«Менің екінші отбасым»

Пятница, 09 Июнь 2017 05:54

немесе еңбек елеусіз қалмайды

2photo

Шымкенттегі «Алькамед» ЖШС-нің 50-ге жуық қызметкері ұйымшыл отбасы сияқты. Интернационал әрі жоғары білікті ұжым мүшелері бір-бірін ерекше құрметтейді. Сондай-ақ өздері еңбек ететін, 2016 жылдың ұлттық бизнес-рейтингі бойынша даму қарқыны жағынан Қазақстан кәсіпорындары арасында «Сала үздігі» атанған компанияны мақтан тұтады. Ал «Алькамед» компаниясының құрылғанына небәрі төрт жыл болды.

– Бүгінде компания медициналық құрал-жабдықтар мен шығыс материалдарын, дәрілік өнімдер, емдеу мекемелеріне арнап жиһаздар шығарады. Ресей, Беларусь, Оңтүстік Корея және Қазақстандағы медициналық жабдық өндірушілер – біздің серіктестеріміз. Шымкент қаласы мен облыс бойынша «Алькамед» дәріханалар желісі құрылды. Екі жыл бұрын компания жиһаз шығаратын цех құрды. Бізде денсаулық сақтау, білім мекемелеріне қажетті дүниелер шығарылады. Компанияның еншілес ұйымдары бар. Негізі оны құрған бас директоры Қанат Сарбасов компанияны холдинг пен корпорацияға айналдыруды жоспарлап отыр. Ұлттық медициналық жабдық өндіруші мәртебесін алуды да ойлайды. 

Компания құрылған кезде бұл туралы ешкім білген де жоқ. «Біз шағын ұсыныстарды жүзеге асырудан бастадық. Баға саясатындағы тартымдылық пен шапшаңдыққа көңіл бөлдік. Өзім басшы ретінде адамдармен жұмыс істей алатын, оларды іскер серіктеске айналдыра білетін жоғары кәсіби білікті топ-менеджерлерге басымдық бердім», – дейді Қанат Жолбарысұлы. Ол бір орыннан жылжымау – жеңіліс деп есептейді. Ал кімнің қолында ақпарат бар, сол әлемді билейді. «Сондықтан біздің мамандар жаңа өндірушілер, тасымалдаушылар, мүмкіндігі жоғары серіктестер, саладағы барлық инновация туралы біліп отыру үшін үнемі әлем ахуалын назарда ұстайды, - деп тәжірибесімен бөлісті ол.

 IMG 7593

Тәуекел. Тәртіп. Табыс.

– Бүгінде «гугл» не «яндексте біздің компания медициналық жабдықтармен айналысушы фирмалар арасында көп ізделгендердің көшін бастап тұр. Сайтымызға жүгінушілер де көп. Біз ұдайы Алматы, Астана, Дубайда өткен көрмелерге қатысып тұрамыз. Сол жерде жаңа технологиялар туралы білеміз, жаңа тасымалдаушылар, сатып алушылар іздейміз. Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін көтеру маңызды. Оларды біз алыс-жақын шетелдерге жіберіп, оқытып жүрміз. Біраз танылған соң енді басқа да бағыттарда жұмыс істей аламыз. Нысандарды жиһаз, жабдықтармен қамтамасыз етуші ретінде біздің ЖШС-ні жиі таңдайтыны қуантады. Бұл баға саясатындағы оң қадамымыз болса керек. Бізбен бір мәрте байланыс құрған компаниялар кейін тұрақты тұтынушымызға айналады. Ал біздің үздіктер қатарынан көрінуімізге бірден-бір себеп – заңды міндеттемелерді толық әрі уақытылы орындауымызда».

Кадр бәрін шешеді. Әрине, әрбір қызметкердің өзіне жүктелген функционалды міндеттемесі бар. Дегенмен, егер жақсы жоба және тығыз уақыт берілсе, оны біз асар әдісімен ауызбірлікпен атқарамыз. Менің қарамағымдағы қызметкерлердің ұйымшыл болуының себебі – мен олардың әрқайсысын құрметтеймін, бес саусағымдай білемін. Бәріміздің илеп жүргеніміз – бір терінің пұшпағы. Уақытымыздың көп бөлігін бірге өткіземіз. Сондықтан ұжым – үлкен отбасы. Біз мерекені бірге атап өтеміз, бір-бірімізді ерекше ықыласпен туған күнімізбен құттықтаймыз. Басына іс түскен әріптес болса, міндетті түрде көмек беріледі. Адам үйінде, жеке өмірінде ештеңеге алаңдамаса, ісі алға басады емес пе?! Біздің қызметкерлер асханадан компания есебінен, тегін тамақтанады. Оларға іссапар шығыны, іскерлік келісімдерді ұялы телефон арқылы жүргізгенінің ақысы төленеді. Ал жақсы жұмыс істегендерге үстеме ақы беріледі. Жалақы да жоғары.

 

Арқалағаны алғыс

«Жаңадан кәсіп бастаушыларға айтарым, егер табысты компания құрғың келсе, мамандарға бар жағдайды жасау керек. Сол кезде олар бар ынтасымен жұмыс істейді. Айтпақшы, банк займына қатысты кеңес: сіздің бизнес-жоспарыңызда қандай қаржы қажет делінсе, дәл сол мөлшерде алыңыз. Өйткені ақша тез жұмсалады. Ал оның орнын толтыру оңай емес. Тек дұрыс экономикалық есептеулер ғана шығыннан құтылып, табысты болуға жол ашады. Сондықтан бизнесте ақшадан бұрын адами капитал маңызды. «Жетістікке жету үшін адам мақсатына қарай күмәнсіз әрі тоқтаусыз қадам баса беруі тиіс», – дейді Қ.Сарбасов.

– Ал егер күмән туған болса, онда кіріспей қоя тұр. Мемлекет басшысы көп ұзамай шағын және орта бизнес Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күші болатынын атап өтті. Осы орайда Оңтүстік кәсіпкерлері мемлекет, әкімдік және мемлекеттік органдардың қолдауын көріп келеді. Бүгінде біздің мекеме алдына айқын мақсат қойып отыр. Біз өзіміз үшін ғана емес, барлық отандасымыздың игілігі жолында жұмыс істеудеміз. Өйткені медициналық жабдықтар, дәрілік өнімдер адам өмірін құтқарады. Осындай игі іске атсалысып жүргенімізге қуаныштымыз». 

«Алькамед» компаниясының қызметкерлері істеріне адал. Шымкенттіктерге, жалпы қазақстандықтарға арналған еңбекті бағалайды, бір-бірін сыйлап, құрметтейді. Осыған қарап халық бірлігі мемлекет деңгейінде ғана емес, тұрмыстық деңгейде де көрініс табатынын, ол біздің күнделікті өмірімізді айшықтайтынын ұғамыз.

Мал бағу – ата кәсіп. Жыл өткен сайын атакәсіпті жалғастырып, төрт түліктен ризық-несібе айырған кәсіпкерлер көбейіп келеді. Солардың қатарында шымкенттік Махмуд Мильдоходжаев та бар. Істің көзін тапқан кәсіпкер қазір шаруасын дөңгелентіп отыр.

DSC 7934

Махмут ағай өз кәсібін бірнеше жыл бұрын асыл тұқымды қой өсіруден бастады. Кейін «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген несие алып, өрісін ірі қарамен толықтырды. Бүгінде отбасымен мал шаруашылығына білек сыбана кіріскен Махмуд Сайдғанұлының қорасында 60-тан астам ірі қара бар. Жуырда олардың қатары 6 асыл тұқымды сиырмен толықты. Бұл – сүтті, етті бағыттағы тұқым. Сауын сиырының орташа салмағы – 550-650 келіні құрайды. Бордақылауға тәуір, тез көтеріледі. Күніне 1 келі салмақ қоса алады. Таза ет шығымы – 60-65 пайыз. Жылына әр сиыр 3 тоннадан астам сүт беруге қауқарлы. Бүгінде Махмуд ағай күні-түні ірі қара шаруашылығын ірілендіру жолында тер төгуде. Ал сауын сиырларынан күніне 150 литр сүт алады. 4 балабақшаны сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. 

Шаруа қожалығын құруда зейнеткерге Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жасаған жұмысы кәдеге асты. Сол саладағы қызметте бойына дарыған тәртіп пен ұқыптылық шаруа жайын айтарлықтай ширатты. 

DSC 7966

– Қазір әлемде аграрлық салаға сұраныс артты. Сондықтан да Елбасы ауылшаруашылығын дамытуға ерекше ден қойып отыр. Оңтүстік ауылшаруашылығын өркендетуге өте қолайлы өңір. Әсіресе, сапалы ет өнімдерін дайындап, шетел асырып экспорттауға мүмкіндік көп. Ол үшін еңбектің ебін таба білетін ерекше қабілет, күні-түні талмай қызмет ететін күш-жігер және төрт түлікті өсіруге деген ықылас болса жеткілікті. Жасыратыны жоқ, арамызда ата кәсіпті ұмыт қалдырып бара жатқандар кездеседі. Тіпті мал бағуды намыс көретіндер де кездесетінін қайтерсіз?! Біле білгенге мал ұстау береке. Мемлекеттің демеуі шаруамның дамуына жол ашты. Соның негізінде жұмыс көзін таптым. Қазір жемісін көріп отырмын. Мыңғыртып мал айдамасаң да, өз үйіңді етпен, сүтпен қамтыған дұрыс, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде Махмуд ағай малды жәй бағып отырған жоқ. Жоспарлы түрде еңбек етуде. Ал тұқымы асылды баптау тіпті қиын. Алайда Мильдоходжаевтардың отбасы еңбектен қашпайды. Асыл тұқымды малға мемлекеттен субсидия қарастырылған. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – асыл тұқымды сиырдың санын арттыру. Бұл үшін қажетті құжаттар дайындалуда. Сондықтан алдымен жемшөп қорын жасақтап алуды ойластыруда.

DSC 8013

– Мал басын көбейтуден бөлек, оның тиісті күтімін жасауды қаперден шығармау керек. Біздің кейбір шаруашылық басшылары бұл мәселеге селқос қарайды. Малды күту талаптарына баса мән бермейді. Бұл көзқарастан арылу қажет. Мәселен, мен биыл малды көбейтуді қолға алып отырмын. Тиісінше, қорасын ыңғайлап, жем-шөп қорын молынан жабдықтауға тиіспін, – дейді М. Мильдоходжаев. 

Махмуд ағай бейнеттен зейнет көріп отырған азамат. Алдағы уақытта тағы да несие алып, кәсібін ұлғайтуды жоспарлап қойыпты. Шаруа қожалығында сүттен бөлек, қаймақ, құрт, ірімшік өнімдері дайындалады. 

– Еңбек етемін деген адамға қашан да жұмыс табылады. Мал күтіміне баса мән берілсе, мол өнім алуға болады. Біз малға күнделікті клиникалық тексеру жүргізіп тұрамыз. Күніне азанда, кешке сауын сиырды назардан бір өткізіп, жайылымы мен жемін қадағалаймын. Айқын мақсат қойсаң, мол табысқа кенелесің. Енді сүт өнімдерін шығаратын цех ашып, азаматтарды жұмыспен қамту ойда бар, – дейді кәсіпкер. 

«Мал баққанға бітеді» деген қазақ. Кәсіпкердің жоспары – ауқымды, межесі – биік. 

Махмуд ағай асыл тұқымды мал санын көбейтіп, шаруашылығын өркендету арқылы өзіне де, қоғамға да пайдалы тірлік тындырып жүр.

Шымкент тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көптеген жобалар қолға алынғаны белгілі. Бүгінде қаланың түпкір-түпкірінде бейнекамералар орнатылған. Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы тиімді шара өз нәтижесін беруде. Қондырғылардың жұмысын ОҚО Ішкі істер департаментіне қарасты Жедел басқару орталығы бақылайды. Жуырда орталықтың жұмысымен танысып қайтқан едік.

kyragy-kameralar-43 1

Жедел басқару орталығы аумағы үлкен залда орналасқан. Мұнда қаз-қатар 10 оператор отыр. Оларға артылған сенім жүгі ауыр. Күні-түні полицейлер шымкенттіктердің қауіпсіздігін күзетеді. Үлкен экранда қала көшелері мен қиылыстары алақандағыдай көрінеді. Оны тәулік бойы пульт басындағы бейнебақылау операторлары тапжылмастан қадағалайды. Монитордан қаланың әрбір нүктесінде болып жатқан тыныс-тіршілік көз алдыңда. Аялдамадағы адамдар, бағдаршамның жасыл түсін күткен жолаушылар, дамылсыз ағылған көліктер... Шымкенттің қым-қуыт тірлігі қайнап жатыр. Әзірге жол ережесін бұзған жүргізуші жоқ. Күдік туғызған ұры-қарылар да байқалмайды.

Мұндағы бейнекамераны бақылаушы инспекторлар тәулік бойы жұмыс істейді. Жедел басқару орталығы бастығының орынбасары, кезекші бөлімінің бастығы Тимур Топишевтің айтуынша, қала тыныштығы қалыпты, өмір сүруге жайлы. Тәулік бойы қызмет атқаратын бейнекамералар қауіпсіздік саласының жұмысын әлдеқайда жеңілдеткен. Бүгінде қала көшелерінде 479 бейнекамера жұмыс істейді. Оның 162-сі көше қиылысында, 176-сы қоғамдық орындарда орнатылған. Соңғы уақытта бейнекамера көмегімен талай қылмыстың жолы кесілді, талай ұры қолға түсті.


Атап айтқанда, жыл басынан 167 қылмыс анықталып, 8 тонау, 6 құқықбұзушылық, 10 автокөлік ұрлығы, 2 авторлық қылмыстық оқиғалары ашылған. Себебі – бәрі бейнебақылауда. 21 055 адам әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жазаға тартылса, қоқыс тастаған 533 адам айыппұл төлеген. 13 447 жүргізуші жол ережесін бұзған. Ал күн сайын құрылғылар арқылы 150-ге жуық әкімшілік-құқықбұзушылық анықталады.

 

 



Қауырт желі

Жедел басқару орталығының тыныс-тіршілігімен танысқан соң, «102» желісінің жұмысына куә болдық. Мұнда негізінен келіп түскен қоңыраулар тіркеледі. Сонан соң, тиісті орындарға хабарланады. Полицияның қауырт желісі толық автоматтандырылған. Оператордың компьютерінде телефон соққан адамның нөмірі көрінеді. Дыбыс автоматты түрде аудиожазбаға жазылып, қажет болған жағдайда дауысты теңдестіру үшін пайдалануға болады. Желі операторлары Сулейман Ахметәлиев пен Сурия Комардирова телефон қоңырауларының сағат 14.00-ден толассыз түсетінін айтады.

kyragy-kameralar-43 2


– Түс қайта қоңырау шалатындар көбейеді. Ал жұма, сенбі күндері хабарламалар легі толастамайды. Мерекелерде мыңға жуық, ал тәулігіне 600-700 қоңырау түседі,-дейді С. Ахметәлиев. Желі операторларының айтуынша, жанұялық жанжал, телефон, көлік ұрлығы туралы мәлімет алдыңғы орында. Қас қағым сәтте қоңырау келіп түсті. «Громова көшесінің жол айырығынан ер адамды қағып кетіпті». «Қайтпас-2» шағынауданынан үй тоналды», «Кеңседе 140 мың теңге жоғалды»...Бірнеше минут ішінде түрлі оқиғалар тіркеліп жатты. Ақпаратты қабылдаған желі қызметкері Сулайман Ахметәлиев пен Сурия Комардиева тиісті орындарға хабарлап жатыр.

Түскі үзілістен кейін 102-ге хабарлаушылар саны тіптен көбейді. Қолдарына бір-бір телефон ұстаған 2 кезекші оператор келген қоңырауларға жауап беруде. Желі қызметкерлері үшін әрбір минут маңызды. Қабылданған қоңырауды олар жедел түрде инспекторларға хабарлайды. Дегенмен желі операторлары мекенжай бойынша мәселенің көп екенін айтады.

– Қоңырау шалушылар эмоциямен өзінің қайда хабарласқанын ескермейді. Ол кім? Қайдан хабарласып тұр? Ал мекенжайлар шақырту бойынша дұрыс берілмейді. Ерігіп хабарласатын адамдар да аз емес. Олар біздің әрбір минутымыздың маңызды екенін ескермейді– дейді С. Ахметәлиев. Көршілер арасындағы дау-жанжал, кісі тонау сынды хабарламалар толастаған жоқ. Таңғы сегізден кешкі алтыға дейін «102» желісі 168 қоңырау қабылдады. Осы сәтте алаяқтық бойынша ақпарат келіп түсті. Шағымданушы азаматтың әлдекім сеніміне кіріп, 35 мың теңге ақшасын алдап алған. Желі қызметкері мұны үлкен залдағы бейнебақылау операторларына хабарлады. Бірі күдікті туралы баяндап, бірі полиция бөлімшесіне мәлімдеп жатыр. Аға инспектор Дәуренбек Жандаровтың айтуынша, «102»-ге негізсіз қоңырау шалатын тұрғындар да бар. Бірі ауласына сиыр кіріп кеткенін, бірі көлік қағып кете жаздағанын хабарлайды. Тіпті Қапал батыр мен Ш. Уәлиханов көшесінде тұратын екі зейнеткер күн сайын хабарласады екен. Қазір қарияларды учаске полицейлері жатқа біледі.


 


Жүргізушілерді «тәртіпке» шақыру қиын емес

Жедел басқару орталығының сол жағында инспектор Бақытжан Айтмырзаев отыр. Бейнекамера арқылы көліктердің жол ережесін бақылайды. Жол бағытын реттейді. Ал жүргізушілер болса, инспектордан бейхабар.
Мұнан соң Бақытжан Айтмырзаев құрылғыларға түскен оқиғалардың жазбаларын көрсетті. Таңертеңнен 12 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Ірі жол апаты жоқ. Жылдамдық арттырған көліктер бір-бірімен соқтығысқан. Мониторға көз салып отырғанымызда, көз алдымызда Ауди мен Некси соғысып қалды.

Инспектор жол ережесіне немқұрайлы қарайтындардың көп екеніне қынжылысын білдірді. Жедел басқару орталығындағы полицейлер күн сайын көлік оқиғаларының сан мәрте куәсі болады. Алайда инспекторлар өз қызметін мінсіз атқаруға тырысады. Жұмыс ауыр болса да, ару қыздар да ерлерше еңбек етеді. Жұмысына тиянақтылығын, өз мамандығына деген сүйіспеншілігін көргенде сүйсінесің.


Уақыт 19.00-ге таяды. Кептеліс уақыты. Монитордан Тәуке хан көшесінің қиысылында жол қозғалысын реттеп тұрған жол сақшысын көрдік. Бірде оң жақ қапталды өткізуді айтса, бірде қарсы бетті жіберу керектігін ескертуде. Тұрғындар көбіне кептеліске жол сақшыларын кінәлі деп ойлайды. Алайда көше бойын бақылап тұрған бейнекамера мен инспекторларды аңғара бермейді.


Жылдан жылға қала аумағы үлкейіп, халық саны өсіп келеді. Содан болар, бейнекамералардың да қажеттілігі артып келеді. Жедел басқару орталығындағы барлық жазбалар бір ай мерзімге дейін сақталады. Ал қылмыстық оқиғалар мен құқық бұзушылықты айғақтайтын жазбалар дерекқорға жолданады. Бұл жазбаларды сот төрешілері, қорғаушылар, тергеушілер пайдалана алады. Алайда полицейлер бұрынғымен салыстырғанда жол ережесін бұзатындардың саны азайғанын, камера болғандықтан жан-жағына сақтықпен қарауды әдетке айналдырғанын айтады.

Асыл мұрамызды дәріптеген

Пятница, 02 Июнь 2017 09:14

Қазақтың тұрмыстық заттары ағаштан түйін түйген шеберлердің қолынан шыққаны мәлім. Бабадан қалған асыл мұрамызды ардақтаған жандар қолөнерді қайта жандандырып жатыр. Қазір ұлттық нақыштағы бұйымдар брендке айналған. Бүгінде Ұлжалғас Алибаеваның сапалы дүниелері көпшіліктің ризашылығына бөленіп жүр. Кәсіпкер бізбен өз кәсібінің қыр-сырымен бөліскен еді.

asyl-muramyzdy-dariptegen-43

Талпыныс табысқа жеткізеді

Бастапқыда шахмат, дойбы, нар тақтайларын жасаудан бастадық. Бұл заттар өте ме, өтпей ме деген ой да мазалады. Бірақ адамдардың қызығушылығы жоғары болып шықты. Неге ыдыс-аяқ шығармайсыңдар деп ұсыныстарын білдіре бастады. Сөйтіп алдымен кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсіпті бастап кеттім.
Бұрын қазақтың ет тартатын астау-табағы, сүт, қымыз құятын шарасы, шөміші және ыдыс-аяғы ағаштан жасалған. Ал сыйлы, қадірлі қонағына ұсынатын ыдыс-аяқтың жөні бөлек. Бабалардан қалған мұраны кейінгі ұрпаққа жалғасам деген идея келді. Ағаш ыдыстар ыстыққа да, суыққа да төзімді. Оған ұлттық нақышты қоссаң, әдемі дүние шығады. Содан жаңа бұйымдардың пішінін сызып, жасалатын материалын іздедік. Алғашқыда жұмысты жолға қою оңай болған жоқ. Біраз ізденіп, тер төктік. Сөйтіп ет салатын астауды шығардық. Кейін қажетті материалдарды аудандардан алатын болдық.

Сапаға көңіл бөлемін

Бұл кәсіпті күнкөріс тетігі ретінде ғана қарамаймын. Өйткені сан түрін дайындайтын шеберлер көп. Мұндай дүниелер сауда орталықтарында, базарлар мен дүкендерде толып тұр. Сондықтан алдымен сапаға көңіл бөлемін. Біздің ыдыс аяқтарымыз таза ағаш өнімдерінен дайындалады. Ал қолдан соғылған дүниелер ешқашан құнын жоймайды.

Өнім түрі көп болсын

Қазақ тойшыл халық қой. Етті астаудан жеу ерекше сезім сыйлайды. Бізде кішкентай табақтан бастап 20 адамға арналған үлкен астаудың үш түрі бар. Оны «Хан астау» деп атадық. Цехта жеке тапсырыстар бойынша да алуан түрлі жұмыстар атқарылады. Ал жұмысшыларымыз ағаштың тілін тапқан тәжірибелі шеберлер. Ыдыстарымыз негізінен жаңғақ, қарағай ағаштарынан дайындалады. Ал бұйымдарға түрлі түсті бояу қолданылмайды. Өйткені ағаштың түсінен артық ештеңе жоқ.

asyl-muramyzdy-dariptegen-43Бағаны төмен қоямын

Жалпы ағаштан жасалатын ыдыс-аяққа он-он бес күндей уақыт кетеді. Өзім бұйымдардың бір-бірін қайталамауын басты назарда ұстаймын. Дегенмен, эксклюзивті ағаш бұйымдары қымбат тұрады. Оны сатып алуға екінің бірінің қолы жете бермейді. Бірақ жоғары баға қоймаймын. Бір астаудың құны 20 мың теңгеден басталып, 50-60 мың теңгеге жетеді.

Жарнаманың маңызы зор

Кәсіпкер менеджерлікті де меңгеру керек. Менің сауда орталықтарында арнайы орным жоқ. Алайда өткізілетін көрмелерге жиі қатысамын. Қазір қалалықтар ыдыстарымызды жақсы біледі. Әрі ағайын, дос-жаран арасында кеңінен таныла бастады. Үлкен тойлар мен жиындарда біздің астаумен ет беріп жатады. Біреуден біреу көріп, сатып алып жатқандар да бар. Қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болу кәсібіңді алға өрлетеді.

Бастаған ісіңді тастама

Негізінен қаламызда шеберлер өте көп. Бірақ көбісі бұл кәсіппен түбегейлі айналыса бермейді. Мен бұл жұмысты қызығушылықпен бастадым. Шеберханамызда компьютер, автоматика, станок жоқ. Бәрі қолмен жасалады. Ал санаулы құралдармен күрделі жұмыс істеуге болады.
Ұлттық өнерге тек бизнес ретінде емес, сүйіспеншілікпен қараймын.

Босаңсуға болмайды

Қандай іс бастасам да жоспармен жұмыс істеймін. Күн сайын атқаратын жұмысымның тиянақты орындалуын қадағалаймын. Ешқашан бүгінгі шаруаны ертеңге қалдырған емеспін. Ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтың түрлерін әлі де көбейткім келеді.

Өрісін тапқан «Procoffee»

Среда, 31 Май 2017 09:23

Бүгінде «Procoffee» орталығы – қалалықтардың жиі бас қосатын орны. Мұнда бір шыныаяқ кофе ішуді отбасылық дәстүрге айналдырғандар да бар.

askhat-42

coffee42Алайда Қазақстанда кофе дайындайтын кәсіп иелері аз. Асхат жастығына қарамай, түрлі салада бағын сынады. Әріптес достары да осал емес. Шетінен ізденімпаз. Қаржы жинап, кәсіп ашсам деген ойын да жүзеге асырды. Бұрыннан кофе орталығын ашсам деген қызығушылығы бизнес саласына алып келді. Алғашқыда кофе атаулары мен дайындалу жолдарын жаттау оңай болған жоқ. Қазір бар қиындық артта қалды. 

Кофе орталығында Асхаттың көмекшілері жұмыс істейді. Кофе дайындайтын машиналар тұтынушылар келмес бұрын тазаланып, қайнатуға дайындалады. Кофе дәндері ірі немесе ұсақ болмауы үшін аппаратты барристер (кофе дайындаушылар) алдын ала жөндеп қояды. Сусын тұтынушыға жеткенше көптеген қолдан өтеді. Шындығында кофе дайындайтын баристер сиқыршы сияқты әсер қалдырады. Аз-кем уақыттан соң, ғажап сусын дайын болады. 

Барлық сусындар компания стандарттары бойынша жүргізіледі. Небәрі алты айда Асхат Нұрлыбаев айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Дәмді кофе шымқалалықтарға қатты ұнайды. Ғ. Іляев көшесіндегі бойынан басталған бизнес нүктелері көбейіп келеді. 0,5 көлемді стақандағы кофенің орташа бағасы 300-350 теңге аралығында.

– Біздің келушілеріміз мектеп оқушыларынан бастап, егде жастағы адамдар. Олар көбіне капуччино мен латтені жақсы көреді. Біреулер алғашқы жұмысын тауып немесе табысты келіс сөздер жүргізеді. Орталықта достар мен отбасылар жиі кездеседі, – дейді Асхат.

Орталықта кофенің 35 түрі дайындалады. «ProПучино» сынды бірнеше түрі, салқын сусындар да бар. Ол Африка елінде өсіріліп, сосын Қытайға жөнелтіледі. Сол жақта қуырылып, зертханалық тексерістен өткен соң Қазақстанға келеді. Жас кәсіпкер өзгеше дәм ойлап тапқан. Сөйтіп кофе брендін қалыптастырды.

askhat-42-1

– Талабың мен қалауың болса бәрі қолдан келеді. Кофе ішу мәдениеті бізге енді ғана келіп жатыр. Бірақ мен батыл іске кірістім. Түріне ғана емес, сапасы мен дәміне мән бердім. Тіпті орталықтың ішкі-сыртқы дизайны мен логотипін ерекше безендірдім.Өйткені бұл тұтынушылардың назарын аударуға таптырмас мүмкіндік. Сондай-ақ қызметкерлерімнен жауапкершілік пен ісіне мұқият болуды талап етемін. Тазалық, адалдық, әділдік сынды қасиеттерді жоғары бағалаймын. Келген тұтынушыға жылы қабақ танытып, ілтипатпен шығарып салуды да басты назарда ұстаймын. Жастық жігерімді, күш-қайратымды қаланың дамуына жұмсағым келеді. Менің ойымша, кез келген кәсіпті дөңгелетіп алып кетуге болады. Сондықтан өнім сапасын жоғары, ал бағасын арзан ұсынған дұрыс,-дейді кофе брендін қалыптастырған жігіт. 

Жас кәсіпкер алдағы уақытта бес кофе нүктесін ашуды жоспарлап отыр. Табыс мол болса, Алматы мен Астана тұрғындарына да «Procoffee»- нің өнімін ұсынбақ.

Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Содан болар, күйдің күмбіріне құлақ түрмейтін жан жоқ. Тамаша әуенде өзгеше бір әлем, өмір бар. Әдемілік пен сұлулықты сезінесің. Рухтанасың, қанаттанып, жігерленесің. Бүгінде төл өнерге сүбелі үлес қосып жүргендер аз емес. Солардың бірі – Нұрсәт Бейсеқожаев. Арманын күйден іздеген оның өнерге іңкәрлігі ерекше. Ол небәрі 3-4 сыныпта алғашқы күйін шығарады. Бірақ шығарма көңіл түкпірінде сақталады. Назарларыңызға Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның директоры Нұрсәт Бейсеқожаевпен болған сұхбатты ұсынамыз.

nursat

– Нұрсәт, өткен аптада Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің сүймелдеуімен шығармашылық кешіңізді бердіңіз. Жалпы осы кеш туралы айтып берсеңіз. Неге концерттің атауын «Нұрлы жол» деп атадыңыз?

– Шығармашылық кешке бір айға жуық дайындалдық. Концертте «Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестірімен» бірге менің және інім Ғаламаттың жеке туындылары орындалды. Ал концерттің «Нұрлы жол» деп аталуының себебі бар. Менің «Нұрлы жол» атты күй-поэмам бар. Бұл шығарма, Тәуелсіздік алған жылдары Елбасымыздың табандылықпен еңбек еткен кезеңі мен еліміздің бастан кешкен ширек ғасырлық тарихын күй арқылы суреттейді.

– Кеш барысында қандай күйлер мен шығармалар орындалды? Жалпы күй қоржыныңызда қанша туынды бар?

– Шығармашылық концертімде тамаша туындыларымен қолдау көрсеткен Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне және филармонияның қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Бұл кешімізде оркестрдің орындауынан бөлек, інім Ғаламат Бейсеқожаевтың 10-ға жуық күйі орындалса, менің «Еңселі елім», «Өтеген батыр»,«Қарагер», «Нұрғали», «Үш Қоңыр», «Қосбасар», «Тарих толқынында», «Жігер», «Кішкентай», «Аңырақай шайқасы» сынды күй поэмаларым тыңдармандарға тарту етілді. Мұнан бөлек 40-тан астам күйім бар.

– Филармонияға басшылыққа келгеніңізге көп болған жоқ. Оңтүстікке келгенде қандай әсерде болдыңыз?

– Оңтүстiк – ежелден дарабоз күйші Сүгірмен танылған өңір. Мұнда шертпе күйдің негізі қаланған. Майлықожа, Мәделі жыраулардың өсиетін жырлаған жастар көп. Басқа аймақпен салыстырғанда облыс өнерімен, мәдениетімен көш ілгері тұр. Шымкенттіктер де алматылықтар сияқты өнерді жақсы көреді. Халықтың өнерге ықыласы жоғары. Ал Алматыда филармония деген ұғым басқаша. Филармония болсын, ұлттық оркестр, симфониялық және үрмелі аспаптар оркестрлері академиялық жанрды қамтиды. Мені қуантқаны, мұнда заманауи құрал жабдықтың бәрі бар. Ұжымдағы әншілердің де кәсіби деңгейі мықты. Көп дауыста ән орындау стилі жолға қойылған. Қандай іс-шара болсын әншілеріміз ортасында жүреді. Жетістігі де жетерлік. Облыстық әкімдіктің өнерге қолдауы ерекше. Мұндай қамқорлық өзге облыстарда жоқ.

– Танымал күйші болғаныңызбен, Оңтүстікте өзіңізді әлі білмейтін жұрт бар. Өзіңізді таныстырып өтсеңіз...

– Мен Алматы қаласында туып өстім. Бүгінгінің тілімен айтсам «асфальтта өскен» баламын. Бірақ жастық шағым ауылда өтті. Шымкентте жүріп, Алматыны емес, ауылды сағынамын. Ал ата-анамның музыкаға әуестігі жоқ. Әкем шаруа адамы. Бірақ өнерге деген іңкәрлік тегімізде бар. Ахмет Жұбанов Жетісу күй мектебінің атасына балаған Байсеркенің ұрпағымын. Сондықтан болар, алғашқы күйімді 3-4 сыныпта оқып жүргенімде жаздым. Бірақ үлкендерге көрсетуге ұялдым. Көңіл түкпірінде сақтадым. Ес кіріп, оң солымды тани бастағанда, анамның өмірден өтуі жаныма батты. Аяулы жанға деген сағыныш саз өнерінің сахнасына әкелді. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын композитор мамандығы бойынша аяқтадым. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрімен жұмыс істедім.

– Күйшілік дәстүріміздің бүгінгі деңгейі қалай?

– Қазақтың күйі – бабадан келе жатқан төл өнер. Рас, бір кездері үзіліп кете жаздады. Бірақ жоғалған жоқ. Әрбір аймақта төл өнердің ұлттық мектебі бар. Еуропалық классикалық музыканың дәуірі Бах, Бетховендер кезеңі 15-ғасырдан басталады. Ал Қорқыттың «Қоңыр» күйі – 7-8 ғасырлардың туындысы. Демек ұлттық өнеріміз өміршең. Қазақ күйлері экзотика емес, ғаламдық жауһарлардың қатарынан орын алса деп армандаймын. Ол үшін 70-ші жылдары Дәулеткерейдің «Құдаша думанын», Дайрабайдың «Дайрабайын» симфониялық оркестрге орындатқан Еркеғали Рахмадиевтің бастамасын жалғастыруымыз керек. Өкінішке қарай, төл өнеріміз күйдің насихаты аздау.

– Ақындар шабытты түннен іздейді. Ал күйшілер ше?

– Бізге де ақындардан кем түспейтін шабыт керек. Бірақ қай жерде келетіні белгісіз. Жол үстінде әдемі әуен құлағыңа келуі мүмкін. Кейде ойлауға да мұрша болмайтын сәттер болады. Ең алдымен адамның дарыны мен қабілетіне байланысты ғой. Біздің арғы аталарымыз өнерлі кісілер болған. Кейде шабыттан бөлек қан арқылы келген дарынды еңбекпен ұштастырып, шығарған күйлерім бар.

– Қазір домбырамен орындалатын күйлер эстрада жанрының сүйемелдеуімен орындалады. Мұны құптайсыз ба?

– Қоңыр домбырамен күй шығарып, тебіренте орындау біздің халыққа тән қасиет. Күй ноталардың жиынтығы емес қой. Техникаға басып, жүректі ұмытуға бола ма? Домбыра эстрадада дұрыс ашылмайды. Тарс-тұрс дауыстың табиғилығы болмайды. Әдемі, мөлдір сазды бере алмайды. Қазақ әндері мен иірімдеріне жететін дүние жоқ.

– Бізге белгілісі, күйдің де түрлері болады. Мысалға, шертпе, төкпе күй сынды. Сіздің жаныңызға қайсысы жақын?

– Мен үшін күй ерекше бір әлем. Оның қандай түрі болмасын бар болмысыммен сезінемін. Шертпе күй де, төкпе күй де жаныма жақын.

– Бүгінгі филармонияның тыныс-тіршілігі жөнінде не айтасыз?

– Биыл "ЭКСПО-2017" және "Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылы екені мәлім. Осыған орай, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық-аспаптар оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешовпен меморандумға қол қойдық. Жуырда Оңтүстік өңіріне Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық-аспаптар оркестрі гастрольдік сапармен келді. Екі ұжымның басты мақсаты -оркестр мүшелерінің тәжірибесін жандандыру, ұлт аспаптар оркестрі арасындағы әріптестік байланысты арттыру. Сондай-ақ Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық - аспаптар оркестрі өнер тартуын рухани астана – Түркістан қаласынан бастады. Ал концерттің жалғасы облыстағы шалғай аудандарда өтті. Сондай-ақ филармония ЭКСПО көрмесіне барып, концерт беруді жоспарлап отыр. Дәстүрлі төл өнер қазақтығымыздың, тарихымыздың күретамыры ғой. Биыл филармонияның жанынан құрылған «Сүгір» атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестріне 15 жыл. Оркестр құрамында 45-ке жуық кәсіби музыкант бар. Мерейтой қарсаңында оркестр Батыс Қазақстан, Атырау, Орал қалаларына және Талдықорғанға барып, өнер көрсетеді. Сондай-ақ «Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы" аясында шілде айында Шымкент пен Түркістанда жыр-термешілердің қатысуымен «Ұлы Дала сазы» фестивалі өтеді.

– Көрерменнен тапшылық жоқ па?

– Алматыда 40-50 адамға концерт өткізе бересің. Ал Шымкентте олай емес. Филармонияның да өз тыңдармандары бар. Қандай іс-шара болсын бәрі ерекше өтеді. Өйткені талғамы жоғары тыңдарман нені тыңдау керек екенін жақсы біледі.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Көңіл түпкіріндегі асқақ армандар қаншама?! Төл өнердің жолында жүргеніме өкінбеймін. Әйтсе де мансапты, жеке бастың қамын ойламаймын. Алдымен ұлттық өнерді насихаттасам деймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

«Бұрынғы өткен заманда, Дін мұсылман аманда, …Жиделі Байсын жерінде, Қоңырат деген елінде, Байбөрі деген бай болыпты, Төрт түлігі сай болыпты» деп өрілетін жауһар жыр үлкен-кішінің есінде шығар. Облыстық қуыршақ театрының актерлері «Алпамысты» шеберлікпен жеткізуге қызу дайындалуда.

alpamys-2

Маусым айының 5-10 күндері Түркістан, Шымкент қалаларында «Ортеке» V қуыршақ театрларының халықаралық фестивалі өтеді. Іс-шара «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында ұйымдастырылады. Облыстық қуыршақ театры ҚР еңбек сіңірген әртісі, режиссер Бекболат Пармановтың «Алпамыс» атты қойылымымен қатысады. 

Қазақ халқының ауыз әдебиетінде «Алпамыс батырдың» орны ерекше. Батырлық эпос – 1000 жылдан астам уақыт бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл мұра. 

10

– Биыл «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында іс-шаралар өтіп жатыр. Біз осыны ескере отырып, «Алпамысты» таңдап алдық. Эпос барлық түркі тілдес халықтары үшін ортақ. Аманат болып жеткен жырды жас буынға жеткізу – басты міндетіміз, – дейді облыстық қуыршақ театрының директоры Бахтияр Спанов. 

Облыстық қуыршақ театрының 34 жылдық тарихы бар десек те, жалпы Қазақстанда бұл кенже дамыған өнер. Қойылым режиссері Бекболат Парманов Алпамыстың батыр ретінде суреттелмейтінін айтады. 

alpamys-3

– Қазақ халқында Отанын соңғы демі қалғанша қорғаған батырлар көп. Соның бірі – Алпамыс. Қойылым қаһарман тұлғаның бүгінгі ұрпақ рухтастығымен әсерлі. Эпос жас буынды патриотизм рухымен сусындатады. Отансүйгіштікке баулиды, туған жерді қорғауға үйретеді, – дейді Болатбек Саттарұлы.

Көрермен халықаралық шарада түркі елдерінің қуыршақ әлемімен танысады. Фестиваль ұйымдастырушылары ұлттық қуыршақ өнерiнiң озық үлгiлерiн дәрiптеп, қайталанбас айшықтарын сақтап қалуды көздейдi. Халықаралық шараның жабылу салтанаты облыстық Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында өтеді.

Таң рауандап атып келеді. Түні бойы Мәнсия апай көз ілген жоқ. Төсегінен тұрып, үй қабырғаларына үреймен көз тастады. Бір ғасыр бұрын салынған баспананың қабырғалары ашылып, төбесі ажырап тұр. Уақытша қойылған тіреуіштерге кепілдік жоқ. Кез келген сәтте құлауы ықтимал. Зейнеткер Мәнсия Алданованың бұл үйде тұрғанына 40 жылға жуықтапты.

apatty-ui-2-41

Тозығы жеткен үйдің мәселесі жетерлік. Жылу құбыры шіріп, екі рет жарылған. Терезелері мүлдем жабылмайды. Жел болса ысқырып, азынап кететін ескі үйде тұратын зейнеткер жайбарақат отыра алмайды. Жел сілкінісі, жауын-шашын кезінде уайымы күшейіп, жанын шүберекке түйеді. Күн сайын үй басып қала ма деген қорқынышпен өмір сүреді.

 

28 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген

Түркістан көшесіндегі №14 екіқабатты үй 1936 жылы салынған. Мұнда 13 пәтер бар. Қазір қауіпті баспанада 6 отбасы тұрады. Жеті пәтерде коммерциялық нысандар орналасқан. Пәтерде тұрып жатқандардың көбісі зейнет жасындағы қариялар мен балалы отбасылар. Тозығы жеткен үй жөндеуге жарамсыз. 

apatty-ui-41

– Отбасымда 11 жан бар. 3 пәтерлі бөлмеде тұрамыз. 2015 жылы үй кезегіне тіркелдік. Бірақ қашан алатынымыз белгісіз. Апатты үй құлап, астында қаламыз ба деп қорқамын. Балаларым мен немерелерімді ойлап уайымдаймын. Уақытша тұрып, паналайтын жеріміз де жоқ. Мұнша адаммен қайда баратынымды білмеймін, – деп шағынады Мәнсия Алданова. Мұндағы тұрғындар жерге кіріп, шөгіп жатқан үйге алаңдаулы. Бірақ олардың бұдан өзге баспанасы да, көшіп баратын жері де жоқ.

Тұрғын үй инспекциясының мәліметіне сүйенсек, бүгінде қалада апатты деп танылған 2 үй бар. Олар Түркістан көшесіндегі №14 және Абай даңғылындағы №9 үй. Мұндағы жарамсыз деп танылған үйде екі тұрғын ғана тұрады. Дегенмен қауіпті үй иелері баспана кезегіне тұрған. Аудан әкімдігі мен тұрғын үй инспекциясы бөлімі тұрғынжайды босату туралы ескерту де жасаған. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі коммуналдық тұрғын үй секторының меңгерушісі Жұлдызай Ордабекованың айтуынша, 3 тұрғын үй кезегіне тіркелген. Ал жалпы апатты үйлер бойынша бүгінде 28 адам үй кезегінде тұр.

 

Көңіл түсірген қауіпті үйлер...

uiler-41Ескі үйдің иелеріне жаңа пәтер беріле ме? Бұл тұрғындардың көкейінде жүрген маңызды, өзекті сауалдар. 

Қала жылдан жылға үлкейіп, әдемі ғимараттар, көпқабатты үйлер салынып, көшелер жөнделіп жатыр. Экологиялық тазалық, технологиялық жетістік кез келген нысаннан сезіледі. Абаттандырылған аулалар, қала мен табиғаттың үйлесіміне сай тұрғын үйлер қандай?! Қараған адамның көзі тояды. Халық серуендейтін демалыс орындары мен саябақтар да көп. Бірақ әлі де Шымкент көшелерінде қауіпті үйлердің бары қынжылтады. Қауіпті баспаналардың көбісі Абай ауданы аумағында орналасқан. Мәселен екі қабатты ескі үйлер Абай, Театральная, 1 мамыр, Ш. Қалдаяқов, Кремлевская көшелерінде жиі кездеседі. Сондай-ақ Майлин, Қазыбек, Түркістан, Володарский, Тоқаев, Нұрпейісов, Жылқышиев көшелерінде ескірген үйлер бар. 

Бүгінде 1934, 1938, 1940 жылдары салынған 36 үй жөндеуге келе ме? «Хрущевка» және «ленинградтық» деп аталатын бес қабатты үйлердiң пайдалану мерзiмi өтіп кеткен. Яғни осы кезеңдерде салынған үйлердің тозығы жетіп тұр. 

– Бізге тұрғындардан өтініш көп түседі. Алайда апатты үйлердің анықталғаны жайында мәліметтер жоқ. Әзірге екі үй апатты деп танылған, – дейді қалалық тұрғын үй инспекциясының бас маманы Бақытжан Сарбасов. 

Алайда Шымкентте сейсмикалық нығайтуды қажет ететін үйлер жетерлік. Биыл қалада 6 үйге қайта нығайту жұмыстары жүргізіледі. Олар А. Асқаров көшесі №29, Б. Момышұлы көшесі №23 а , Бауыржан Момышұлы көшесі №8\8, Володарский көшесі №5, Әлімқұлов көшесі №26 және Қаратөбе тасжолындағы №34 үйлер. Ал 2016 жылы 4 үйге сейсмонығайту жұмыстары жүргізілген болатын.

DSC 0684

«Ескі үйлерді сүру» жобасы қажет

Шымкентте ескі үйде қанша халық өмір сүріп жатыр? Ол үй тұруға жарамды ма? Әлі күнге қалалық тұрғын үй инспекциясында ондай статистика жоқ. Қала әкiмдiгінің назарындағы басты жұмыстардың бiрi – ескi үйлерді жаңалау. Ол үшiн қала әкімі Ғ. Әбдірахымов «Шаңырақ» бағдарламасы жобасын әзірлеуді сала мамандарына тапсырған болатын. Бағдарлама аясында ескі, сапасыз соғылған апатты үйлер анықталуы тиіс. Егер бұл шаралар өз кезеңiмен жүзеге асса, қауіптің сейілетіні сөзсіз.

Страница 16 из 47