Мектепке дайынбыз Избранное

Среда, 17 Август 2022 04:33 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 668 раз

Жаңа оқу жылы қарсаңында ҚМДБ-ның Шымкент қаласы өкілдігі қала әкімдігімен бірлесе «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Орталық мешітте өткен іс-шарада аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына сөмке мен мектепке қажет оқу құралы берілді.

305

 

Игі іс-шараға қатысқан Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов жыл сайын өтетін бұл акцияның мақсаты балаларға қажет құрал-жабдықтар үлестірумен бірге, оларға мейірім мен қуаныш сыйлау екенін айтты.
– Дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын тауып жатыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 7 бағытта қайырымдылық бастамасын өткізіп келеді. Бұл іс-шара соның бір көрінісі. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп дана халқымыз айтып өткендей, өскелең ұрпақтың білімді, тәрбиелі болып өсуіне үлес қосу үшін осылай қуаныш пен шаттық сыйлағымыз келді. Жүрегінде мейірімі, иманы болған бала өскенде ата-анаға қамқор, елге адал қызмет етеді. Осы қайырымдылықты ұйымдастырған қала әкімдігі мен мешіт имамдарына және демеу көрсеткен азаматтарға алғыс білдіреміз, – деді шаһардың бас муфтиі.
Орталық мешітке келіп, сөмке арқалаған балалар мен олардың ата-анасының қуанышында шек жоқ. Немересінің қуанышына серік болған 64 жастағы Жұмагүл Жакипованың айтуынша, көп балалы отбасыға дәл қазір осындай көмек қажет-ақ.
– Өзім 8 бала өсірген көп балалы анамын. Келінім «Алтын алқа» иегері. Балалардың оқу құралдары мен киімін жеткізу машақатын жақсы білемін. Мектепке қажет құрал үлестіру – өте сауапты іс. Осы қайрымдылыққа жәрдем берген иманды азаматтарға көп рақмет. Жалғыз менің немерем емес, көп бала осындай сыйлыққа ие болып отыр. Бұл көп балалы отбасылар үшін дер кезінде көрсетілген көмек болды, – дейді Жұмагүл апа.
Жалпы, биыл ҚМДБ өкілдігінің ұйымдастыруымен 1000 баланы мектепке қажет құралдармен қамту жоспарланған. Бұл жолы 500 балаға оқу құралы салынған сөмке берілді. Енді қалған оқушыларға әр ауданның орталық мешіттерінде үлестіріледі.