Шын батыр майданда сыналады Избранное

Среда, 25 Сентябрь 2019 03:44 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3924 раз

Қазақтың бас қаласына әлемнің кіл үздік балуандары жиналды. Олимпиада және әлем чемпионатының бірнеше дүркін чемпиондары, аты аңызға айналған ардагер споршылар, жұмыр жер есімін ардақтаған қонақтар да жетіп артылады. Құрметті спортшылар мен қонақтардың жалпы саны 60-қа жуық. Қыркүйектің 14-22 аралығындағы, жалпы бір аптадан астам уақытқа созылған әлем чемпионаты елдігімізді танытты. Әрі бұл бәсеке ел тарихында тұңғыш рет өтті.

1568624764

Бұған дейін күрес түрлерінен Бішкекте өткен Азия чемпионатына редакция атынан барған болатынмын. Өз елімізде өтіп жатқан әлемдік бәсекені сырттан бақылау осы салаға маманданған журналист үшін кешірілмес жағдай.

Нұр-Сұлтан. 14 қыркүйек. «Барыс-Арена» спорт кешеніне ертерек жеттік.

Аккредитациядан өтіп қойғанбыз. Куәлік қағазымызды сол жерден ұйымдастыру комитетіндегі қыздардан алдық. Әлемнің бірнеше елінен әріптестер келген. Әлем чемпионаты туралы ақпарат таратуға 360-тан астам журналист тіркеліпті. Соның біршамасымен бір апта бойы бірлесе жұмыс істедік.

«Барыс-Арена» спорт кешенінің іші-сырты тамаша безендірілген. Сыртында киіз үй іспетті «Фан-зона» жұмыс істеп тұр. Үзілісте сыртқа шыққандар сонда ағылады. Олимпиада және әлем чемпиондарының макеті жасалыпты. Әлемнің әр қиырынан келген жанкүйерлер сол жерде естелік суретке түсуге құмбыл. Одан бөлек, қазақтың салт-дәстүрін паш ететін кәдесыйлар да сатылуда. Бәрі үйлесімді.

UWW (Біріккен әлем күресі), Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы бірлесе ұйымдастырған бәсекенің жауапкершілігі үлкен, әрине.

Нұр-Сұлтан олимпиадалық күрес түрлерінен әлем чемпионатын қабылдаған 10-шы қала атанып отыр. Бұл жолғы бәсекенің беделі биік. Өйткені, әр салмақтағы үздік алты балуанға Токио Олимпиадасына жолдама береді. Әлемнің 104 мемлекетінен 1000-ға жуық спортшы келген.

Әлем чемпионатын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ерлан Қожасбайдың айтуынша, бәсекені әлемнің әр түкпірінен 800 млн-ға жуық адам тамашалауға мүмкіндік жасалған. «Біз сапа бойынша өстік. Қазір күрес шоуға айналып келеді. Техникалық мүмкіндіктеріміз артты», – деді Ерлан Қожасбай баспасөз мәжілісінде.

UWW президенті Ненад Лалович та баспасөз мәслихатында әлем чемпионатының ұйымдастырылуына жоғары баға берді. «Әзірге сенімнен шығып тұрсыздар. Бірақ босаңсуға орын жоқ» деп көпшілікті бір күлдірді.

– Басты мақсатымыз – күрес түрлерінің әрқайсысының сапасын жақсарту және көрермендердің қызығушылығын арттыру. Менің мақсатым халықаралық федерацияның тізгінін алғаш ұстаған тұста күрестің әлемдегі беделін көтеру болатын. Бүгінгі таңда біздің спорт өте танымал және күреске деген көрермендердің қызығушылығы артқан. Бұған Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионаты дәлел бола алады. Біріккен күрес әлемі атынан турнирді осындай тамаша деңгейде өткізіп жатқан ұйымдастыру комитетіне алғыс айтамын! – деді президент мырза.

1568987444

Қазақ елінің астанасына бес құрлықтан 60-тан астам Олимпиада чемпиондары мен жүлдегері келген. Оның ішінде қонақ ретінде атақты Александр Карелин, аңыз балуан Михайн Лопес Нуньес, жас америкалық жұлдыз Кайл Снайдер, ресейлік Абдулрашид Садуллаев, Олимпиада чемпионы Джордан Барроуз, Артур Алексанян, т.б. жас жұлдыздар бар.

Жарыстың ашылу рәсімі де керемет әсерлі өтті. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жас балуандар Нұрғали Нұрғайыпұлы, төреші Ерік Жұмабеков жарыстың әділ өтуіне ант берді.

Айнағұлов – алғашқы жолдама иегері

Сонымен, бәсекені грек-рим күресі балуандары бастап берді. Алдымен Олимпиадалық емес салмақтағы балуандар сынға түсті. Ә дегеннен Қорлан Жақанша (55 келі) күміс алса, Алмат Кебіспаев (63 келі) қола жүлдені сыйлады.

Жарыстың үшінші күні. 60, 77, 130 келідегі жігіттердің әлеуетін байқадық. Азия чемпионы Асхат Ділмұхамедов әп-сәтте мерейімізді тасытып жіберді. Ширек финалда екі дүркін Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы Роман Власовты сан соқтырып кетті. Залда айқай-сүрең. Қазақ жанкүйерлері 6 минут бойы зал ішін жаңғыртып, қолдау көрсетті. Жан-жақтан «Қазақстан, алға!» деген дауыстар жарқын естіледі. Рухымыз көтеріліп кеткенін несіне жасырайық. Осынау жарқын жеңісті сәтте күй күмбірлеп тұрғаны да жараса кетті.

Ресей балуандарын әйгілі Александр Карелин бастап келген. Атақты балуан залда отырып, жанкүйерлермен бірге күрес тамашалап отыр. Өз жерлестеріне қолдау көрсетеді-ақ. Көз алдында отандасы Власовтың жеңіліс құшқанынан кейін көп ұзамай залдан шығып кетті. Аңыз балуан грек-рим күресі бәсекелерінің барлық күнінде жанкүйер болды. Трибунаға келе жатқанда және үзіліске шығар кезде көпшілік жан-жағын қоршай қалады. Естелік суретке түсуге өтініш жасап әлек.

Қазақ балуандарының арасынан ең бірінші болып Мейрамбек Айнағұлов жолдамаға ие болды. Бір қызығы, 60 келіде 4 қазақ балуанының белдескеніне куә болдық. Елмұрат Тасмұратов Өзбекстан атынан, Қытайдан келген Уәлихан Серікұлы, Бразилия қазағы Марат Гарипов жолдамаға таласып көрді. Әттеген-айы, бәрі де іріктеу сындарында-ақ жеңілді. Жартылай финалға дейін жеткен – отандасымыз Мейрамбек Айнағұлов қана.

Сөйтіп, 77 келіде Асхат Ділмұхамедов бесінші орынға және Олимпиада жолдамасына ие болса, Айнағұлов қола жүлдені қоржынға салды.
Жалпы, әлем балуандарынан Токио ойындарына жолдамаға уақыты жағынан бірінші ие болған – германиялық Эдуард Попп болды.

Грек-рим күресінен аса ауыр салмақтағы үш дүркін Олимпиада, бес дүркін әлем чемпионы Михейн Лопес қазақ жерінде алшаң басып жүр. Өзі болса, төртінші рет Олимпиада чемпионы атансам деген ойы барын жасырмайды. Бозкілемді сағынып-ақ қалыпты. Алайда, бұл жолы оның ізбасары Оскар Пино Хиндс өнер көрсетіп, финалға дейін жетті. Болашағынан зор үміт күттіретін балуан.

Алыптар арасында түрік батыры Риза Каялптың бағы жанды. Ол қазақ жерінен төртінші жеңісіне әрі Олимпиада жолдамасына ие болды. Түрік батырының пікірін сұраймыз. Күніне 5 сағат жаттығатынын айтады. «Келесі жылы Токиода алтын медаль үшін күресемін», - дейді өзі.

Риза балуан допингтік тексерістен кейін көп ұзамай әуежайға бет алды. Біз де түрік делегациясы мінген автобуспен ілесе бардық. Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында сағат түнгі 1:00-де сұқбат алуға өтініш жасап едік, келісе кетті.

Атыңнан айналайын Айсұлу...

Нұр-Сұлтан боз кілеміндегі әйелдер бәсекесі де аса тартысты өтті. Жаңа есімдерді таныдық. Әдеттегідей, алғашқы үштікті Жапония, Ресей, АҚШ құрамалары түйіндеді. 57 келіге дейінгі салмақта жапон аруы Рисако Кавай үш дүркін жеңімпаз атанды.

Әйелдер күресінен аты аңызға айналған балуан Саори Иошида әлем чемпионатына келді. Бірақ бұл жолы Жапония құрамасындағы балуандарға ақыл-кеңесін беру мақсатында. 3 Олимпиада, 13 дүркін әлем чемпионы спорттық ғұмырын аяқтаған сыңайлы. Құрама балуандарының қасында зыр жүгіріп жүр.

Сондай-ақ, чемпионатта тарихи оқиғаға куә болдық. 62 келіге дейінгі салмақта қырғыз аруы Айсұлу Тыныбекова еліне алтын сыйлады. Бұл –олимпиадалық спорт түрінен қырғыз спорты тарихындағы алғашқы алтын медаль. Айсұлу жанкештіліктің нағыз үлгісін көрсетіп, соңғы секундтарда жеңісті жұлып алды.

Қырғыз журналистері жеңімпаз аруды белдесуден шыға сала, ентігіп тұрған күйде сұқбатқа тартты. Жеңістен буыны босап тұрған Тыныбекова 1 минут аузына сөз түспей тұрып қалды-ай. Жеңістің қуанышы осындай болады екен. «Бұл жеңісімді өз отаныма арнаймын. Барлық жанкүйерлерге алғыс. Нұр-Сұлтан кілеміндегі осы жеңісім үшін Қазақ еліне де айтар алғысым шексіз» деді ол.

Әйелдер сынында екі жолдама және бір қола жүлдеге ие болдық. Ең жеңіл салмақта Валентина Исламова қола жүлдені қоржынға салды. Ал 76 келіге дейінгі салмақта Эльмира Сыздықова бесінші орынға жайғасты. Рио ойындарының қола жүлдегері Токио ойындарына да жолдама алды. Енді алаңсыз дайындалуға зор мүмкіндік емес пе?!

Жас дарынның жарқын жеңісі

Чемпионатты соңына қарай еркін күрес балуандары қыздырды-ақ. Олимпиада және әлем чемпиондарының өнері көпшілікті таң-тамаша етті. Бірінің бағы жанса, енді бірі сәтсіздікке ұрынғанына да куә болдық.

Абдулрашид Садуллаев, Заурбек Сидаков (Ресей), Кайл Снайдер, Джордан Барроуз, Джейден Кокс (АҚШ), Таха Акгюль (Түркия), Франк Чамизо (Италия), Гено Петриашвили (Грузия), Хасан Яздани (Иран) сынды әлем жұлдыздары күрестің қызығына елітті.

97 келідегі ширек финалдық сынға кілең мықтылар шыққан. Соның арасында қазақ балуаны Әлішер Ерғали ең бірінші болып жартылай финалға суырылып шықты. Осы сәтте бір мейманамыз тасып, керемет әсерге бөлендік. Әбден күшіне мінген Әлішер моңғолдың мықтысы Батзул Улзисайханды айқын жеңді. Сөйтіп, бұл салмақтағы лицензияға бірінші қол жеткізді. Мұның өзі тарихи ерлік десе жарасар.

Ресейлік Абдулрашид Садуллаев төртінші алтынына қол жеткізді. Дүние жүзі жанкүйерлері Садуллаев пен Снейдер (АҚШ) арсындағы кезекті тартысты күткен. Бұл жолы Снейдер жартылай финалда Олимпиада чемпионы Шариф Шарифовке (Әзірбайжан) есе жіберіп алды. Финалда бабында жүрген ресейлік балуан айқын жеңіске жетті. Шарифов дегеніңіз 2012 жылғы Олимпиада чемпионы. Екі Олимпиада чемпиондарының күресі тартысты өтті.

86 келіде парсы елінің мақтанышы Хасан Яздани барлық қарсыласын айқын жеңіп, кезекті рет алтын тұғырға шықты.
Бір қызығы, 92 келіде АҚШ өкілі Джейден Кокс қарсыластарына бірде бір ұпай бермей, екі дүркін әлем чемпионы атанды.

Нұр-Сұлтан кілеміндегі тағы бір тарихи жағдай – Сан-Марино елінің балуаны Назем Аминенің жолдама иеленуі. Ол өз елі тарихында алғашқы балуан ретінде Олимпиадаға қатысады.
Қазақ балуандары да тәп-тәуір өнер көрсетті. Әлем чемпионатының финалына екі бірдей балуанымыз шықты. 70 келіде Нұрқожа Қайпанов та әлемнің үздік балуандарының арасында бірінші болып жартылай финалға шықты. Небәрі 21 жастағы жігіт. Әрі бірінші рет қатысып, күмісті олжалауы тәуір жетістік.

Тісқаққан балуан Дәулет Ниязбеков араға 8 жыл салып, әлемдік додада жүлдегер атанды. Бұл жолы күміске қолы жетті. Мықтылар топтасқан 74 келіде Данияр Қайсанов та үздік бестіктің арасына кірді. Яғни, жолдама қолда.

Еркін күрестен Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Бұл – тарихи жеңіс. Ресейден кейінгі сатыға орналастық.
Әттеген-айы, әлем чемпионатында күрестің үш түрінен де алтын жүлде бұйырмады. Оның басты себептерін алдағы уақытта құрама жаттықтырушылары талдай жатар. Алайда, әлем чемпионаты жанкүйерлерге керемет әсер сыйлағаны анық.

Шымкент – Нұр-Сұлтан – Шымкент

Последнее изменение Среда, 09 Октябрь 2019 04:16
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.