Сиыр жылы n

Әне-міне дегенше, зымыраған уақыт дөңгелегімен тышқан жылын тарих қойнауына жіберіп, 2021 Сиыр жылы табалдырымызды аттады. Бәрін айт та, бірін айт, өткен жыл қауіп-қатерге толы болды. COVID-19 шартты атауын иеленген індет әлемді әбігерге салды. Тосыннан келген кесел талай жанды құрығына ілді. Пандемия салдарынан ауылдар мен қалаларда мүлгіген тыныштық орнады. Адамдар оқшауланған жағдайда өмір сүруге дағдыланды. Бұл – 2021 жылдың есте қалар қиындығы.

Ал енді Сиыр жылының тарих бетіндегі таңбалары қандай? Өткен уақыттың уысындағы басты оқиғаларға зер салсақ, бұған дейінгі Сиыр жылдарының үлесінде де ақтаңдақ ауыртпалықтар, сондай-ақ ел есінде қаларлық елеулі оқиғалар аз болмағанын білеміз.
Оның ішінде қазақтың бетке тұтар қаймақтары – ұлт зиялылары қуғын-сүргінге ұшыраған 1937 жыл еске оралады. 1949 жылғы Семей ядролық полигонындағы сынақ жерімізге қаншама зардап әкелген зауалдың бірі. 1985 жылы наурыз айында КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы болып М.С. Горбачев сайланды. 1961 жылы 12 сәуірде адамзат тарихында
«Байқоңыр» айлағынан тұңғыш рет ғарышқа адам аттанды. Космонавт Юрий Гагарин «Восток» зымыранымен көк жүзі кеңістігінде 108 минутқа созылған уақыт «саяхаттап», жерге аман оралды. Содан бері бұл күн «Космонавтика» күні деп аталады.
1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Сондай-ақ дәл осы жылы Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен елорданы Алматыдан Астанаға көшіру туралы шешім қабылданды. 2009 жыл дүниежүзілік дағдарыс зардабынан әлі құтылмаған кезең есебінде есте. Ал жағымды жаңалықты айтсақ, осы 2009 жылы бүгінде Нұр-Сұлтан деп аталған астанада «Қазақ елі» монументі, Тәуелсіздік сарайы, Орталық концерт залы т.б нысандар ашылды. Әрине, қалай болғанда да «жылдың жаманы жоқ» деп жатамыз. Өйткені қай-қайсымыз да жаңа жылдан жағымды өзгеріс, жылы леп күтетініміз анық. Ендеше есігімізден енген Сиыр жылы жайлы астрологтардың болжамына зер салайық.

 

167991

Жұлдызнама не дейді?

Астролог Бақытжан Ақанова жыл қайыру белгілері бойынша келер жылы кімді не күтіп тұрғанын топшылады.

Тоқты. Жыл белсенділікке толы. Қаражат табудың жаңа мүмкіндіктері мен мансаптық ілгерілеу байқалады. Жақсы өзгерістерге жетелейді. Ата-анамен қарым-қатынасқа мән беретін уақыт. Шығынды қадағалаңыз, оңды-солды ақша шашудан аулақ болыңыз.

Торпақ. Өзін жеке тұлға ретінде танытуға құмар. Денсаулық мәселесі басты кезекте. Жыл түрлі тренинг, оқу үшін маңызды.

Егіздер. Жөнсіз шығыннан аулақ болыңыз. Саяхаттауға, таңғажайыптарға қызығушылығыңыз оянады. Денсаулығыңызға мән беріңіз.

Шаяндар. Жоспарды жүзеге асыратын жыл. Мансапта, жеке өмірде өзгерістер болуы мүмкін.

Арыстан. Мансаптағы өзгерістер, жұмыстағы жаңа мүмкіндіктер үшін қолайлы. Ең бастысы, салыңыз суға кетпесін. Отбасына, анаңызбен қарым-қатынасқа көңіл бөлу керек.

Бикеш. Мансап жолында жаңа мүмкіндіктер, іссапарлар жоспарлануда. Саяхатқа қызығушылық пайда болады. Балалармен арада түсініспеушілік, жеке өмірде проблема туындауы мүмкін.

Таразы. Шығынға мән беру керек. Отбасылық келіспеушілік болуы ықтимал. Ақталмайтын тәуекелге барудың қажеті жоқ.

Сарышаян. Қарым-қатынастан қашқақтаудың қажеті жоқ. Неке қидыруыңыз мүмкін. Кәсіп бойынша жаңа серіктестер пайда болады.

Мерген. Түрлі тәжірибе жылы. Өзіңіз жайында жар салуға мүмкіндік пайда болады.

Тауешкі. Жаңа мүмкіндіктер мен жобалар жылы. Балалармен қарым-қатынас қиындықтарға әкеп соғады.

Суқұйғыш. Жаныңыз рахат табатын жұмыс іздейсіз. Жылжымайтын мүлік алуыңыз мүмкін. Оқшаулануға құмартасыз.

Балықтар. Шығармашылық жолындағы жемісті жыл. Жаңа нәрсені, мансаптық дамуды қалайсыз. Жалпы жыл жақсы өзгерістермен ерекшеленеді.

 

Бұл жыл бұрынғыға қарағанда...

Отандық астролог, психолог Бақытжан Ақанова 2021 жыл 2020-ға қарағанда жеңіл өтетінін алға тартып отыр.

– Қаңтар, ақпан айлары қиын болады, наурыздың аяғынан бастап коронавирусқа қатысты жағдай жеңілдейді. Қарашаға дейін қысым сезіледі. Қаржы дағдарысы жалғасады және үнемдеу алдыңғы орынға шығады. Валютаның әсерінен өзгерістер болуы мүмкін. Адамдар экологияға мұқият бола бастайды, дұрыс тамақтануға қызығушылық туындайды, – дейді ол.
Жыл соңына таяу экономика мен саясатта тұрақтылық сезілуі мүмкін. Ауыл шаруашылығын, жер қойнауын пайдалануды дамытуға көбірек көңіл бөленеді. Негізсіз инвестициялар болуы мүмкін екенін айтқан астролог әбден ойланып шешім қабылдауға кеңес береді.
Оның әріптесі Елена Топольскаяның сөзінше, Сиыр жылының ең берік стихиясы – Металл мен Жер.
– Яғни банк секторында заң ғылымына, мемлекеттік басқаруға қатыстының барлығы жақсы болады. Мемлекеттік реттеу жоғары деңгейде жүргізіледі. Жаңарудың, жаңа бастамалар мен құндылықтарды қайта бағалаудың уақыты 2022 жылға сәйкес келеді. Ал 2021 жылы жағдайды оңтайландыру арқылы тұрақтандыру шебінде өтеді. Бұл ақшаны үнемдеуге, бұрын жинақталған мүлікті сауатты басқаруға қолайлы. Адамдар үшін үлкен мансаптық мүмкіндіктер кезеңі, – дейді ол.

 

фонарик-Loewe-Elie-Saab-Badgley-Mischka

Қай түс сәнде?

Pantone түстер институты 2021 жылдың басты түстерін анықтады. Олар – ашық сары (PANTONE 13-0647 Illuminating) және қою сұр (Pantone 17-5104 Ultimate Gray).
Ұйым директоры Леатрис Эйсман бұлар адамға шыдамдылық пен үміт сыйлайтынына сенімді. Жыл түстері сән, үй жиһазы, өнеркәсіп дизайны, медиадағы графика мен жарнама саласына да әсер етеді. Көбі осы түсті таңдауға тырысады.
Аталған институт өкілдері түрлі трендтерді талдау арқылы зерттеу нәтижесінде таңдау жасайды. Ойын-сауық, кино, суретшілердің өнер туындылары, сән және дизайн салаларын барынша зерделейді. Жыл түсі соның нәтижесінде анықталады.
Жалпы, түс адам психологиясы мен көңіл-күйіне әсер етеді. Әркім оны әрқалай қабылдайды. Бұл адамның мінезі, жасы, көңіл-күйі мен басқа да жайларға байланысты. Сондай-ақ түр мен түс ағзаға тікелей әсер етеді, адамды ерекше күйге бөлейді.
Еске салсақ, өткен жылдың басты түсі ретінде классикалық көк түс таңдалған болатын.

Көктайғақтың кесірі...

Пятница, 25 Декабрь 2020 04:26

 DSC1210

Шымкентте жауған қардан кейін қала іші айнадай көктайғаққа айналды. Көпшілікті бірнеше күннен бері құбылмалы ауа райы әбігерге салды. Жылынған күннің қабағынан ақ ұлпа езіле еріп, артынша ызғар танытқан суықтан жол бойы қатқақ мұз құрсанып шыға келді. Сол сол екен, көпқабатты үйлердің аулалары мен жүргіншілер жолын сірескен көкмұз басты.

Көктайғақ салдарынан оқыстан құлап, жарақат алғандар азаймай тұр. Апта басынан бері тек бір ғана қалалық №1 клиникалық аурухананың жарақат бөліміне көмек сұрап келгендердің қатары жиілей түсуде. Соңғы үш күнде мұнда түрлі жарақатпен 52 адам түскен. Табиғи құбылыс салдарынан қалада көлік апаты да жиілеген. Медицина мамандары ауа райының қолайсыздығынан денсаулығына зақым келгендер саны әлі де көбеюі мүмкін екенін айтады.
–Аурухана, емханаларға медициналық көмекке жүгінушілердің көбінің аяқ, қол, иық, жамбас сүйектері сынған. Жағдайы ауыр 26 адамға ота жасалды. Мертіккендердің дені 40-70 жас аралығындағы кісілер, – дейді дәрігер-травматолог Мақсат Елікбаев.
Биыл Шымқалада жауын-шашын мөлшері қалыпты шамада болғанымен, өткен жылмен салыстырғанда көктайғақтан зардап шеккендер көп. Мұзға тайып құлағандардың 20 пайызының денсаулығы ауыр жағдайда.
Содан болар, шымкенттіктердің коммуналдық шаруашылық бөліміне айтатын шағымы көп. Қала көшелері қардан тазартылғанымен, жаяу жүргіншілер жолы назардан тыс қалған. Әлі де мұздан аршылмаған аяқ жолдар мен аялдамалар бар. Ал қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері жағдайды бақылауда ұстап отырғанын алға тартады. Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Дәурен Сыдықұлының айтуынша, Қонаев, Абай даңғылдары мен Байтұрсынов, Бәйтереков, Бейбітшілік, Қалдаяқов, Асқаров көшелері, яғни бас-аяғы 299 көше қардан тазартылған. 32 бағытқа 187 арнайы техника қолданылып, 600 жұмысшы тартылған. Автокөлік жолы мен аяқ жолдарға құм, орталық көшелерге тұз ерітінділері себілген.
Аталған басқарманың мәлімдеуінше, көпқабатты үйлердің ішкі аулалары мен аяқ жолдарында мұндай жұмысты жергілікті әкімдіктер жүзеге асырады. Ол үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінген. «Солай екен, қаладағы төрт ауданның әкімдіктері қайда қарап отыр? Тротуарлар қашан мұздан аршылады? » деген сауал туындайды.
Синоптиктер алдағы аптада да жауын-шашын мөлшері көп түсетінін хабарлады. Тағы да құбылмалы ауа райы сақталатынын ескертіп отыр. Ондай жағдайда қала көшелеріндегі мұз қабаты қайта қалыңдап, табан асты тайғақ айдынға айналатын сияқты. Жаңа жыл қарсаңында жазым болушылар қатары көбейіп жүрмесін. Жолды мұз, қардан аршитын тиісті сала басшыларының құлағына алтын сырға...

«Анаға тағзым» медалі тапсырылды

Пятница, 25 Декабрь 2020 04:15

5050

Қалалық ардагерлер кеңесінде белсенді әжелер «Анаға тағзым» медалімен марапатталды. Төсбелгіні белгілі меценат, Халықаралық «Жеті жарғы» және Қожаберген жырау қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев табыстады.

– Бұл марапат – Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, тылда қажырлы еңбек етіп, қайсарлық пен мейірімділіктің нағыз үлгісін көрсеткен аналарымыздың еңбегі мен ерліктерін бағалау болып табылады. Сұрапыл жылдары олар басына түскен ауыртпалықты елемей, аянбай тер төкті. Бүгінгі және келер ұрпақтың есінде болсын деп, аналардың құрметіне «Анаға тағзым» медалін жасадық, – деген ол белсенді әжелерге алғысын білдірді.
Айта кетейік, мерейтойлық медаль Мәскеуде жасалған. Медальмен марапатталушылар қатарында еңбек ардагері Нәсира Қабылбекова, «Ерлік «мұражайының директоры Ақмарал Асанқызы, «Достық» әжелер тобының мүшелері Түймеқыз Жанатаева, Анар Арғынбаева, «Ақтілек» тобынан Аманкүл Аманова, Жанат Өтебаева, Әмишә Елешова, Мейрамкүл Тойлыбаева бар.

Мулан қазақша сөйледі

Среда, 23 Декабрь 2020 04:31

Mulan

Шымкентте Disney студиясы түсірген «Мулан» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы үлкен экраннан көрерменге жол тартты.
«Болашақ» корпоративтік қоры қазақша сөйлеткен фильм «Hyper House» СҮ-дегі Kinopark-те көрсетілді. Бұл – қор және Marwin компаниясының бастамасымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында дубляждалған мерейтойлық 35-ші фильм.

Көптен күткен киноның премьерасына қала әкімі Мұрат Әйтенов, жоба ұйымдастырушылары, медиа-тұлғалар, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты. Шаһар басшысы тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында қазақ тіліндегі сапалы ақпарат пен ағартушылық өнімдердің көбейгенін атап өтті.
– Елбасы бастамасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасының түлектері еліміз үшін маңызды түрлі жобаларды іске асыруда. Корпоративтік қордың игі жобасы арқылы голливудтық фильмдерге қазақ тілінде тамаша дубляждар жасалды. Содан болар, қазақ көрермені киноиндустриядағы соңғы туындыларды ана тілімізде тамашалауға мүмкіндік алды. Қазақ тілі Disney студиясының 39-шы, Sony Pictures студиясының 7-ші тілі болып отыр. Бұл бізді қуантады. Елімізде одан бөлек дубляждау ісі жақсы дамуда. Болашақта отандық туындыны әлем елдері өз тілдерінде дубляждайтын деңгейге жетуіміз керек, – деді қала әкімі.
«BI Group» компаниясының демеушілігімен жарыққа шыққан фильмді шымкенттік көрермен жылы қабылдады. Бұл – Disney студиясының 1998 жылы шыққан «Мулан» анимациялық мультфильмінің бейімделген нұсқасы. Кино әскер қатарына қосылған Хуа Мулан есімді әйел сарбаз туралы Қытай аңызына негізделіп түсірілген.
Кейіпкерді Айгүл Иманбаева мен Жәнел Мақажан секілді белгілі актрисалар дыбыстады. Жоғары сапалы дубляж, тартымды да әсерлі көрініс көпшілікті бірден баурап алғандай. Әлемге танымал қазақстандық «Nomad Stunts» халықаралық каскадерлар тобының трюк қоюшысы
Жайдарбек Күнғожиев пен оның командасы мықты өнер көрсеткен. Жайдарбек арландар жасағының қолбасшысы рөлін, ал оның тобы Джейсон Скотт Ли сомдаған Бөрі ханның таңдаулы жауынгерлер отрядын ойнады.
Дубляж режиссері Ордабай Шахмұраттың айтуынша, дыбыстауға шамамен бір жарым айдай уақыт кеткен. Кастинг, мәтінді аудару жұмысы 40 күнде аяқталыпты. Режиссер көрерменнің кез келген шетелдік туындыны орыс, ағылшын тілдерінен бөлек, қазақ тілінде тамашалауға құқы бар екенін алға тартты.
Голливуд фильмдерін қазақ тіліне көркем дубляждау жобасын «Болашақ» корпоративтік қоры «Меломан» компаниясымен бірге 2011 жылдан бері жүзеге асырып келеді.
– Жоба қазақ көрерменіне сапалы кинотеатралды континетке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Балалар да сүйікті анимациялық фильмдерін ана тілінде тамашалай алады. Біз барынша тіліміздің тазалығын, оның алуан қырын музыкалық құралдармен әрлей отырып, көрсетуге тырыстық. Әзірге фильм еліміздің 4 қаласында көрсетілуде, – дейді «Болашақ» қорының қамқоршылар кеңесінің төрайымы Динара Шәйжүнісова.
Айта кетейік, «Мулан» фильмін үйден шықпай-ақ қазақ тілінде ivi онлайн-кинотеатрында да көруге болады.

podezd-video

Таяуда Шымкенттегі көпқабатты үйдің кіреберісінде болған жағдай елдің жағасын ұстатты.

Қылмыстық оқиғаның бейнежазбасы республикалық бұқаралық ақпарат құралдары мен телеарналарда, әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті. 70 жастағы әжейдің өміріне қауіп төндірген ер адамның ісі көпшілікті бей-жай қалдырған жоқ. Бірақ, зейнеткерге тұтқиылдан шабуыл жасаған адамның арам пиғылы іске аспады. Подъезге соңынан ілесе кірген ер адамның қарияға қол жұмсап, қылғындырып, жерге сұлатқаны, жәбірленушінің орнынан тұрмақ болғаны, күдіктінің әрекеті – бәрі-бәрі бейнебақылау камерасына анық түсіп қалған. Сол сәтте жоғары қабаттан түсіп келе жатқан адамдардың аяқ дыбысын естіп, қаскөй сыртқа қашып шығады. Осылайша түнгі оқыс жағдай желісі осы жерден кілт үзіледі. Сол мезетте Еңбекші аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне шұғыл қоңырау түседі. Шақыртуда қарт адамға көмек қажет екені хабарланады. Көрсетілген мекенжайға жедел тергеу тобы шұғыл жеткен. Анықталғандай, белгісіз біреу 1950 жылы туған әйелге зорлық жасамақ болған. Полицейлер қылмыскердің түр-әлпетін суретке түсіріп, бақылау камерасындағы жазбаның көмегімен ізіне түседі. Күдіктіні ұстауға полиция департаментінің жеке құрамы жұмылдырылады. Учаскелік инспекторлар өздеріне берілген аумақтардағы жалдамалы пәтерлерді қалдырмастан түгел тексереді.
Ал азғынның әрекеті кейуананың құтын қашырды. Қан-сөлі қашқан жанға жедел медициналық көмек көрсетіледі. Жан ұшырар жағдай сол маңдағы үлкен-кішінің үрейін ұшырды.
Айта кетейік, биылғы 16 қарашадан бастап Шымкентте «Қазақтелеком» АҚ-ның 2462 бейнебақылау камерасы көпқабатты үйлердің кіреберісі мен пәтерлердің есіктеріне қойылды. Барлығы қалалық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Қанатқақты жоба көп күттірмей нәтиже көрсетті. Бұрын қылмыстың ізін ашу қиындық тудыратын. Кінәліні табу қамырдан қыл суырғандай еді. Ал бұл жолы қаланы күнделікті алақанындай түгел көретін қырағы қызметкерлер алғырлық танытты. Дер кезінде қылмысты ушықтырмай тоқтатып, күдіктінің қиындықсыз табылуына мұрындық болды.
Жалпы, Шымкентте 1 ай, 6 күн ішінде камералар арқылы 4 қылмыстың ізі суымай ашылды. Егер бейнекамералар алдағы уақытта көбейетін болса, криминогендік жағдайдың жақсаратыны сөзсіз. Мұны қалалық полиция департаменті жедел басқару орталығы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қайрат
Болатбеков те растайды. Оның сөзінше, аз ғана уақыт ішінде ұрлық – 54,8, пәтер ұрлығы 74,5 пайызға азайған көрінеді. Нөлдік төзімділік қағидасы бойынша 758 әкімшілік-құқық бұзушылық анықталып, шаралар қабылданған.
Не керек, бейнекамераға түскен күдіктінің ұсталғанын ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Нұрділдә Ораз хабарлады. Күдікті 1985 жылы туған азамат болып шықты. Бұған дейін оның ауыр қылмыс жасап, сотталғаны анықталды. Ал бұл жолы жәбірленушіге шабуыл жасағанымен қоймай, қалтасынан 8000 теңгені ұрлап кеткен. Қазіргі таңда айыпталушы кінәсін толық мойындап, қалалық уақытша ұстау абақтысында отыр. Нұрділда Ораздың айтуынша, Қылмыстық кодекстің тонау және зорлауға оқталу бабы бойынша тергеу амалдары басталған. Егер қылмыстық әрекеттері дәлелденсе, оның 8 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

 

Жаңа үй 2

Шымкенттегі №95 жалпы орта мектеп мұғалімі Алматыдағы «Хан Тәңірі» тұрғын үй кешенінен бір бөлмелі пәтер ұтты. Halyk Bank пәтерлерін ойнатудың екінші кезеңінде оған осындай қуаныш бұйырды. Күтпеген жерден баспанаға қол жеткізген психологтың қуанышында шек жоқ. Үш баланың әкесі Әлімжан Оразовтың жеңісіне шымқалалықтар ортақ. Көпшілікті оның аяқ астынан қалай пәтерлі болғаны қызықтырады. Кейіпкеріміз бұл туралы қаз-қалпында айтып берді.

Қазан айында Әлімжан Үлгібайұлы «Opel Vectra» көлігін жаңартқысы келген екен. Сол мақсатта Halyk Bank-тің 20-бөлімшесіне барып, автонесие алады. Банк қызметкерлері оған Алматы қаласында үй ойнатылып жатқанын айтып, қатысу шарттарын түсіндіреді. Бірақ мұғалім оған аса мән бермейді.
27 қарашада Әлімжан Оразов жаңа көлігі «Нексиямен» кептелісте тұрған. Сол сәтте оған банктен қоңырау шалып, тікелей эфирде екенін, Алматыдан пәтер ұтып алғанын айтып құттықтайды. Аяқ астынан асып-сасқан психолог алғашқыда бұған сенбейді. Эфирде екеніне де мән бермейді. Тек «құтты болсын» деп, телефон тұтқасын қоя салады. Артынша әріптесі педагог-психолог Клара Ибрагимова хабарласып, «пәтер ұтып алыпсың, тікелей эфирден даусыңды естіп, таныдым» деп жаңалығымен бөліседі. Әлімжан сонда ғана көлігін тоқтатып, эфирге қайта қосылғысы келеді. Бірақ уақыт бітіп қалған еді. Іле-шала банктің басшысы да қоңырау соғып, жеңісімен құттықтайды. Несие алған бөлімшеге жеке куәлігімен бару қажеттігін ескертеді. Сонда ғана Әлімжан Үлгібайұлы жаңа пәтер ұтып алғанына көз жеткізеді. Не керек, бақыттан басы айналған отбасы ағайын-туыспен бірге жаңа пәтерді көруге Алматыға аттанады. Өң мен түстей салтанатты түрде су жаңа пәтердің кілті мен құжаттарын алады.
– Алматыда баспанам болады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Тұрғылықты жерді ауыстырып, басқа қалаға көшемін деген жоспарым да болмаған. Банк менеджерлері автоматты түрде ұтыс ойынына қатыса алатынымды айтқанда да, ден қоймағанмын. Өйткені Halyk Bank-тің менен басқа да клиенті көп қой. Дегенмен, Алланың ұлылығында шек жоқ. Ұтысқа тігілген үш пәтердің бірінің қожайыны атандым. Жаңа үйім балаларыма қалады. Себебі, өмірімдегі бірінші жеңіспен алған баспанам бәрімізге ыстық, - дейді кейіпкеріміз.
«Сабақты ине сәтімен» деген осы шығар. Енді жеңімпаз мұғалімнің жаңа көлігі мен үйі бар. Ол клиенттерге, қазақстандықтарға осындай мүмкіндікті қалт жібермей, пайдалануға кеңес береді. Банк менеджерлері науқанға қатысу 20 желтоқсанға дейін Halyk Bank-тен 50% жеңілдікпен немесе 24 айға дейін артық төлемсіз бөліп төлеуге зат сатып алсаңыз, жеткілікті екенін айтады.

 DSC0274

Шымкенттің атауы егемендіктің елең-алаңында-ақ қазақшаланды. Тіл жанашырлары оның атын өзгертуді 1990 жылдың басында ұсынды. Алайда, Чимкенттің Шымкентке айналуы оңай болған жоқ. Бұл жерде ұлтжанды азаматтардың белсенділігі мен табандылығы маңызды рөл ойнады.

Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қала жайында мәлімет көп. Тарихшылардың деректері қаншама?! «Бау-бақшалы», «жасыл», «шыммен қоршалған» деген ұғымды беретін шаһардың шежіресі әріде жатыр. Құтты мекен әу бастан ғасырларға созылған тарихи оқиғаларды бастан кешті. Бірнеше басқыншылардың жойқын шабуылдарын өткерді. Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірдің қол астында болды. Жоңғар шапқыншыларына тоналды. Шымкентті билеу жолындағы Қоқан мен Бұқар хандықтарының күресі тарихтан мәлім. Өткен ғасырда Қоқан әскері қаланы әскери қамал ретінде пайдаланды. 1864 жылы басынан бұлт арылмаған өлкеге орыс әскері шабуыл жасады. Чимкент 1865 жылы Түркістан облысының құрамына кіріп, 1867 жылдан Сырдария облысына қарасты Түркістан генерал-губернаторлығына қарайтын уезд болды. 1914 жылы орыс патшасының әмірімен қала Черняев атанады. Кеңес үкіметі орнаған соң, 1922 жылы 7 маусымда қайтадан Чимкент атауына ауысты. 1932 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы құрылып, орталығы Чимкент болып белгіленді. Тіл жанашыры Қабыл Дүйсенбидің айтуынша, кеңес дәуірінде де ономастикалық отаршылдық тоқтаған жоқ. Қаладағы атаулар үлкен бұрмалауларға ұшырады. Шаһардағы көшелер мен даңғылдарға Қазақстанға қатысы жоқ адамдар есімдерінің жаппай берілуі ұлтжанды азаматтарды қамықтырды. Содан 1990 жылы олар қалаға жер-су атауларын қайтаруға білек сыбана кіріседі. Зиялы қауым мен «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері аудан, көше, даңғылдардың атауын қазақшалауға аянбай күш салып, нақты нәтижеге қол жеткізеді. «Қазақ тілі» қоғамының ұсыныстарын қалалық халық депутаттары Кеңесінің төрағасы, ақын Қуаныш Төлеметов қолдайды.

 

 DSC0324


– 1991 жылы 22 қарашада қалалық халық депутаттары Кеңесінің сессиясы өтетін болды. Бұдан екі күн бұрын
Қ.Төлеметов атқару комитетінің кіші мәжіліс залына тіл жанашырларын жинайды. Содан ол «сессияда облыс орталығының атауын өзгерту туралы мәселе көтеремін. Бірақ бұған қарсылық көп болады (ол кезде қаладағы 100 депутаттың 80-і өзге ұлттың өкілдері тұғын). Сондықтан сессияда босқа шулап, даурықпаңдар!» деп ескертті. Сессияда Чимкентті Шымкент деп өзгерту туралы ұсынысты талқылау 2 сағатқа созылды. Этнос өкілдері «Шымкент деп қазақшаға өзгертсек, орыс тілінің орфографиялық ережесі бұзылады» деді. Бірақ төраға Қ.Төлеметов алған бетінен қайтпады. «Мысалы, біз Москваны қазақшалап, – Мәскеу, Омскіні – Омбы, Саратовты – Сарытау, Оренбургты – Орынбор демейміз ғой. Өйткені, олар Россияның қалалары. Сондықтан Шымкент те қазақша айтылып, қазақша жазылуы тиіс!» деді.
Қ.Дүйсенби Фото жұмыстаОсы сөзден кейін зал сілтідей тынып, шыбынның ызыңы ғана естілетін үнсіздік орнады. Содан кейін қарсылық танытқандар төрағаның уәжімен келісті. Осылайша, Қ.Төлеметов бұл мәселені қамырдан қыл суырғандай шешкен еді. Десек те, қала атауының екі әрпін өзгерту екі жылға созылды. Ақыр соңында, тынымсыз жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде, ҚР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының (Президиуымының) 1992 жылғы 8 қыркүйектегі Қаулысымен Чимкент атауының транскрипциясы Шымкент болып нақтыланды, – дейді Қабыл Дүйсенби.
Иә, тарихи оқиғалардың куәсі болған Шымкенттің 2200 жылдығы 2017 жылы аталып өтпек болған. Бірақ оның көне қала екенін ЮНЕСКО-ға дәлелдеу қажет болды. Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институт директоры Бауыржан Байтанаев «Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар қала» екенін дәлелдейді. Оған қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер айғақ еді. Сонымен биыл мегаполис «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атанып, 2200 жылдығын бірге атап өтті. Кең ауқымда болмаса да, мәртебелі эстафетаны Душанбе қаласына салтанатты түрде табыстады. Жыл басынан бері мәдени іс-шаралар өтті, онлайны, офлайны бар. Бірақ, әттеген-айымыз да жоқ емес. Қаншама қанды қырғын мен жорықты өткерген шаһардың тарихын әрі қарай толықтыратын танымдық кітаптар жарық көрмеді. Өткен дәуірін саралап, сараптайтын жылы дүние де жазылмады. Кешегі Чимкент пен бүгінгі Шымкенттің шежіресі әлі де толықтыруды қажет етеді.
Баршагүл апай– Мерейтойы өткенімен туған өлке тарихы шаралардың тасасында қалып қойғандай. Бейнеролик түсірілу керек еді. Ескі қалалардың орнында археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерін де халыққа көрсеткен дұрыс. Мұнан бөлек, қаланың ескі қалашығындағы XIX ғасырдағы мешіт сол қалпы тұр. Рысқұлов пен Қонаев бойындағы тарихи орын да сақталмады. Тіпті ол жердің маңыздылығын ешкім ескерген жоқ. Осылай жалғаса берсе, Троя қаласындай тарихи орындардан айырылып қалмасымызға кім кепіл?! Қаланың тарихы деп көбісін жаңалап жатыр. Шын мәнінде рухани жаңғыру жалаң ұранға айналып барады. Әлі де анықтауды қажет ететін, ескерусіз қалған орындар көп. Сондықтан Шымкентке сай жоба жасалғаны жөн. Егер осындай жұмыстар қолға алынатын болса, қолдауға дайынбыз, – дейді Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Баршагүл Исабек.
Ғалым пікірі құптарлық. Үшінші мегаполистің тарихы жас ұрпаққа насихатталуы тиіс. Шымқаланың атаулары жөнінде деректері, ономастикасы, географиясы, тарихы жөнінде әдістемелік құрал немесе ғылыми монография шығару қажет-ақ. Себебі, ғалымдар мен тарихшылардың идеясы айтылған жерде ескерусіз қалып қоюда. Шындығында биылғы мәдени астана жылы және 2200 жылдық мерейтойда не жасалды, не қолға алынды дегенде айтуға, көрсетуге тұрарлық еңбек бар ма? Мәселе осында...

 

1591976364 news b

Елімізде карантин шектеулері жеңілдетіліп жатқанда кинотеатрлар ашылмақ болған. 13 наурыздан бері есігі жабылған олардың «тамырына» қан жүгіреді деп күтілген. Сөйтіп, 26 қазаннан залдағы орындардың 30 пайызы толатындай көрермен қабылдап, қызметін бастауы тиіс еді.
Коронавируспен күрес жөніндегі үкіметаралық комиссия шешімі күшіне енгенімен, Атырау мен Ақтаудан басқасында қозғалыс жоқ. Шаруасы шатқаяқтаған кинопрокат саласы енді қайта жабылуы мүмкін.

Статистикаға сүйенсек, пандемияға дейін Қазақстанда 92 кинотеатр жұмыс істеді. Бірақ 8 ай ішінде оның жетеуі банкрот болды. Індеттің залалын еңсере алмаған кейбіреуінің қаржылық шығыны алаңдатарлық халге жетті. Ал Шымкенттегі 5 кинотеатрдың иелері бизнестерінің неге бұғауланғанын түсінбей дал. Олар жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты төлеуден, зейнетақы төлемдерінен босатылғанымен, бұл ғимарат күтімі мен күзетінің, коммуналды қызмет шығынын жаппайды дейді.
– Шымкент «жасыл» аймақтағы өңірдің қатарында болғанымен, жұмысымызды бастай алмадық. Себебін білу үшін қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарласқан едік. Олар эпидемиологтың ұйғарымы керек екенін айтты. Бұған қоса қала әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап, хат жолдадық. Ұжымдағы 44 адам 8 айдан бері тұрақты айлық табысынан айрылды. Олардың әрқайсысының отбасы, төленбеген несиесі, қайтарылмаған қарызы бар, – дейді CINEMAX кинотеатрлар желісінің әкімшісі Арина Кайдалова.
Кәсібі тоқыраған салада кадр қалмай барады. Кинотеатрлар желісінің директоры
Еркебұлан Рахметтің сөзінше, бірнеше миллионға сатып алынған құрал-жабдықтармен жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келмейді.
– Әсіресе, ІТ мамандары мен киномеханиктер. Оларды үйретуге ұзақ уақыт керек. Ең қажет қызметкерлерден айрылып қалуымыз мүмкін, – дейді ол.
Кинопрокат саласының өкілдері үкімет ұстанымын түсіне алар емес. Қазақстан бойынша кинотеатрлардың 10-13 миллиард теңге шамасында зардап шеккені туралы ақпарат желдей есіп тұр. Алайда Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков бұл бағытта жұмыс басталса, эпидемиялық жағдай қайта ушығуы мүмкін екенін алға тартады.
– Аймақтардағы ахуал онша емес. Халықты жинап жүргенде ауру асқынбасына кепілдік жоқ. Індеттің бірінші толқынының зардабы қандай ауыр болғанын білесіздер. Қаншама адам ауырып, көз жұмды. Салада көптеген адам еңбек етеді, білемін. Бәрі отбасын асырауы керек. Көбісінің несиесі бар. Бірақ қиын кезде халыққа қиянат жасай алмаймыз. Олардың өтініші мен ұсынысын орындаймыз деп эпидахуалды қиындатуға болмайды, – дейді ол.
Басшысының сөзінің жаны бар. Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің басшысы Майра Каракулованың сөзінше, Шымкент «жасыл» аймақта болғанымен, қауіп-қатер сейілген жоқ. Коронавирус пен вирусты пневмонияның тіркелуі тоқтамай тұр. Сондықтан, қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сай, кинотеатрлардың жұмысына 7 желтоқсанға дейін рұқсат жоқ.
Соған қарамастан мұндай орындар санитарлық талаптарға сай керек-жарағын қамдап, дайын отыр. Көрермендер залын сәулемен залалсыздандыру үшін кварц шамы орнатылған. Орындықтар да бір-бірінен алшақ. Антисептик, қорғаныш киімдері де жеткілікті көрінеді. Алайда сала мамандарының айтуынша, «Шымкент -Плаза» орталығындағы CINEMAX кинотеатрынан басқасында санитарлық ережелер талапқа сай болмаған.
Осылайша COVID-19 бизнес саласын, әсіресе, кинопрокат желісін тығырықты тұсқа тіреп тұр. Негізінен кішігірім кинотеатрлар қауіпті аймақта тұрғаны жасырын емес. Бүгінгідей қатал сынға қалт-құлт еткен бұл мәдени орынның қайсысы шыдас беретіні белгісіз. Егер індеттің екінші толқыны келсе, бұл саланың есігіндегі құлыптың таяуда алынбайтыны анық.

Страница 5 из 45