Версия для печати

Ізгілік пен игілік имандылықтан тамыр тартады Избранное

Среда, 20 Ноябрь 2019 03:49 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 52758 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Шымкент – қайырымды қала» бастамасына ата дініміздің қосар үлесі зор». Қала әкімі Ерлан Айтаханов «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты аймақтық форумдағы құттықтау сөзінде осылай деді. Үшінші мегаполисте ҚМДБ-ның Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен имамдардың аймақтық форумында рухани құндылықтар жайлы тұжырымды ойлар айтылды. Басқосуға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарының бас имамдары, дін қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жалпы 800-ге жуық дін өкілдері қатысты.

IMG-20191119-WA0032

23 қазанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Елорда төрінде ІІІ республикалық имамдар форумын өткізген еді. Онда «Рухани жеті қазық» Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы тәлімдік құжаты қабылданды.

Аймақтық форумның мақсаты – осынау рухани Тұғырнаманы насихаттау, мұсылман жамағатын білім алып, қоғамға пайдалы болуға, отансүйгіштікке, ізгілікке, бірлікке, мейірімділікке, адамгершілік құндылықтарға үндеу.

Осы орайда Бас мүфти Серікбай қажы Ораз рухани қүндылықтардың қасиеті жөнінде тағылымды баяндама жасады.

– Бүгінгі жиын имандылық, отаншылдық, еңбекқорлық, мәдениеттілік, ауызбіршілік, білімділік, әділеттілік сынды жеті ұстынды арқау еткен құжатты жамағатқа насихаттаудың сәтті сабақтастығы болып отыр. Қоғамдағы күрделі мәселелерді шешудің бір ғана қуатты жолы – рухы биік сананың қалыптасуы болмақ. Сана түзелсе – адам түзеледі. Адам түзелсе – қоғам түзеледі. Пенденің бойындағы иман-сенім – барша жамандықтың қалқаны.

Біз осы бағытта жұдырықтай жұмылып, жұмыс істеуіміз керек. Реті келгенде имандылық жолындағы жастарға айтарым – халыққа қызмет ету ісінде дүние мен діннің игіліктерін құстың қос қанатындай ұстаңыздар. Дін қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі бейнебір археологтардың жұмыс бағытына сәйкес келетін, аманаты үлкен сала.

Нәзік саланың мамандары, яғни археологтар мен имамдар жерді белден қазып, жұмысты өндіріп істейін десе, топырақ астындағы тарихи жәдігерлерді бүлдіріп не сындырып алатыны ақиқат. Рухани мұраны аршып-алуға сабыр мен төзім, ұқыптылық пен тиянақтылық қажет, – деді бас мүфти өз сөзінде.

Бас мүфти Шымкент шаһарының діни ахуалы жіті назарында екенін айта келе, негізгі басымдықтарға тоқталды. ҚМДБ өзінің сан-салалы қызметінде төрт бағытқа басымдық береді. Ол – сауат ашу, шәкірт тәрбиелеу, қайырымдылық жасау, діни ағымдармен жұмыс. Бұл бағыттағы іс-шаралар бір сәтке де тоқтамай, жандана түспек. Өйткені, басты құндылық – елдің амандығы мен жердің тыныштығы, бірлігі мен бейбітшілігі.

DSC 0983

Жиында құттықтау сөз сөйлеген қала әкімі Ерлан Айтаханов дін – адам тарихының үлкен тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі екенін атап өтті.

– Егемен ел болып қалыптасуымызда, мемлекетіміздің өсіп өркендеуінде діннің алатын орны ерекше. Өйткені, дін адамгершілік, әділдік, төзімділік кепілі. Діні, тілі, ділі жоқ халықтың болашағы жоқ. Дін арқылы елді біріктіруге болады. Шымкент – қайырымды қала бастамасына Ислам дінінің қосар үлесі зор, – деді Ерлан Қуанышұлы.

Сондай-ақ, форумда баяндама жасаған ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қоғамда рухани құндылықтарды қалыптастырудың тетіктерін сөз етті. Мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, Сайлаукүл Барақова діннің қоғамда алар орны жөнінде әсерлі әңгіме өрбітті. Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ-ның профессоры Досай Кенжетай маңызы мол құжат жөнінде мазмұнды ойлар айтты.

Бүгінгі таңда күш те, қуат та – білім мен бірлікте. Еліміздің әр азаматына терең ілім, көркем мінез, мықты рух, ел, жер, Отан қадірін білетін биік сана және ең бастысы татулық керек.
Имандылық – адамның амалын көркемдейтін рухани жол. Отанға қызмет етіп, білім алу, өзін өзі дамыту тұрақтылықтың негізінде жүзеге асады.

Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты.
Жиын соңында қабылданған аймақтық имамдар форумының Үндеуі осы мақсаттарды көздейді.

IMG-20191119-WA0029

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.