1966 жылдан бастап жыл сайын 20 шілдеде ФИДЕ «Біз бір отбасымыз» ұранымен өтетін Халықаралық шахмат күнін атап өтеді. Бұл күні бүкіл әлемде шахмат турнирлері ұйымдастырылады.
– Биыл ФИДЕ өзінің 100 жылдығын тойлауда, соңдықтан осы жолы бұл күн мүлдем ерекше атап өтілді. ФИДЕ өз алдында 24 сағат ішінде ойналған шахмат ойындарының ең көп саны үшін Гиннестің рекордтар кітабына ену мақсатын қойды. Бүгінгі тартысты кездесуге қатысушылардың ең жасы 7 жаста. Сонымен қатар 66 жастағы қала тұрғыны да бақ сынауда. "3+2" блиц турнир түрінде, әр ойыншыға партияға 3 минут, бірінші кезектен бастап әр айналымға 2 секунд қосылады, Швейцария жүйесі бойынша 9 тур болады. Қатысушылар әуесқой болсын, гроссмейстер болсын бүгінгі жүрістері тарихта қалуы әбден мүмкін, - деді Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов.
Айта кетейік, 1924 жылы 20 шілдеде Парижде 14 елдің өкілдері Халықаралық шахмат федерациясының негізін қалады. Жүз жыл ішінде ФИДЕ мүшелерінің саны 201-ге дейін жетіп, ал шахматты үнемі ойнайтын адамдар саны 800 миллион адамнан асты деген болжам бар.
Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ