Версия для печати

ҚАЗАҚ КҮРЕСІ ТӨРГЕ ОЗҒАН КҮН Избранное

Среда, 08 Июнь 2022 03:59 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4508 раз
Оцените материал
(0 голосов)

6 маусым – Ұлттық спорттың төресі – қазақ күресі төрге озған күн болды. Шымкент қаласында «Қала күніне» орай қазақша күрестен «Шымкент барысы» республикалық турнирінің іріктеу сайысы өтіп, жанкүйерлер тартысты белдесулерді тамашалады. Сайыста 90 келіден астам салмақ дәрежесінде 27 балуан күш сынасты. Жалындаған жас қайрат Ерсұлтан Мұзаппаров бұл жолы да ешкімге дес бермей, темір тұлпар мініп қайтты.

559

 

Ұлттық салт-дәстүрімізді паш етті

Қажымұқан атындағы Орталық стадион аумағындағы Жеңіл атлетикалық манежде өткен сайыстың ұйымдастырылуы бұрынғыдан өзгеше. Балуандар кілемге беттейтін арнайы киіз үй тігілген. Қазақ батырлары тазы ертіп, саятшылық өнерін, ұлттық салт-дәстүрімізді паш етіп жүр. Бәрі жарасымды.
Әйгілі опера әншісі Майра Мұхаммедқызы ән салды. КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жарылқасын Оңалбек балуандарға ақ жол тілеп, батасын берді. Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Шымкент қалалық қазақ күресі федерациясы жарысты жоғары деңгейде өткізуге күш салыпты.
Сайысты алдымен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ашып беріп, балуандарға сәттілік тіледі.

560


– Ұлттық спорт түрлері ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл мұрамыз. Біз оны көздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз да нәтижелі. Оның айғағы ретінде қазақ күресінен әлемдік деңгейде олжа салған, әлем чемпионы, «Әлем барысының» күміс жүлдегері, Еуразия барысының жеңімпазы Ерсұлтан Мұзаппаров, Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы Әділжан Ыстыбаевты атап өтуге болады. Қалада ұлттық спортты дамытуға барлық жағдай жасалады, – деді қала әкімі.
Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов, Олимпиада және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, спорт ардагерлері, қала тұрғындары ұлттық спорттың төрге озғанына куә болды.

Жастар қарымдылығын байқатты

Сонымен, қазақ күресінің жанкүйерлері, ұлттық спорттың жанашырлары делебені қоздырған белдесулерді тамашалап, керемет әсер алды. Жастар мен ардагерлер, дзюдо күресіндегі мықтылардың арасынан кім үздік шықпақ?! Ардагер балуан Әлжан Жақсыбаев та бәсеке көрігін қыздырды. Ә.Жақсыбаев – дзюдодан былтырғы ардагерлер арасында әлем чемпионы. Дзюдодан жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Самат Есен де биыл тәуекелге бел байлапты. Бұған дейін балуан күрестен алшақтап, кәсіпке ойысып жүрген-тін. Әлем чемпиондары Ерсұлтан Мұзаппаров, Әділжан Ыстыбаев…кілең сайдың тасындай іріктелген сақа балуандар.
Ширек финалда өте тартысты белдесулердің бірі Ерсұлтан Мұзаппаров пен Марат Байқамұров арасындағы бәсекені айтар едік. Негізгі уақытта есеп ашылмай, балуандар қоян-қолтық белдесуге жүгінді. Қимылы ширақ, тәжірибелі балуан Ерсұлтан оңтайлы сәтте жеңісті жұлып алды.
Жартылай финал сенсациялық жағдаймен есте қалды. Жас дарын Нұрсат Темірхан мен Нұрсұлтан Қожагелдінің күресі де жанкүйерлерді бір желпінтті. Жастар арасында ҚР чемпионатының жүлдегері Н.Темірхан әбжіл қимылдап, ұрымтал сәтте қарсыласын жеңіп кетті.

561


Екінші жартылай финалда «Оңтүстік барысы» Ерсұлтан Мұзаппаров «Хамза» деген лақап атты Әділжан Ыстыбаевтан айласын асырды. Финалда да тәжірибесінің арқасында Нұрсат Темірханды уақытынан бұрын жеңіп, бас бәйгені иеленді. Енді Е.Мұзаппаров пен Н.Темірхан Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде қала намысын қорғайды. 1999 жылы туған Нұрсат Темірханның биыл бағы жанды, әрине.
Е.Мұзаппаровқа демеушілер тарапынан жеңіл автокөліктің кілті табыс етілді. Н.Темірхан 350 мың теңге, 3 орын иегері Нұрсұлтан Қожагелді 150 мың теңге қаржылай сыйақымен марапатталды. Биылғы турнирге бас демеуші болған азамат – Шымкент қалалық қазақ күресі федерациясының президенті, «14-ші емдеу орталығының» құрылтайшысы Балтабай Асан.

Дарынды жастарымыз бар

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 4 спорт мектепте қазақ күресінен 500-ге жуық спортшы кәсіби түрде шұғылдануда. Жаттықтырушылар да жетілікті.
Республикалық маңызы бар шаһарда қазақ күресін дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2018 жылы жасөспірім сапында тер төккен балуандар жастар, ересектер сапына өтіп, қазір «Шымкент барысы» іріктеу турниріне қатысуда. Ел чемпионаттары мен ҚР кубогы бәсекесінде жерлестеріміз жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Биыл жастар арасында Жұмажан Қожамбеков (72 келі), Мейіржан Әбдімәліков (+100 келі) ҚР чемпиондары атанды.
Таяуда ғана Қостанайда өткен ересектер арасындағы ҚР кубогында Жұмажан Қожамбеков (74 келі), Ерсұлтан Мұзаппаров (100 келі) 1-ші орын, Марат Байқамұров (100 келі) 2-ші орынға иелік етіп қайтқан-ды. Уақыт сәтімен буын алмасады. Қазір дарынды жастардың шоғыры қалың.
Жарыста ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Белай Рахымбаевты шәкірттерінің дайындығын сұрап, аз-кем әңгімеге тарттық. Білікті маман «Қазақстан барысы» турниріне қатысушы Нұрсұлтан Мыңғышов, Әлфараби Бекқұлы сынды шәкірттері бар әлеуеттерін көрсеткенін айтады. Ендігі кезекте 2002 жылы туған Бақберген Тұрсын, Абылайхан Бейсен сынды дарынды шәкірттерінен зор үміт күтіп отыр.

Ерсұлтан – жеңісті жолды жалғайтын жампоз

Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубының шәкірті Ерсұлтан Мұзаппаров жеңісті жолды жалғайтын балуан. Салмағы 93 келі. Әбжіл қимылдайды. Техникалық айла-тәсілдері сүйсінтеді. 2018 жылы мықтылардың басын қосқан «Қазақстан барысы» турнирінде жартылай финалға жеткен-ді. Елордадан көрермендер көзайымы болып, темір тұлпар мініп қайтқан.
Салмағының жеңіл болғанына қарамастан алыптардың бәсекесінде бас бәйгені иеленуді ойлапты. Қазақ күресінен турнирлердің бәрінде жүлдегер атанды. «Дала батыры», грек-рим және еркін күрестен әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске түсіруге арналған халықаралық турнирінің де жеңімпазы болған.
Еліміздегі мықты балуандар санатындағы Ерсұлтан 1994 жылы Шардара ауданы, Шардара ауылында дүниеге келген. Күреспен 5 сыныптан бастап айналысқан. Төрт ағайынды. Үйдің кішісі. Ағасы Нұрсұлтан да кезінде балуан болған. Әкесі Нұртас пен анасы Сейдана қарапайым жандар. Бойында намыс пен жастық жалыны жалындаған балуанды баптап жүрген маман – Ғани Ақмұрат. Спорт жанкүйерлерінің есінде болар, Ерсұлтан 2017 жылы елорда төріндегі бозкілемде әлем чемпионы атанған. Міне, араға төрт жыл салып, тағы да Елорда төрінде бақ сынамақ.
«Қазақстан барысы» республикалық турнирі биыл елорда күніне орай 11-ші рет өтпек.
– Алла нәсіп етсе, Ерсұлтан биылғы республикалық турнирде 4-ші рет күреседі. Биылғы іріктеу турнирі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Өте тартысты белдесулер болды. Жыл он екі ай жаттығу жиынында жүрген шәкіртім сенімімді ақтады. Жалпы қазақ күресінің, ұлттық спортымыздың жоғары деңгейде екенін көрсеткіміз келді. Биыл жүлделі орындардан көрінуді мақсат етіп отырмыз. Шілде айына дейін 4 жылда бір өтетін халық ойындарына қатысамыз. Командалық сайыста 100 келіге дейін салмақта белдесу жоспары бар. 2018 жылы бірінші орын алған едік. Осы жылы да тек бас жүлде үшін барамыз, – дейді балуанның жеке бапкері Ғани Ақмұрат.
Ордабасы ауданының тумасы Жұманазар Ерсұлтанов бұған дейін «Қазақстан барысы» бәсекесінде екінші, үшінші жүлделі орындарға иелік еткен. Алтын жүлде Оңтүстік өңірінің балуандарына еш бұйырар емес. Ерсұлтан балуанның көкейінде «Осы олқылықтың орнын өзім толтырсам» деген арманы сайрап жатыр.
Жас балуан да Ерсұлтанов ағасының жолын жалғастыруға белді бекем буып отыр. Бұл дәстүр жалғасын табуы тиіс. Біз жерлесімізге сәттілік тілейміз!

Последнее изменение Среда, 08 Июнь 2022 04:07
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.