ӘЛЕМ КҮНШЫҒЫСҚА ҮМІТПЕН ҚАРАЙДЫ Избранное

Пятница, 23 Июль 2021 04:04 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4025 раз

Бүгін Жапонияда ХХХІІ Олимпиада ойындары басталады

Бүгін бүкіл әлемнің назары Жапонияға ауып тұр. Күншығыс елінде ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары басталады. Әлемді жайлаған пандемияға байланысты Токио төрінде былтыр өтуі тиіс байрақты бәсеке бір жылға кейінге шегерілгені мәлім. Сонымен, бұл – әлемдік деңгейдегі төтенше жағдайға байланысты өтпей қалмай, кейінге шегерілген алғашқы ойындар. Бұл – жұп емес, тақ жылы өткелі отырған тарихтағы алғашқы Олимпиада.

509

Олимпиадалық рух адамзатты ынтымаққа бастайды

Олимпиада ойындары – қашан да бейбітшілік, достық пен ынтымақтастықтың бастауы. Әділ бәсекелестік, адал жеңіс пен ізгілікке деген ұмтылыстың көрінісі. Осынау құндылықтар жинақталып келіп Олимпиадалық рухты қалыптастырады.
Бұл рух – әлемде қандай геосаяси жағдай орын алса да планетаның қарапайым тұрғындары бейбітшілікті қалайтынын көрсетеді. Ол адамдардың нәсіліне, дініне, тілі мен ұлтына қарамастан бір-бірін құрметтеп, бір-бірін жақсы көре алатынын, баршаның достық пен ынтымақтастықта өмір сүруге бейіл екенін көрсетеді.
Қауіпті індет жағадан алып тұрған осы күндері сол асқақ рухты қайта бір жаңғыртып, адамзат өркениетіне, оның болашағына деген сенімді нығайта түсу аса маңызды. Сол себепті бүгін бүкіл адамзат шығысқа, оның жарық жұлдызындай алып шаһар – Токиоға мол үміт және зор сеніммен қарап отыр.

Қауіпсіздік бәрінен маңызды

Пандемия жағдайында өткелі отырған Олимпиада ойындарында спортшылар, ұйымдастырушылар мен көрермендердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау – әрбір ұлттық олимпиадалық комитет мен Халықаралық Олимпиада комитеті алдындағы ең үлкен міндет. Осы орайда, Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті спортшылардың денсаулығын қадағалайтын мамандарды даярлап, арнайы ғылыми кешенді топ құрды. Сол топ мүшесі Азамат Нұрматов оlympic.kz. сайтына берген сұхбатында Токиодағы қауіпсіздік ережелеріне тоқталып, команда мүшелерінің денсаулық жағдайы қалай бақыланатынын айтыпты.
«Делегация Токиоға ұшып келгеннен бастап үлкен тексеруден өтті. Келушілердің денсаулығын тексеру әуежайда басталды. Біз әуежайда бірнеше рет ПТР сынағын тапсырдық. Әрбір делегацияға жауапты адамдар бар және олар бір-біріне қосылмай, команданы дербес басқарады.
Спортшылардың хал-жағдайын бақылайтын арнайы бағдарлама бар. Әрбір қатысушы аталған қосымша бойынша өзінің денсаулық жағдайын баяндап отырады. Кез келген жерден антисептиктер мен өзге де қорғаныс құралдарын табуға болады. Спортшылар күніне 5-6 рет ковид офицердің қабылдауында болып, ПТР тест тапсырады. Нәтижелер кешкі сағат алтыға дейін анықталады.
Олимпиада ойындарын ұйымдастырушылардың өте жоғары деңгейде дайындалғаны көрініп тұр.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті де кешенді ғылыми топ құрамымен бірнеше дәрігерді Токиоға жіберді. Әрбір команданың массажшылары да бар. Одан бөлек, ҰОК 17 мың медициналық бетперде жеткізді. Делегацияның әрбір мүшесі күніне 5-6 рет бетпердені ауыстыра алады. Яғни, қатысушылардың қауіпсіздігін барлық тарап қатаң бақылауда» дейді
Азамат Нұрматов.

510

 

Кімдерге үміт артамыз?

Бұйыртса, бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17:00-де Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Оған алты құрлықтағы 206 елдің 11 095 спортшысы қатысады. Соның ішінде қазақтың көк туының астында шығатын 95 спортшымыз бар. Біздің өрендер Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорттық шыңға өрмелеу және каратэ бойынша да жарысқа қатысады. Каратэ бойынша Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев және Мөлдір Жаңбырбай мен Софья Берульцева ел намысын қорғайды. Ал, шыңға өрмелеуден Ришат Хайбуллин бақ сынайды.
Жүлдеден дәмелі кімдер бар десек, мамандар алдымен жеңіл атлет Ольга Рыпакованы атайды. Ол Олимпиада ойындарына осымен төртінші рет қатыспақ. Бұған дейін жүлдесіз құрқол қайтқан кезі болған емес.
Әдеттегідей боксшыларға үлкен үміт артамыз. Қамшыбек Қоңқабаев бастаған бокстан ерлер командасы толық құраммен, сегіз салмақ бойынша қатысады. Былғары қолғап шеберлерінің жекпе-жектері 24 шілде күні басталмақ.
Жүзуден қазақ спортшылары 3 жолдама иеленген. Оның екеуін олимпиада чемпионы Дмитрия Баландин жеңіп алған. Қазақстанның дзюдо құрамасының еншісінде 6 жолдама бар. Жанкүйерлер тәжірибелі спортшы, дзюдодан Азия және әлем чемпионы Елдос Сметовтің жолына үмітпен қарайды.
Спортшыларымыз күрес түрлерінен 11 жолдама жеңіп алған. Жеңіл атлеттер де тап сонша жолдама иеленген. Осы жолы 7 теннисші ел намысын қорғайды. Байдарка мен каноэда ескек есуден 6 жолдамамыз бар. Ұзақ үзілістен кейін Қазақстанның су добынан ерлер құрамасы Олимпиадаға қатысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Қазақстандық спортшылар командалық спорт түрлерінен тек осы су добынан ғана өнер көрсетеді.

Шымкенттен – 11 өрен

Айта кетейік, 95 спортшының 11-і Шымкент қаласының өкілдері. Олардың қатарында оқ атудан Юрий Юрков, стенд атудан Сарсенкүл Рысбекова мен Зоя Кравченко, каратэ шеберлері Дархан Асадилов, Юлдашев Данияр, Берульцева Софья, боксшы Закир Сафиуллин, байдарка және каноэда ескек есуден Тимофей Емельянов және Сергей Емельянов, көркем гимнаст Алина Әділханова және дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах бар.

Атлантадан Токиоға дейін

Қазақстан бұған дейін тәуелсіз мемлекет ретінде Олимпиада ойындарына 6 рет қатысып, жалпы саны 15 алтын, 20 күміс және 28 қола медаль жеңіп алған. Алғаш рет АҚШ-тың Атланта қаласында өткен жазғы ойындарда еліміз 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, бейресми жалпыкомандалық есепте 22-ші орынға ие болды. Боксшы Василий Жиров, бессайысшы Александр Парыгин және грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко – алтын, боксшы Болат Жұмаділов, ауыр атлет Анатолий Храпатый бір-бірден және мерген Сергей Беляев екі бірдей күміс медаль жеңіп алды. Ал, боксшылар Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибрагимов, еркін күрес шебері Мәулен Мамыров және мерген Владимир Вохмянин қола медаль иеленген болатын.
2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен Олимпиада ойындарында да қазақ спортшыларының бағы жанды. Жас мемлекетіміз қатарынан екінші рет жалпыкомандалық есепте 22-ші орынды иеленді. Боксшылар Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрагимов, жеңіл атлет Ольга Шишигина жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің Әнұраны Австраля төрінде шырқалды. Ал, былғары қолғап шеберлері Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков, палуан
Ислам Байрамуков және велошабандоз Александр Винокуров күміс медал иеленді.
Одан кейінгі Олимпиадада Қазақстанның еншісіне бір алтын медаль ғана бұйырды. Грекияның Афина қаласында өткен ойындарда боксшы Бахтияр Артаев жеңіске жетті. Қазақстандық спортшылар мұнан бөлек 4 күміс пен 3 қола медаль иеленді. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында боксшы Бақыт Сәрсекбаев пен ауыр атлет Анна Важенина жеңіс мінберіне көтерілді. Бұл жолы да спортшыларымыз 3 күміс және 4 қола медаль иегері атанды.
Лондон Олимпиадасында қазақстандық боксшы Серік Сәпиев, жеңіл атлет Ольга Рыпакова және велошабандоз Александр Винокуров алтын медаль иеленіп, көк туымыз биікте желбіреді. Ұлыбританияда спортшыларымыз 1 күміс пен 7 қола медаль еншілеген болатын.
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ Олимпиада ойындарының нәтижелері көпшіліктің есінде болар. Бес жыл бұрын Қазақстан медальдардың жалпы саны бойынша өз рекордын жаңалады. Ұлттық құраманың қоржынына 3 алтын, 5 күміс және 10 қола медаль түскен болатын. Чемпион атанғандардың қатарында боксшы Данияр Елеусінов, ауыр атлет Ниджат Рагимов пен жүзуден Дмитрий Баландин бар.

P.S.

Қауіпті індет жағадан алып, қымбатшылық пен қуаңшылық қос өкпеден қысып тұрған осы күндері халқымыз қуанышты жаңалық пен сүйінші хабарларға мұқтаж-ақ. Үміт артқан 95-тің кемінде тоғызы топ жарып, бір-бірімізден сүйінші сұрап, мәре-сәре болатын күнге жетейік, қадірлі оқырман!