Ерлер арасында 80 келі салмақта финалда жұдырықтасқан Нұрбек Оралбай украиналық Александр Хижняктың осал тұсын таба алмады. Екі боксшы да аянып қалған жоқ. Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Хижняк тартысты бәсекеде 3:2 есебімен басым түсті.
Екі дүркін әлем чемпионы
Назым Қызайбай жартылай финалда әлем және Азия ойындарының чемпионы, қытайлық Ву Юден жеңілді. Әйелдер боксында бұған дейін Марина Вольнова, Дариға Шәкімованың жеңісті жолын жалғастырып, осылайша Қызайбай Олимпиада медаліне қол жеткізді.
Париж бозкілемінде грек-рим күресі бәсекелері аяқталды. Бұл сында ұлттық құрама сапынан Демеу Жадыраев финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге иелік етті. 77 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Демеу финалда жапондық Нао Кусакаға есе жіберді. Арада ұзақ жылдық үзілістен кейін грек-рим күресінің шеберлері финалда күресіп, жанкүйерлерді бір қуантты.
Жадыраев ширек финалда екі дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ақжол Махмұдовты (Қырғызстан), жартылай финалда әзербайжандық Санан Сүлеймановты жеңген болатын. Кеше еркін күрестен бәсекелер басталды. Ол сында Азамат Дәулетбеков, Әлішер Ерғали, Юсуп Батырмұрзаев және Мейрамбек Қартбайға үміт артамыз.
Таеквондодан Қазақстан командасының мүшесі, жерлесіміз Самирхон Абабакиров Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жекте жеңіліс тапты. Ерлер арасында 58 келі салмақта сынға түскен ол алғашқы айналымда Олимпиада чемпионы, италиялық Вито Дел'Акилаға қарсы шыққан болатын. Алғашқы кезеңде 12:6 есебімен басымдық танытқан Самирхон соңғы екі кезеңде қарсыласқа есе жіберіп алды.
Әзірге, ел спортшыларының қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде бар. Отандастарымыз алда көркем гимнастика, байдарка және каноэде есу, таэквондо, еркін күрес және тағы басқа спорт түрлерінен сайысқа түседі. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан командасы әзірге 28-шi орында келеді.