Версия для печати

ШЫМКЕНТ ММА АКАДЕМИЯСЫ – ЖАС ЧЕМПИОНДАР ШЕБЕРХАНАСЫ Избранное

Пятница, 11 Февраль 2022 04:05 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 7677 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жақында греплингтен Мәскеуде өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Қанат Сұлтан қола медаль жеңіп алды. Түрлі халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген шымкенттік спортшы греплингтен бөлек бокстан спорт шеберлігіне үміткер, ал, джиткундо атты спорт түрінен қара белбеу иегері.
Қанат – спортпен өзі ғана айналыспай, артынан еріп келе жатқан іні-қарындастарын да баулып жүрген азамат.

221

 

–Қазір, әсіресе, үлкен қалаларда ата-аналар таңертеңнен кешке дейін жұмыста болады да балалар сабақтан тыс уақытта қараусыз қалады. Олардың көбі компьютерлік ойындардан бас алмайды. Бұл – денсаулыққа өте зиян. Бос уақытын тиімді өткізбегендіктен, өкінішке қарай, кейбір жасөспірімдер теріс жолға түсіп, қылмыс жасап та жатады. Сондықтан жас жеткіншектерді спортқа баулиық деген ниетпен 2019 жылы көктемде белгілі кәсіпкер Шыңғыс Шүменовпен бірге «Шымкент MMA академиясы» атты спорт мектебін аштық, – дейді ол.

222


Бүгінде бұл академияда 570 жеткіншек спорттың 5 түрі бойынша жаттығады. Олар – ММА (ережесіз жекпе-жек), бокс, грек-рим күресі, дзюдо және каратэ.
–Әр спорт түрі бойынша 3 жаттықтырушымыз бар. Бәрі де білікті мамандар. Мәселен, бокстан балаларды халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) бойынша әлем чемпионы, кәсіби боксшы Олжас Байниязов жаттықтырады. Ал, грек-рим күресінен біздің секцияға келетін жеткіншектерді халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Шымкент қаласы бойынша жасөспірімдердің аға бапкері Асхат Жаңбыров дайындайды. Каратэ бойынша бапкеріміз – қара белбеу иегері Назерке Исабек, – дейді Қ.Сұлтан.
Үш жылдың ішінде Шымкент MMA академиясының түлектері үлкен жетістіктерге жеткен. Мәселен, қаңтар айының соңында Абу-Даби қаласында өткен ММА бойынша әлем чемпионатында Назерке Исабек күміс медаль жеңіп алып, вице-чемпион атанды. Сондай-ақ, осы академияда жаттығатын ММА бойынша Нұрбек Тәжібаев, Руслан Ахметов, Шухрат Машабаев және Батыр Машабаев сынды кәсіби файтерлер Қазақстанның, Азияның чемпионы атанып үлгерген. Сонымен қатар бұл мектеп бокс пен күрес түрлерінен де бірқатар чемпиондарды тәрбиелеп шығарды.
Өткен жылы Қазақстанда спорт секциялары мен өнер үйірмелеріне жан басына шаққанда қаржыландыру жүйесі енгізілді. Яғни, егер Сіз балаңызды спорт секциясына берсеңіз, оның ақысы мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Бұл балаларды бұқаралық спортқа баулуға мүмкіндік беріп отыр. Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, бүгінде спорттың 16 түрінен 13 мың бала спорт секцияларына жазылған.
–Мемлекеттің бұл бастамасы құптарлық. Өйткені, біздің елде көп балалы отбасылар көп. Кейбір отбасылардың әлеуметтік жағдайы төмен. Сондықтан олардың ата-аналары балаларының спорт залға бару ақысын төлей алмауы мүмкін. Енді сондай отбасылардың балаларына тамаша мүмкіндік туындап отыр. Мәселен, біздегі 570 баланың 416-сының ақысы сол жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша төленеді. Тек ережесіз жекпе-жек олимпиадалық спорт түрі болмағандықтан әзірге мемлекеттік тапсырысқа кірмейді, – дейді Қанат Сұлтан.

220


Академия директоры барлық ата-аналарды мемлекет ұсынып отырған осы мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдаланып, балаларды спортқа беруге шақырады. Оның ойынша, жастайынан спортпен айналысқан баланың денсаулығы түзеліп қана қоймай, мінезі де жақсарып, төзімділік, табандылық пен ерік-жігері де күшейе түседі.