Версия для печати

Әлем чемпионы Біржан ЖАҚЫП: «МЕН СІЗДЕРДЕН КЕШІРІМ СҰРАЙМЫН»

Пятница, 21 Август 2020 06:09 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 22332 раз
Оцените материал
(0 голосов)

66

Біржан Жақыпов  – қазақ боксшылары ішінен үш бірдей Олимпиада ойындарына барған жалғыз боксшы. Шымкенттік оғлан 2005 жылы 23 жасында Мьянмада өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Осылайша ел құрамасынан ойып тұрып орын алды. Чикагода өткен әлем чемпионатында қытайлық Зоу Шимин жолын кесті.

Әрбір спортшыда өзі үшін қолайсыз қарсыластар болады. Не бір мықтыларды тұқыртқанымен сыралғы қарсыласыңа келгенде адымың тұсалып қала береді. Нұржан Смановты кубалық қабылан Хуан Эрнандес аттатпай қойды. Ермахан Ыбырайымов кубаның тағы бір қара маржаны Дуверхилді бір жеңе алмай кетті.
Ал, қытайлық Зоу Шимин біздің бекзат бітімді боксшымыздың жолында талыстай болып жатып алған.
2008 жылы Бейжіңде өткен олимпиада ойындарында Біржан атақты Пал Бедак пен Оганес Данилянды жеңген. Ширек финалда Зоу алдынан ат ойнатып шықты.
Лондон. 2012 жыл. Қазір Біржан Жақыпов шаршы алаңға шығады. Қасымдағы сыралғы дос, сол кездегі ОҚО спорт және дене тәрбиесі басқармасының басшысы Болат Қырықбаев қайта-қайта терең дем алып, жеңіл күрсініп қояды. Түсініп тұрмын. Басу айта алмаймын.
Зоу Шимин жеңісті қолдан беретін боксшы емес. Сонау Бейжің олимпиадасынан бергі Әлем, Азия чемпионаттарының да, Азия Ойындарының да аса сапалы металдан жасалған медальдері үйінің қақ төрінде ілулі тұр.
Алса ала берсін-ау, бірақ сол Бейжіңнен бері біздің Біржанның несібесін жырып келе жатқандығы көңілге қаяу түсіреді. Мінезі көркем біздің жігіттің осал жері жоқ.
Зоу Шиминнан аянып қалған жері және жоқ. Бірақ, ұры тазыдай сумаңдап шаршы алаңда ойнақ салатын Зоу тепе-тең ұрыста да жеңіске жетіп кетеді. Оның үстіне Лондонда Қытай бокс құрамасынан Зоудан басқасы жарыс жолынан шығып қалған. Ендеше, бокс әлеміндегі бар атақ- даңқты бір бойына жиып алған Зоу шіркініңіз, бір жарым млрд-қа жуық Қытайдың үкілеген үміті бұл жолы да, біздің жігітке есе беруі қиын-ау?!
Болат екеуміздің қабағымыз салыңқы тартып, күрсініп отырғанымыз осы.
«Зоудың бір жері сынып қалса екен».
Досым тым алысқа кетіпті. Оңтүстіктің медаль алады деген спортшыларының барлығы орта жолда барлығып қалған. Жеңіспен бірге, абырой да керек елге арқырап барғанға. Бәрін бүлдіріп тұрған мынау қытай. Тым құрмаса жартылай финалда жолыққанда ғой?
Әне, екі қолын ербеңдетіп, ботадай ойнақтаған Зоу тұсымыздан өтіп барады.
Артынша Біржан көрінді. Келісті жігіт. Соңында жеке бапкері және Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.
Айқайладық. Көзі жарқ ете қалған Біржан бізге қол бұлғады.
Алапат айқас басталып кетті. Екеуі де бір-бірін өте жақсы біледі. Екеуінің де ұрыс машығы жүректерінде жатталып қалған. Екеуі де осы айқас алтынға бастайтын баспалдақ екенін жақсы біледі. Біздің жігіт тым ширығулы. Әшейіндегі сынық мінезін бойынан сыпырып тастап, жолбарыстай шабынып жүр. Екеуінің қолдары да алмас қылыштай жарқ-жұрқ. Талмау тұс ашылып қалса, наркескендей сұғып алуға бар. Аңдысу жоқ, қойғыласу бар.
Зоу Біржанның таудан құлаған селдей екпініне шыдай алмай, тайғанақтап ұрыс салып жүр. Жырынды қу шабуыл кезінде ашылған сәттерде есесін жібермейді.
Бірінші раунд та, екінші раунд та Зоудың еншісіне жазылды. Онсыз да қарасұр Болат қаны қарайып, сұп-сұр болып отыр. Өзіміздің жігіттер шаршы алаңға шыққанда сарайды мойнымызға іліп кетердей екіленетін біздің түріміз де оңып тұрған жоқ-ау. Бес төрешінің үшеуі ұпайды пианино тілін басқандай қытайға беріп жатыр.

 

photo 67388


Соңғы раунд. Ақылды жігіт емес пе, Біржан бәрін түсініп жүр. Зоуды ұрып құлатпаса енді жеңіс жоқ. Қос қолы найзағайдай жарқылдап қытай боксшының төбесінде ойнайды. Бокс – өте қатал өнер түрі. Талай ауыр соққылардан талай боксшы қайтпайтын жаққа аттанып кеткендіктен, бокс қолғабының ішіне салынатын қыл- қыбырды қалыңдатқан. Жеңіл тию үшін. Жеңіл салмақтағы боксшыға жеңіл тиетін қолғаппен ұрып құлату қиын. Бірақ, намысы тұла бойын буырқантқан Біржан атойлауын тоқтатар емес. Болмады. Ертеңінде тағы келдік. Жарыс басталуға әлі бірталай уақыт бар еді.
– Бақтияр аға!
Шаршы алаң түбіндегі басқышта Біржан тұр. Барып батырымыздың маңдайынан сүйдім. Іштей шырығып жүрген еркебұланның көзінен бырт етіп жас үзілді.
– Аға, барымды салдым. Зоу тағы да алдырмай кетті. Өз түйсігімде жеңілген жоқ сияқты едім. Төреші қолыңды көтермегеннен кейін бәрі бекер. Халқымыздың үмітін ақтасам деп едім. Әкем Жақыпты жақсы білесіз, мен үшін жанын беруге бар. Созақбай аға да ақ тілеу айтып қалып еді. Елдің үмітін ақтау үшін аянғаным жоқ.
Жайшылықта сөзге жоқ бауырым қыстыға ақтарылды. Өз басымыз Біржан жеңілді деген ойда жоқпыз. Теңбе-тең айқас. Жеңісті Біржанға берсе де Зоу «Оу, бұл қалай болды?» демес еді.
Содан бері талай жыл өтті, тарих парағы сан ашылып жабылды.
Зоу Лондоннан соң кәсіпқой боксқа ауысты. Ал, үлкен спорттағы үлкен жеңісінен үміті бар біздің Біржан әлем биігін бағындырды.
Қазақ сайыпқыраны осымен үшінші олимпиадасына барады. Оның жүлделерін айтар болсақ, 2005 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2008 жылы Әлем Кубогінің қола жүлдегері, 2010 жылы Азия ойындарының ақтық сынына шықты. 2012 жылы Олимпиадалық квалификациялық құрлықаралық турнирдің жеңімпазы. Ал, 2013 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Рио Олимпиадасының жолдамасын AIBA-ның APB жобасы бойынша жеңіп, осы жүйеде топ бастап тұр.
Алматыда өткен әлем чемпионатында өзбекстандық сыралғы қарсыласы Хасанбой Дусматовты жеңген еді. Әлем чемпионы Йосвани Вейтаны да жолда қалдырған.
Жанкүйерлер Біржанның Рио де Жанейро олимпиадасы ойындарында жүлде аларына сенді. Бәріміз де сенгенбіз.
Бәрі Алланың қалауында екен. Риода халықаралық жарыстарда итжығыс түсіп жүретін Хасанбой Дусматовтың асуынан өте алмады.
Біржан Жақыпов – мінезі көркем, жібектей жігіт. Шаршы алаңда қарсыласының ес-пұсын алғанымен былайғы өмірде шыбынды шертпейтін, кісіге жақсылығы болмаса жамандығы жоқ азамат. Осы Біржанның «мен де атақты боксшымын – еңбегім өткен» деп біреуге дауыс көтергенін көрмедік, қашанда кішік. Ел ішінде әпербақандар көп қой. Біржанның үш олимпиадаға баруын өз бапкері, Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановтан көргендер бар.
Обалы не керек, жел сөз. Өйткені, 48-49 келі салмақта Қазақстан құрамасында Біржаннан алдын орайтын боксшы жоқ еді.
– Менің арманым Олимпиада ойындарында еліміздің байрағын көтеріп, Әнұранын ойнату еді. Сол үшін теңіздей тер төктім. Алла қос көрмеді ме, тілегім орындалмады.
Үміттеріңізді ақтамағаным үшін Мен Сіздерден кешірім сұраймын. Кешіріңіздерші, мені.
...Қанша даңқты спортшыларды көрдік. Жеңді, жеңілді. Бірақ, ешқайсысы халықтан кешірім сұрамаған еді. Ешқайсысы халықтан үлкен емес. Біржан соны түсінеді.