10 тауықтан басталған бизнес
Алғашқы тілдескен кейіпкеріміз – Толқын Әлсейітова жылдар бойы үйде отырып, кәсіп бастауды армандаған екен. Ел қатары күнделікті жұмыс істеуге денсаулығы мүмкіндік бермейді. Ол арманын жүзеге асыру үшін алғашында 10 тауық асыраған. Күнделікті жұмыртқасын жинап, инкубатордың көмегімен балапан санын көбейткен. Осылайша 10 тауықтан басталған кәсіп аз уақыт ішінде 50 тауыққа жеткен.
– Жылдар бойы ауыр дертпен күрестім. Үйде қол қусырып отырғым да келмеді. 3 жыл бұрын тауық өсіру кәсібін қолға алдым. Құс бағу денсаулығыма аса бір кері әсерін тигізген жоқ. Тек дәнді уақтылы шашып, суын құйып тұрсаңыз болғаны. Соңғы үш жылда құс шаруашылығын әбден зерттеп, тәжірибе жинадым. Өткен жылы «Бастау бизнес» жобасы жайлы естіп, кәсіпкерлік дағдыларын үйрену үшін «Атамекен» палатасында курс оқып, бизнес жоба құруды үйрендім. Міне, биыл осы жобамды сәтті қорғап, 1 млн 200 мың көлемінде мемлекеттік грантты жеңіп алдым. Ендігі кәсібім – күркетауық өсіру бағытында, – дейді Т.Әлсейітова.
Мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген қаражатқа кейіпкеріміз 30 күркетауық, жылыту құралдары және балапан ашатын 2 инкубатор құрылғысын сатып алыпты.
– Кәсіп бастау үшін ынта мен жігер, өмірге деген құлшыныс болса, қалған іс ниетке қарай жүзеге асады. Кейде он екі мүшесі сау азаматтардың өзінің сәтсіздігі үшін мемлекетке, қоршаған ортасына ренжіп жүргенін жиі көремін. Өзім ешқашан таусылып, қайғырған емеспін. Осы кәсібім арқылы балаларыма еңбектенуге шектеу жоқ екенін ұғындырғым келді. Иә, маған мемлекет грант берді, енді мен осы елдің экономикасына аз да болса да үлес қосқым келеді, – деп Толқын апай ағынан жарылды.
«Мал баққанға бітеді»
Қазір қай сала болмасын жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуға құлықсыз екені шындық. Сөйлеу мен есту қабілетінде мүкісі бар адамдар үшін бұл үлкен мәселе десек болады. Алайда, мұндай кедергілер Нышанбай Торгаутовтың еңсесін түсірген емес.
– Қазіргі нарық заманында жұмыс істегісі келмеген адам сылтау іздейді. Отбасымды асырау үшін әр жерде қарапайым жұмысшы болдым. Жұмыс барысында көп адамның сөйлеген сөзіме түсінбеуі маған қиындық тудырады. Оның үстіне арнайы құрылғының көмегімен естимін. Бірақ, сөйлеу мен есту қабілетімнің бұзылуы өмірге деген құлшынысыма сызат түсірген емес. Бұған дейін де еңбектенуден қашпадым, бұдан кейін де ісімнің алға басуы жолында кезіккен қиындыққа мойымаймын, – дейді жерлесіміз.
Нышанбай Кенжебекұлы 4 баланың әкесі. ІІІ топтағы мүгедектігі бар отағасы биыл «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, бизнес-идеясын ұсынды, 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант алды. Мемлекеттің елге берген үлесін кәдеге жаратып, мал шаруашылығын қолға алыпты. Гранттың 1 225 200 теңге қаржысы қолға тиген бойда сүтті 3 сиыр сатып алып, мал шаруашылығына бет бұрады.
– Туған жерім – Түркістан облысының Түлкібас ауданы. Жастайымнан мал бағып өстік. Отбасылық кәсіпті бастауға отбасымның септігі көп тиді. Ойлана келе мемлекеттік грант қаржысына мал сатып алуды ұйғардық. Мал – баққанға бітеді. Халқымыз қашан да мал бағып, сол бейнеттен береке тапқан. Қазірдің өзінде ата кәсіппен айналысқандардың ырысы мол. Сондықтан, мал шаруашылығымен айналысқанды жөн санадық, – дейді ол.
Нышанбай ағаның алға қойған мақсатқа жетуде әр істі бағымдап, икеміне қарай еңбек етуді басты ұстанымына айналдырғанын сөзінен байқадық.
– Қазақ халқы ежелден ағарғанды ас мәзірінен түсірген емес. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін сүт, айран сүт ішеді. Осындай өнімге сұраныс барын ескеріп, өз жобамнан үлкен үміт күтемін. Күндіз үйде малдың жем-шөбін беріп, қора-қопсыны тазалаймын. Одан бөлек, таңғы және кешкі қарбалас кезінде көлігіммен жолаушыларды тасымалдаймын. Ал бизнес-жобаға келсек, мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Алдағы уақытта ірі қараның басын көбейтсем деймін, – дейді азамат.
Қолдаудан үміттілер көп
Шымкент қаласында бизнес-жобасын ұсынып, мемлекет грантын алуға үміткерлер жыл санап артып келеді. 2021 жылы 600 адам «Бастау-Бизнес» арқылы кәсібін бастаса, биыл 2022-2025 жылға арналған Ұлттық жоба шеңберінде 1 195 адам қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізген. Грант 4 кезең бойынша іріктелді. Алғашқы кезеңде – 225, II кезеңде – 172, III кезеңде –212, IV кезеңде 586 адам комиссияның оң шешімін алған. Оның ішінде өзінің жеке кәсібін ашқан, мүгедекігі бар жандардың саны –34.
Биылғы конкурста комиссия құрамында төрелік еткен Шымкент қалалық іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алма Архабаеваның айтуынша, барлығы мемлекет үлестірген қаржыны алғысы келгенімен, мақсатты жұмсауда нақты ұстанымы жоқ. Әңгімелесу барысында ең ынталы әрі кәсіпке деген құлшынысы жоғары азаматтарға ғана оң шешім шығыпты.
– Біз 20 күн бойы үміткерлердің бизнес-жобасымен таныстық. Өкініштісі, көбі өзінің жобасын жайында мүлдем бейхабар. Мәселен, кондитерлік өнімдерді шығаруға ниеттенген азаматшадан қолындағы жобасы туралы сұрағанымызда жауап бере алмады. Сол секілді жобаларын тек қағаз күйінде алып келгендер, ішінде не жазылғанын білмейтін үміткерлер көп кезікті. Ал грант берілген азаматтар – ең таңдаулы, өз ісінің шеберлері. Мүмкіндігі шектеулі жандарға келсек, олардың көбі үйінде, отбасы мүшелерінің көмегімен іске асыратын жобаларын ұсынды. Жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, бизнеске деген құлшынысы жоғары жандардың ғана жобалары мақұлданды, – деді Алма Нұралықызы.
Халық еңбектенуге бейім болса, ел ырысқа кенеледі. Еңбектенуге ниеттен адам үйреніп, ізденуге құмар келеді. Мемлекетті нығайтатын да осындай еңбек адамдары. Дені сау болсын, мейлі, мүмкіндігі шектеулі болсын – еңбекке талпынған жандар үшін ешқандай қиындық кедергі бола алмасы анық.