Жуырда Түркияның Анталия қаласында түркі әлеміне ортақ көне ойын тоғызқұмалақтан өткен әлем чемпионатында шымкенттік спортшылар жеңімпаз атанған еді.
Әлемдік сайыста екі бірдей алтын медаль жеңіп алған Ғалымжан Темірбаев пен күміс медаль иеленген Салтанат Сапарбековаға құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, бұл сында Ғалымжан Темірбаевтың бапкері Айгерім Қуанышбаева түріктердің осы ойынға ұқсас Мангала деп аталатын сайысында қола медалге ие болды.
Жеңімпаз атанған спортшылар – Нұрлан Жабаев басқаратын Шымкент қаласының ұлттық және ат спорты түрлері бойынша кешенді спорт клубының саңлақтары. Осы жеңісіне орай чемпиондарға құрмет көрсетілді.
Ұлттық өнеріміздің жанашыры, белгілі меценат «Қаржантау» ЖШС директоры Алихан Амалбаев елімізді әлемге танытып келген топжарған спортшыларға қаржылай сертификаттарды табыс етті. Алдағы жарыстарда да мерейлі болуына тілектестігін білдірді.