№1 ЖАНКҮЙЕР Избранное

Пятница, 15 Апрель 2022 03:26 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5198 раз

Аңызға айналған Рио де Жанейро олимпиадасы. Бокс. Шаршы алаңда Левит пен Тищенко. Біздің шойын жұдырық боксшымыз Ресейдің үкілеп әкелген үмітін қауырсындай қалтыратып бұрыштан бұрышқа қуып ұрып жүр. Путиннің оққағары соңғы раундта аяғына жем түскен аттай әбден болдырды. Енді екі-үш соққы дәл тисе қылжиып барып құлағысы бар. Реферий шыр-пыр. Тищенконы көлегейлей береді. Қабағы жарылып еді, дәрігер шақырып ұзақ қаратты. Негізі соңғы раундтың соңғы минутында жарысты тоқтатуға өкілеттігі жоқ еді. Түсініп тұрмыз. Данияр Елеусінов – Олимпиада ойындарының жеңімпазы болған. Спорттың падишахы аталған әлемдік додаға 200-ден астам мемлекет қатысып жатыр. Бокстың айналдырған он алтынының екеуін Қазақстанға қию былай айтсақ әділетсіздік. Нокаутқа жықса амал жоқ. Әйтпесе, бермейді.

10

 

Жеңіс құлауға қисын таппай тұрған ресейлікке кетті. Алып сарай теңселіп тұр. Наразылық. Айқай-шудан құлақ тұнады. Онсыз да қорланып отырған әлем жанкүйерлерін көтеріп кеткен Әбдімәжит, Әбдімәжит Сыздықбеков, Қазақ өркениетінің алтын діңгегі – киелі Отырардың өрені. Ән падишасы – Шәмші Қалдаяқовтың кіндік қаны тамған ауылдың тумасы. Намысқой. Қызуқанды. Абадан қасқыр сияқты діттеген мақсатынан қайтпайды. Қасында қос көкжал ұлы бар. Қазақстан байрағын жамылып ұран тастағанда алып сарайда оған жақтаспаған жан жоқ. Шыға берісте Ресей құрамасының бас бапкері, Сидней олимпиадасының қаһарманы Лебзякқа тап беріп, бір тұқыртып алды.
Ұлттық Олимииада Комитеті атынан барған журналистерге күнде Олимпиада жаңалықтарынан хабар беріліп тұрады. Соның бірінде Риодағы ең мықты жакүйерлер – қазақтар делініпті. Әрине, марқайдық. Төрткүл дүниені алақандай қазақтың намысты жігіттері шайқап жатса қалай қуанбайсың. Ал, қазақ жанкүйерлерін бір жерге шоғырландырып, ұран салдыратын рухы биік жігіт осы Әбдімәжит Сыздықбеков болатын.
Ал, осы Мәжиттің қазақтың тағы бір қаһарманы Геннадий Головкинге талай айтулы жеңіс сыйлаған шапан тіктіріп кигізгенін былайғы жұрт білер ме екен?!
Ұлты бөлек деуге ауыз бармайтын Гена алғашқыда қазақ шапаны деп тегі күмәнді шапан киіп шығып жүрді. Жылтырлағы көп. Тәжік яки өзбек үлгісінің нышаны бар шапанды іштей қабылдай алмай жүрдік.
Әбдімәжитке де ұнамапты. Ойын қос ұлы Ғабит пен Алмасқа айтады. Сол кезде Германияда елшілікте қызмет атқаратын Ғабит Генаның қасындағы жігіттерменен сыралғы дос. Генаға ойын айтады. Атақты боксшы алғашқыда сәл қарсылық білдіргенге ұқсайды. Мына шапанмен талай жеңіске жетіп едік, бұл қалай болар екен деп.
Бұның қазақтікі емес деген сөзден кейін ер боп туған жігіт сөзге келмеген. Әбдімәжит қос ұлымен ақылдасып ойға алған шапанды Алматыдағы белгілі шебер Бағдат Әліпбаеваға тіктіреді.
2015 жыл. Монте-Карло. Монако княздікі. Ақпанның 15-і жұлдызы. Князь Альберттің қатысуымен Қазақстанда тігілген қазақы шапан Геннадидің иығына жабылады. Сондағы Мәжиттің айтқан сөзі:
– Гена, айналайын, мұны бір қазақ жанкүйері кигізді деп ойлама. Бұл шапан – саған тілеуқор бар қазақтың пейілі, қалың жанкүйерлерінің тілеуі. Мұнда ұлттың рухы бар. Сен қазақтың бір баласысың. Қазақтар Аллаға сенеді, әруақтардан медет тілейді. Саған да қорған болсын. Жеңістен жеңіске жете бар, алтын інім.
Расында, шапан Генаға құт болды. Талай менмін деген марқасқалардың сағын сындырып, шаршы алаңда сұлатып тастады.
Генаның айналасы мұқым қазақ қой. Баспасөз хатшысы Жанар Өтешова осы шапанның Головкинге ерекше ұнайтындығын айтады.
Ал, жақында өзінің IBF, IBO белбеулерін сәтті қорғаған Головкин шапанын Лондон олимпиадасының жеңімпазы, кәсіпқой бокста «WBA Super» белбеу иесі Риота Муратамен болған жекпе-жекте жапон жігітіне кигізіп жіберді.
Сол күні Геннадий Головкин қамал алатын қырыққа толған.
Мәжит айтады:
–Токиоға бара алмадым. Виза бермеді. Алғашқы үш раунд Муратаның басымдылығымен өтті. Қанында самурайдың рухы бүлкілдеп жатқан Мурата қарсы шабуылда алымдырақ болып жатты. Үшінші раундта Генадан тер білініп, алқыныңқырап қалды. Бірақ, тумысынан ер боп туған жігіт бесінші раундта Риота Муратаның қамалын талқандай бастады. Атақты джебтары жапон жігітінің қос қапталынан қанжардай қадалып, толық қорғанысқа кетуіне мәжбүр етті. Жапон діңкелей бастады. Қанша намысқа тырысқанымен тоғызыны раундта мұрттай ұшты. Нокаут.

31


Жеңістен соң Гена атақты шапанын Муратаның иығына жапты. Супер белбеуді ескерткіш болсын, сенің еңбегің ғой деп қайтарып берді. Бүкіл әлем екі боксшының бекзаттығына разы болған.
– Жапон – текті халық, - дейді Әбдімәжіт. – Генаға үлкен құрмет көрсетті. Муратаның өзі өте кішіпейіл. Нокаутқа түссе де Генаға ізетін жоғалтқан жоқ. Қазақтың кішіпейілдігі, барлық жақсы қасиеті бойына сіңген Геннадидің әрекетінен тек бекзаттық болмыс көрдім. Бұл қадамын бүкіл әлем жанкүйерлері жақсы қабылдады.
Гена – жауынгер жігіт. Жауапты сында ешқашан шегінбейді. Қазақ жанкүйерлері бірі ретінде ішімде бір ұлы өкініш бар.
ЕХРО-ға дейін Головкинде әлемдегі ең бағалы үш белбеу нұсқасы болды. Сол тұста WBO бойынша әлем чемпионы Билли Сондерспен келісім жүріп жатты. Ол сыйақыға 4 млн. доллар сұрады. ЕХРО-ны ұйымдастырушылар көрбақтық жасамағанда Головкин Қазақстандағы абсалютті чемпион атанар еді. Сол Сондерс кейінірек Головкин мен Канелоның арасындағы жекпе-жекте Геннадий жеңді, бірақ оның жеңісі ұрланды деген болатын.
Миллиардтаған қаржыны желге ұшырғандардың намыссыздығынан Қазақстан кәсіпқой боксы ең абыройлы биігін беріп қойды. Өйткені, Головкиннің нағыз дер шағы еді.
Енді айт, айтпа не керек.

Қайрақ

Қазақ намысы десе өзін жолына шалып жіберуі бар рухты жігіттің спортпен ауруы 1968 жылы Пахтакор мен Қайраттың ойынан басталыпты.
Содан бері артық тапқан тиынын әлемдік додаларға жаратады. Футбол, күрес, бокс... Әлем чемпионаттарынан қалмайды. Меценаттығы тағы бар. Шәмші ауылына керіскедей стадион салды. Жастайынан Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтардың қазақ үшін еткен еңбегін оқып, рухтанып өскен бұла жігіт Алашорданың 100 жылдық мерейтойын туған елінде өткізіп берді.
Мұраттас інілері көп. Солар үшін барған жарыстарынан репортаж жазып жатады. Бразилияның атақты, ашуы келсе жағалауды таудай толқынымен ұрып жататын Копакабана теңізі бойында жігіттерге үндеу жазғанына куә болдық.
– Мен ауылдың қарапайым қара баласымын. Көп нәрсеге қолым жетті. Яғни, еңбектенсе қазақ баласының алмайтыны жоқ. Соны ұқсын де қайраймын, - дейді.
Осындайда ойлайсың ғой. Қазақта Мәжиттей абадан жігіттер көп болса біз жоғалтып жүрген ұлттық рух, намыс есігіңізді өзі қағып тұрары хақ.

Бақтияр ТАЙЖАН

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.