Версия для печати

ӘЙЕЛ КҮЛКІСІ – ҒАЛАМДЫҚ ҚУАТТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ Избранное

Четверг, 09 Март 2023 04:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1017 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

гендерлік теңдік сол қуатты ел дамуына бағыттайды

Әйел адамның бойында, күлкісінде, оның көзінен төгілген шуақта адам айтып жеткізгісіз сарқылмас энергия бар. Өзіңіз қараңызшы, қай үйде әйел өзін жайлы, бақытты сезінсе, үнемі күліп-ойнап, көтеріңкі көңіл-күймен жүрсе, өз өміріне дән риза болса, сол үйде жарасымдылық та, молшылық та, бақ-береке де болады. Ондай үйдің ер азаматы әрқашан табысты болып, тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары да жақсы адам болып өседі.

321

 

Енді осы құбылысты үлкен масштабта алып қарайықшы. Қай елде әйелдердің құқықтары толық қорғалып, гендерлік теңдік салтанат құратын болса, сол ел дамып, мәдениет кемелденіп, ғылым-білім, технология мен өнеркәсіп алға басып, экономикасы қуатты, қоғамы тұрақты болып, әлемнің алдына шығып кетіп жатқанын жоққа шығара аласыз ба?! Жоқ. Себебі, дамыған елдердің барлығында әйел теңдігі мәселесі шешімін тапқан.
Неге бұлай? Мемлекеттің дамуы мен әйел құқықтарының қорғалуының арасында қандай байланыс бар? Бұл сауалдарға әртүрлі саланың мамандары сан қилы жауап айтатын шығар. Бірақ, бәрінің тоқайласатын тұсы біреу: елді дамуға бастайтын негізгі ресурс – адами капитал. Енді ойланып көріңіз, Қазақстан халқының 52 пайызын әйелдер құрайды. Егер біз әйелдердің құқықтарын шектеп, бастамаларын тұншықтырып, өздерін кемсітіп ұстасақ не болады? Әйелдердің қоғамдық өмірге белсене араласуына, спортпен, өнермен, ғылыммен, бизнеспен және саясатпен айналысуына қолайлы жағдай жасалмаса ше? Онда елді дамуға бастайтын адами капиталымыз, оқыл-ой күшіміз 2 есе төмендейді деген сөз. Өз-өзіне сенімді, еркін, батыл, білімді әрі парасатты әйелдерсіз қоғамымыз бір қанаты сыңған құсқа ұқсап қалмай ма? Міне, сондықтан елдегі гендерлік теңдік пен әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамудың арасында көзге көрінбейтін байланыс жатыр.
Бір қарағанда біздің елімізде әйелдердің өз мүмкіндіктерін толық пайдалануына, идеяларын алаңсыз жүзеге асыруына ешқандай кедергі жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, дамыған елдермен салыстырғанда бізде әлі де болса, бұл салада проблемалар жеткілікті. Қандай дейсіз бе? Айтайық.
Көктемнің шуақты мерекесінің қарсаңында Қазақстандағы отбасылық зорлық-зомбылық туралы жағымсыз статистиканы тізбектеп, оқырман қауымның көңілін құлазытпайық. Оның сыртында да бірқатар күрделі проблемалар бар.
Біріншіден, елімізде ерлерге қарағанда әйелдердің жұмысқа орналасуы қиын. Көптеген салаларда біліктілігі сәйкес келіп тұрса да тек әйел болғаны үшін жұмысқа қабылдағысы келмейтін жұмыс берушілер жетерлік. Оған қоса, әйелдердің орташа жалақысы ерлердің орташа жалақысына қарағанда біршама аз. Ұлттық статистика бюросының талдауларына сүйенсек, 2022 жылдың төртінші тоқсанында ерлер мен әйелдердің орташа жалақысындағы айырмашылық 21 пайызды құраған.
Екіншіден, мемлекет әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, Шымкент қаласында қабылданған «Іскер қала» бағдарламасында әйелдерге жеңілдетілген несие беруге бағытталған арнайы механизм қарастырылған. Соған қарамастан әйелдердің белсенділігі тек шағын және орта бизнес саласында болып отыр. Нақты цифрлар келтіретін болсақ, Шымкент қаласында белсенді жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандарының 50 пайызы әйелдерге тиесілі. Алайда, еліміздегі ірі бизнес қожайындары мен оларды басқарушылардың арасында әйелдердің үлесі небәрі 18 пайыздан аспай отыр.
Үшіншіден, Қазақстанда әйелдердің саясатпен айналысуына әлі де толық жол ашылмай отыр. Оған дәлел ретінде өткен шақырылымдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарының жалпы санының бар-жоғы 20 пайызын ғана әйелдер құраған. Атқарушы биліктегі жағдай өкілетті биліктегіден де күрделі. Қазақстанда саяси лауазымды иеленіп отырған мемлекеттік қызметкерлердің 12 пайызы ғана әйелдер. Ал, Үкімет мүшелерінің арасындағы нәзікжандылардың үлесі 10 пайызға да жетпейді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Батыс Еуропаның алдыңғы қатарлы дамыған елдерінде депутаттардың 50 пайызын, үкімет мүшелерінің 35 пайызын әйелдер құрайды.
Қош, неге бұлай? Әйелдердің ірі бизнеспен немесе саясатпен айналысуына, жалпы, емін-еркін өмір сүріп, өзінің өмірлік жолын өзі белгілеуіне заң жүзінде ешқандай кедергі, шектеу жоқ қой. Олай болса, неге Қазақстанның гендерлік теңдік көрсеткіштері дамыған елдерден төмен болып отыр?
Әлеуметтанушылар мұның себебі қоғамдық сананың ескірген менталитет пен гендерлік стереотиптердің әсерінен арыла алмай отыруында деп есептейді. «Қызға қырық үйден тыйым», «Қатын басқарған ел қараң қалады», «Байтал шауып бәйге алмас» деген заманы өткен, әбден тозығы жеткен сөздерге негізделген таным қоғамда әлі де басым. Содан келіп «Әйелдің орны отбасы», «Әйел адамның өмірдегі басты миссиясы – ана болу» деген секілді байламдар жасалып, ол ой өзгелерге де таңылып жатады. Осының бәрі жинақталып келіп әйелдердің толық еркіндікке қол жеткізуіне, өз мүмкіндіктерін толықтай паш етіп, қоғамға пайдалы қызметпен айналысуына тұсау болып жатады.
Әрине, ана деген қастерлі атау, ана болу – зор мәртебе. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, әйелдер бұл жолды өз еркімен таңдауы тиіс, ана болу туралы шешімді қоғамның немесе айналасының қысымымен емес, әр әйел өз ықтиярымен саналы түрде қабылдауы тиіс. Толыққанды құқықтық-демократиялық мемлекетте солай болады.
Қоғамдық қатынастардың қазіргідей формасына, қазіргі өмір салтына байланысты арамызда жалғызбасты әйелдер жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Олардың арасында тұрмыста болып ажырасқандар да, мүлде тұрмысқа шықпағандар да бар. Біздің қоғам осы әйелдерге мүсіркей қарайтын секілді. Көпшіліктің түсінігінде жалғызбасты әйелге қарағанда отбасылы, балалары бар әйел әлдеқайда қадірлі әрі бақытты сияқты көрініп тұрады. Бірақ, бұл құқықтық мәдениеті қалыптасқан қоғам үшін жат түсінік болуы тиіс. Тұрмысқа шығу-шықпауы, бала сүю-сүймеуі, бұл — оның өз таңдауы, өз шешімі, өзінің жеке өмірі. Біз бүкіл қоғам болып әйелдердің осындай таңдаулары мен шешімдеріне құрметпен қарап үйренгеніміз абзал. Отбасылы ма, бойдақ па, балалы ма, жоқ па, қалай болғанда да ол – әйел, ол –осы елдің тең құқылы азаматшасы.
Қорыта айтқанда, болашағы 8 наурыз – өз құқықтарын өздері қорғай алатын, өзінің өмірлік жолын ешкімнің ықпалынсыз өз бетінше белгілей білетін, еркін әрі азат әйелдердің мерекесіне айналысуы тиіс. Мемлекет гендерлік теңдікті толық көлемінде қамтамасыз етсе, елімізде дамыған қоғам орнайтынын ұмытпайық.