болуы мүмкін, - дейді Ж.Амангелдиева.
Жансая Амангелдіқызы өз тәжірибесіне сүйене отырып, ерте жүктілік орын алатын негізгі екі себепті атап өтті. Дәрігердің айтуынша, ең қиыны, зорлық-зомбылық салдарынан орын алатын ерте жүктілік мәселесі.
— Ырқынан тыс, зорлық-зомбылық салдарына жүкті болған жасөспірімдер көбіне ата-анасының қолдауы мен психолог мамандардың көмегіне жүгінбесе, жүктілік кезеңін қиын өткереді. Себебі, олар психологиялық күйзеліске түсіп, бойындағы баладан арылудың жолын іздейді. Екінші себеп, бұл — жауапкершіліктің және жыныстық қатынас жайлы ақпараттың аздығы, ата-ана тәрбиесінің осалдығынан деп білемін. Жасөспірімдерге ұл мен қыздың жыныс мүшелерінің анатомиялық-физиологиялық фукциясын, оның ерекшеліктерін ерте жастан түсіндіру қажет. Отбасында әкесі ұлына, анасы қызына кәмелетке толмай жыныстық қатынасқа түсудің денсаулыққа зиян екенін, салдарынан бүтін ғұмырының бүлінетінін түсіндірген абзал. Жауапкершіліктің төмендігінен ерте жүкті болған жасөспірімдер қателігін бойына бала біткенде барып мойындап жатады. Ішін жасырып, оны қысып, кең киіммен жасырып әлек болады. Елдің көзіне түсуден қашып, тасада тығылып өмір сүреді. Әбден қысымға түскен шарананың жетілуі тежеліп, дамуына зиян тиеді. Соның салдарынан әлжуаз, қаны аз немесе түрлі кемістікке ұшыраған сәби дүниеге келеді,- дейді дәрігер.

«Сенімді қарым-қатынас орнату керек»

Ерте жүктілік мәселесінде психологтардың да өз айтары бар.
— Ерте жүктілдік мәселесі бүгінгі қоғамның күрмеуі шешілмеген түйткіліне айналып отыр. Мәселенің туындау себебі де түрлі. Бірінде жасөспірім абайсызда зорлық-зомбылық құрбаны болса, екіншіден жеткіншектердің өтпелі кезеңдегі психологиялық тұрақсыздық салдарынан сезімге бой алдырып жатады. Ал, жеке өз тәжірибемде кездескен жағдайды айтар болсам, бұл — ғаламтордағы таныстықтан туындаған оқиғалар. Мұнда әлеуметтік желілер арқылы ересек ер азаматтар жасөспірім қыздармен танысып, өзінің жасын жасырып, оларды алдап-арбау арқылы кездесуге шақырып, өтпелі кезеңдегі қыздардың жағдайын пайдаланады, - дейді Шымкент қалалық №6 емхананың психологы Гүлжан Расулқызы.
Алдап-арбаудың салдарынан оң босағада отырып, аяғы ауырлаған жеткіншектің психологиялық ахуалы жайлы білмекке маман пікіріне жүгіндік.
— Ерте жүктілік орын алғанда жеткіншек психологиялық дағдарысқа ұшырайды. Әсіресе, жасөспірім өзі балалығынан ажырамағандықтан ана атануға, босануға, балаға қарап, оған қамқорлық көрсетуге дайын емес. Ерте жүктілік баланың ағзасына қандай ауырлық әкелсе, психологиясына да сондай салмақ салады. Сондықтан мұндай жағдай орын алса, ата-анасының қолдауы мен психолог мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Ары қарай мамандар жағдайға байланысты жасөспіріммен жұмыс істейді, - дейді психолог Г.Қадырбаева.

800


Мамандар бұған дейін жасырын, қоғамдық ортада қозғауға ұялатын жыныстық қатынас тақырыбының қолжетімді ақпаратқа айналуы да салдарын тигізіп отырғанын алға тартып отыр. Әсіресе, әлеуметтік желідегі арнайы блогтар, ғаламтордағы жас шектеуінсіз ақпараттар мен анайы бейнероликтер қолжетімді дүниеге айналған. Оң-солын танымаған жеткіншек әлжелідегі әрекетке елігіп, соңы келеңсіздіктер әкеліп жататын жағдайлар да аз емес екен.
— Дәрігер ретінде әрбір ата-анаға жасөспірім баласымен тығыз байланыс орнатуға кеңес беремін. Сондай-ақ, қыз баласының мінезіндегі өзгерісті өтпелі кезеңге балап, ескерусіз қалдырмаған жөн. Керісінше, ата-аналар жеткіншектің бойындағы, ойындағы өзгерістерден хабардар болып отырса деймін. Тіптен, әрбір ана қызының етеккір келетін уақытын қадағалап отыруы тиіс. Қазақтың «Қыздың қылығы – түзде» деген аталы сөзі бар. Яғни, өтпелі кезеңде қыз ата-анасына момақан, ибалы болып көрінгенімен, кейбір қылығын бөтен адамдарға көрсетіп жүруі бек мүмкін. Сондай-ақ, мектептерде, жастар ұйымдарында жасөспірімдермен арнайы кездесулер, кештер ұйымдастырылып, онда отбасы құндылықтары дәріптеліп, өтпелі кезеңнен оңай өтудің жолы түсіндіріліп отырса деймін. Мамандар баланың жас ерекшелігіне, мінез-құлқына қарай түсіндіріп, сақтандырса, мұндай келеңсіздіктің дендеуінен сақтанар едік.
Тәжірибемде ерте жүктілік мәселесімен бірнеше рет ұшырастым. Өкініштісі, алдау мен арбауға түскен жеткіншек қыздар жыныстық қатынастан сақтануды, тіпті бойына бала біткенін де білмеген. Іші білініп, екіқабат екенін түсінгенде құрбысына, ата-анасына, тіптен мектеп психологына да сенім білдіріп, шындығын айта алмаған. Бұл — өте күрделі процесс. Себебі, біз тек қоғамдағы қиын проблеманың салдарымен күресіп келеміз. Жасөспірімдерге жыныстық қатынастың зиянын, сақтану керек екенін, ерте жүктіліктің, түсіктің салдарын түсіндіріп әлекпіз. Біз себебімен күресті қолға алуымыз керек. Әуелі, отбасында сенімді қарым-қатынас орнатып, отбасы құндылықтарының сақталуын қолға алған жөн. Қыз анасына, жеңгесіне сырын айтып, олар «қызға қырық үйден тыйым жасап», өтпелі кезеңде жақынырақ араласуы тиіс. Екіншіден, виртуалды әлемдегі таныстықтың шегі болуы керек. Яғни, баланың араласып жүрген ортасы, құрбысы кім екенін ата-ана білгені жөн. Үшіншіден, мектеп психологтары жасөспірімдермен жұмысты ширатуы тиіс. Яғни, баланың мектептегі мінез-құлқы өзгере бастаған тұста сынып жетекшісі баламен тілдесіп, қажет болса психологпен кездестіруі керек. Ал, психолог әрқашан оқушы–отбасы–мектеп арасындағы мәселені дер кезінде анықтап, маман ретінде көмек беруі қажет. Иә, «ертеректе психологқа жүгінбей-ақ өстік», «психологқа жүгінетіндей емес, ақыл-есім орнында» дейтін жандар табылады. Дегенмен, психолог тәннің емес, жанның емшісі. Ата-ана, мұғалім, психолог. Осы үштіктің қатынасы мықты болып, бала оларға сенім артқан кезде мұндай келеңсіздіктер азаяды деген ойдамын, - дейді
Гүлжан Расулқызы.

P.S.

Ақпарат көздеріндегі деректермен таныса қалсаңыз, жантүршігерлік сандарды естисіз. Республикалық сайттардың бірінде Қазақстанда жылына 130 мыңға жуық жасанды түсік жасалатыны жазылыпты. Ең өкініштісі де сол, түсік жасатқандардың басым бөлігі 13-14 жастағы өрімдей қыздар екен. Тіптен, Қазақстандағы жасөспірім қыздар арасындағы жасанды түсік Еуропа елдерімен салыстырғанда 3-4 есе көп делінген...
М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп, бұл мәселе туындамай тұрып-ақ тәрбиенің төркіні отбасынан басталатынын айтып кетті емес пе?! Ерте жүктілік жайымен етене таныс екі маманның да сөзі бір арнада тоғысты. Яғни, ең бірінші, отбасы құндылықтарын нығайтып, ата-ана мен бала арасында сенімді қатынас орнатудың маңызы зор болып тұр. Ата-ана қызына, қыз етегіне ие болса, «ерте жүктілік» деген сөзге етімізді үйретпей тұрып, дертімізден ертерек айығар едік. Әрбір келеңсіздікті қоғам мен заманға телімей, тәрбиенің тізгінін талбесіктен қолға алайық.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.