ТАРТЫСТЫ БӘСЕКЕ ӨТТІ Избранное

Среда, 12 Июнь 2024 06:18 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1302 раз

IRFIN promotions промоутерлік компаниясы Шымкент қаласында халықаралық кәсіпқой бокс кешін ұйымдастырды. Көрме орталығында өткен сайыста жанкүйерлер кәсіпқой және әуесқой боксшылардың тартысты бәсекелерін тамашалады. Нұрдос Төлебай, Елшат Нығметолла сынды белгілі боксшылар қарсыластарынан басым түсті. Жалпы, бұл жолы 8 жекпе-жек жоспарланған-тын.

bokss-1

 

Промоутерлік компания биыл 15 наурызда құрылған болатын. Компанияның бас директоры Бақдәулет Төрехановтың айтуынша, алғашқы бокс кешін Шымкент қаласында өткізуге шешім қабылданған. Бұл жолғы бәсекеге Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Тайланд, Филиппин, Моңғолия, Қытай елінің тәжірибелі боксшылары қатысты. Басты жекпе-жекте отандасымыз Нұрдос Төлебай (11-0, 9 КО) мен тайландтық Анусон Зонлюанг бақ сынады. Екінші басты жекпе-жекте Ақтаудан келген Самат Жетібаев (6-0, 4 КО) пен осы салмақтағы WBA және WBC нұсқалары бойынша Азия чемпионы, филиппиндік Адриан Лерасан (13-6, 6 КО) арасында өтті. Жалпы айтқанда, қатысушылардың жартысы кәсіпқой, жартысы әуесқой бокстан таңдалған.
Алдымен спортшылар «Шымкент плаза» сауда орталығында салмақ өлшеп, көз түйістіру рәсімін өткізді. Ұйымдастырушылар кәсіпқой бокс кешіне қолдау көрсеткен Шымкент қаласы әкімдігіне алғысын жеткізді.
Халықаралық кәсіби бокс кешін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тамашалады. Сонымен қатар, бокс кешіне қазақ боксының аңызы Серік Қонақбаев, әлемнің абсолютті чемпионы Константин Цзю жарысқа арнайы қонақ болып келді.

bokss


Сонымен, кәсіпқой бокс кешін қазақстандық Бауыржан Бекмұрзаев (1-0, 1 КО) жеңіспен бастап берді. Ол Өзбекстаннан келген Дильмуроджон Тошхуджаевты мерзімінен бұрын жеңді. Әлішер Аблулалим, Жолдас Жеңісов, Ершат Нығметолла да жеңісті жолды жалғады. Әттеген-айы, Қалдыбек Қалдан, Армат Арманұлы, Самат Жетібаев қарсыластарына ұпай санымен есе жіберді.
Ал ең соңғы сында Нұрдос Төлебай Irfin Promotions турнирінің басты жекпе-жегінде нокаутпен жеңіске жетті. Спорттық іс-шараны тікелей эфирде SPORT+Qazaqstan телеарнасы көрсетті.
– Біздің компанияның басты мақсаты – талантты жастарды іздеу, соларды әлемдік деңгейге шығару. Сол себепті де бұл жолы дебютанттарға көп көңіл бөлдік. Шымкент халқы боксты жақсы көреді. Мұнда көптеген боксшылар шыққан. Алғашқы жарысымызды Шымкенттен бастауды жөн көрдік. Мұндай турнирлер аймақтағы боксты дамыту үшін де өте маңызды. Алда 2-3 айдың ішінде Астана және тағы басқа да қалаларда сайыс өткізу жоспарда тұр, – дейді Бақдәулет Төреханов.
Халықаралық кәсіпқой бокс кештері – жас боксшылар үшін таптырмас алаң. Онда дебюттік жекпе-жекке шығып, тәжірибе жинауға мүмкіндік мол. Жаңадан құрылған промоутерлік компания жас боксшыларға осындай мүмкіндік ұсынып отыр.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.